Қоғам

Жарты ғасырдан соң…

«Боровое» демалыс базасында Жарма ауданына қарасты Кіші Қарасу ауылындағы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектебін 1971-1972 оқу жылында бітірген түлектер жарты ғасырдан соң бас қосып, мектеп бітірген шақтарын еске алды.

Кездесуге жиналғандар алдымен мешітке барып, о дүниелік болған ұстаздар мен достарына құран оқытты. Одан кейін  кездесу өтетін орынға жиылып,  мәз-мейрам болып, қуана қауышты.

Тілектер көл-көсір боп төгілді. 50 жыл бұрынғы әр оқушы  өз жетістігімен бөлісті. Бәрі де  ұлдарын ұясына қондырып, қыздарын қияға ұшырыпты.

Көп жыл көрмеген түлектер бір-біріне түрлі-түрлі сый-құрмет көрсетті. «1972-2022, 50 жыл» деген жазумен кружка, барыс жылының суреті салынған сувенирлер, қолөнер бұйымдары сыйға тартылды.  Кездесуді ұйымдастырған Болесова Кенжешке, Сайленова Тұрсынға, Бейсекенова Бақытқа түлектер атынан  Алғыс хат тапсырылып, Бибикүл Бекболатқызына алғыс білдірілді, ал қалада тұрғандықтан,  кездесудің бар жұмысын мойнына алған Оралхан Тілекеновқа мадақтама берілді.  Би биленді, ән салынды.         Сонымен, 13 қыз, 5 ұл, 3 күйеубала, 4 келін, сыныппен тығыз байланыстағы бір дос бас қосқан  кездесу есте қаларлықтай болды.

Көңіл қуантарлығы, бәрі де Отан үшін, ел үшін еңбек етті. Сол жылы мектеп бітіргендер, соның ішінде ұлдар шұбартаулықтардың мал шаруашылығын дамытамыз деген бастамасына үн қосып, елге пайдасын тигізді. Осындай игілікті, тәрбиелі іс-шаралар кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге бола берсін.

Жұмабақыт Рахметова, ардагер ұстаз.

Осы айдарда

Back to top button