Жемқорлық деңгейі төмен өңір
Transparency Kazakhstan үкіметтік емес халықаралық ұйымы Қазақстандағы сыбайлас жемқорлықтың жағдайына мониторинг жүргізді. 2020 жылғы зерттеу нәтижелері бойынша Шығыс Қазақстан облысы мемлекеттік органдардың қызметінде республика бойынша сыбайлас жемқорлық деңгейі төмен өңірлер тізіміне енді.
Мәселен, азаматтардың 44,5% -ы және кәсіпкерлердің 48,1% -ы облыста өткен жылы сыбайлас жемқорлықтың төмендегенін көрсеткен. Ал облыс респонденттерінің 53,6% -ы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте жәрдемдесуге дайын екендіктерін мәлімдепті.
Сауалнамаға қатысушылар сыбайлас жемқорлық туралы ұсыныс, әдетте, ведомстволар мен мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері тарапынан түсетінін айтқан. Одан кейін – азаматтардың өздері. Өткен жылы жаңа үрдіс пайда болыпты: делдалдардың үлесі 6% -ға өскен.
Азаматтар жемқорлық етек алған мемлекеттік мекемелер ретінде емханалар мен ауруханалар, полиция, салық және өртке қарсы қызмет, жер қатынастары және қала құрылысы органдары, ХҚКО, мемлекеттік балабақшалар мен жоғары оқу орындарын атаған.
Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінде осы әлеуметтік зерттеудің нәтижелерін ескере отырып, зерттеулерде көрсетілген барлық тармақтар бойынша егжей-тегжейлі жұмысты жоспарлағандарын айтты.
Кәмал Естай