Тәуелсіздік тойы қарсаңында өткен «Ертістің бойы – есіл жыр» атты өлең додасының екінші кезеңіне 16 ақын өткен. Жаңа форматта ұйымдастырылған жыр сайысына отыздан астам ақын қатысып, онлайн түрде бәйгеге түсті. Абай тойының аясында ұйымдастырылған байқаудың өтуіне Шығыс Қазақстан облыстық балалар мен жас өсіпірімдер кітапханасы ұйытқы болды.
Жас ақындардың арасында өткен «Поэтикалық battle» сайысына облыстың әр өңірінен ақындар қатысып, бақ сынады. Облысымыздағы карантиндік шектеулерге байланысты жыр сайысы онлай форматта өтті.
– Басты мақсатымыз сөз сүлейлерін сахна төрінде сайыстырсақ деп ойлап едік. Облыстық «ALTAI» телеарнасы арқылы түсірілім жасап, көпшілікке көгілдір экран арқылы көрсетуді де жоспарлаған едік. Ол көрермендерге де, ақындарға қызық болар еді. Алайда ауруға байланысты онлайн өткізуге тура келді. Десе де алдағы уақытта ақындардың әртүрлі деңгейде түсірілген өлеңдерін кітапхананың әлеуметтік желісіне жариялап отырмақпыз. Сөз қадірін білетін қазылар құрамы шығарған шешім әділ болды деп ойлаймыз. Болашақта бұл байқауды дәстүрлі түрде өткізіп тұрсақ деп жоспарлап отырмыз, – дейді кітапхана қызметкері Ақерке Досанова.
Байқауға облыстық мәдениет басқармасының «Ертіс концерт» мекемесі қаржылай қолдау көрсеткен. Ақындар жыр сайысының ережесіне сай екінші кезеңде екі өлең оқыған. Оның бірі Тәуелсіздікке арналуы міндеттелген. Осылайша, еліміздің қол жеткізген жетістіктерін жырға қосу көзделген.
– Жас ақындарға қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылған жыр додасы жоғары деңгейде өтті деуге болады. Бұл сайыс барысында жаңа есімдерді таныдық. Өскемендік Шуақ Нөсерханұлы, семейлік Жақсылық Асқарбеков, Темірлан Темірбай қатарлы ақындардың арыны жақсы екен. Басқа ақындар да бір-бірінен оқ бойы озып, немесе көш жер артта қалып жатқан жоқ. Алайда бағы мен бабы қатар шапқан ақындар жүлделі орындарды жеңіп алды, – дейді қазылар алқасының мүшесі Мұратхан Кенжеханұлы.
Қазылар алқасының шешімі бойынша «Жылдың үздік жас ақыны» анықталып, жеңімпаздар бірінші, екінші, үшінші орындармен марапатталды. «Жылдың үздік жас ақыны» атағына Оразай Жеңісұлы ие болды. Екінші орынды Бағжан Елсінбекқызы еншілесе, жүлделі үшінші орынға Жасұлан Мақаев пен Тасқын Болатұлы лайық деп танылды. Барлық ақындарға ақшалай сыйақылар беріліп, қатысқаны үшін алғыс хаттар табысталды.
Қызырбек Дүргінбайұлы