Спорт

ЖАЗУШЫ ҚАБДЕШ ЖҰМАДІЛОВКЕ АРНАЛҒАН ТУРНИР

Мереке күндері Өскеменде Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, көрнекті қоғам қайраткері Қабдеш Жұмаділовті еске алуға арналған бильярд турнирі болып өтті.

Оған спорттың осы түрін ұнататын 32 үміткер қатысты. Жарыс Мәскеу пирамидасы бойынша өтті. Өмірден озғанына бір жарым жыл өткен талантты жазушыны еске алуға арналған турнирді өткізуге мұрындық болған Қазақстан Республикасы бильярд спорты федерациясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Серік Ақтанов. Реті келгенде айта кету керек, аталмыш федерация Қазақстан Республикасы бильярд спорты федерациясының президенті Аңсары Қаранеевтің ұсынысымен 2008 жылы құрылған. Бұл азаматтың елімізде бильярд спортының жандануына ерекше үлес қосқанын атап өткен орынды. Оның ұлы да таяуда Кремль кубогын ұтып алды. Осы уақытта Азияның ашық чемпионатын федерацияның Павлодар облыстық филиалының директоры Аңсар Қабиевпен бірлесіп, Серік Ақтанов ұйымдастырды.  Семейде Қазақстан чемпионаты, «Нұрлы жол» турнирі, ондаған дүбірлі жарыстар, өңірдің атақты адамдарын еске алуға турнирлер жыл сайын өтіп тұрды. Бильярд спортының бұқаралық сипат алуы нақты көрініс тапты.

Жазушыны еске алуға арналған турнирге спорт жанкүйерлері қызығушылық танытып, көптеп жиналды. Ең алдымен федерация басшысы Серік Қасымбекұлы сөз алып, Қабдеш аға туралы естелік айтты.

– Бұдан үш жыл бұрын Зайсанда Баймұрат батырға ескерткіш ашылғанда жазушы ағамыз ерекше қуанып, аудан тұрғындарын құттықтаған болатын. Алдағы уақытта турнирді республикалық деңгейге көтеру ойда бар. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел азаматтарының бос уақыттарын мәнді өткізіп, денсаулықтарының мықты болуы үшін бұқаралық спортпен тұрақты шұғылдануына назар аудару қажеттігін айтқаны белгілі. Бильярд спорты адамдардың тез шешім қабылдап, ми қабілетін арттыруына ықпал жасайды. Қазіргі кезде бильярд спортымен өңірде мыңға жуық адам шұғылданады, – деді федерация басшысы.

Сөз кезегі Алматыдан ат терлетіп келген Қабдеш ағаның жақын досы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, философия ғылымдарының докторы, профессор Ұлықпан Сыдықовқа берілді. Ұлықпан Есілханұлы турнирді өткізуге мұрындық болған федерация басшысына, ел азаматтарына алғысын білдірді. Алдағы уақытта миллиондар ұнататын спорт түрінің ауқымы кеңейетініне сенім білдірді.

– Қабаң бильярдты ерекше ұнататын. Жарысқа мұқият әзірленетін. Жазушылар бильярд десе, ішкен асын жерге қоятыны белгілі.  Бірде Жазушылар одағына қарасты  «Шығармашылық үйіне» бара қалады. Бірінші қабаттағы бильярд ойнап жатқан жазушыларға қосыла кетеді. Ұлы жазушы Ғабит Мүсірепов Қабдештің оңай шарды сала алмағанына наразы болып, «Түсіп тұрған шарды сала алмағаның не? Романды қалай жазар едің, ә»-деп әзілдепті. Енді, міне, Серік ініміздің бастамасымен Қабдеш ағаға арналып дүбірлі жарыс  өтіп жатыр. Болашақта оның деңгейі артып, республикалық, халықаралық дәреже мәртебесін алса құба-құп, – деді Ұлықпан Сыдықов.

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, «Әдебиет» баспасының директоры Ғалым Қалибекұлы жазушы туралы естеліктерімен бөлісті.

– Мен Қабаңмен жақын араластым, сегіз кітабына редактор болдым. Елі мен жерінің тағдырына алаңдаушылық білдіріп, болашақ ұрпақтың қамын күйттеген ондаған шығармалары соған дәлел. Қабдеш аға арамызда, ол кісінің шығармалары халықтың жадында, – деді Алматыдан арнайы келген Ғалым Қалибекұлы.

«Құрмет» орденінің иегері, қоғам қайраткері Түсіпхан Түсіпбеков облыс әкімінің орынбасары қызметінде жүргенде Қабдеш ағасымен бірнеше рет кездескенін, ақыл-кеңесін тыңдағанын, бүгінгі турнирдің жас ұрпаққа үлгі-өнеге екеніне тоқталды. Алматыдан келген қонақтарға ескерткіш сыйлықтар табысталды.

Жазушыға араналған турнир он сағатқа созылды. Уақыттың қалай өткенін білмей де қалдық. Арасында жиналғандар Қабаң туралы естеліктер айтты. Ән айтылды, өлең оқылды. Хош сонымен, тұңғыш рет өткізілген турнир қорытындысында Жанболат Сейітқазин жеңімпаз атанды. Оған федерация президенті Серік Қасымбекұлы арнайы диплом, ақшалай сыйлық табыстады. Екінші орынға Рүстем Қыдырбаев, екі үшінші орынға Ринат Алимов пен Владислав Цой ие болды. Олар да ақшалай сыйлықпен, дипломмен марапатталды. Түсіпхан Түсіпбеков «Жеңіске жігері үшін», ал Қайрат Әділбеков «Әдіскерліктің жоғары деңгейі үшін» белгісімен  аталып өтті.

           Оңдасын Елубай,

Қазақстанның құрметті спорт қызметкері

 

Осы айдарда

Back to top button