ҚоғамТОП

Жарақаттарды емдеудің жаңа мүмкіндіктері қандай?

Травматология және ортопедия саласына қазір емдеудің жаңа әдістері енгізіліп жатыр. Мысалы, буын эндопротезі тірек-қимыл аппараты аурулары мен жарақаттарды емдеу жолындағы үлкен жетістік екенін айта кеткен жөн. Эндопротез зақымдалған буынды жасандыға ауыстыру арқылы аяқ-қолдың функцияларын қалпына келтірудің тиімді және бірден-бір жолы.

Өңірдегі медицина саласында мұндай жаңа әдістер кеңінен қолданылып жүр. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас ортопед-травматологы Сергей Карасев жарақаттарды емдеудің жаңа мүмкіндіктері мен ортопедиялық проблемалардың шешімдері, сондай-ақ оған қажетті медициналық құралдар мен конструкциялар туралы айтып берді.

 

– Заманауи ортопедияның негізгі бағыттары қандай?

 

  • Заманауи ортопедия аяқ-қолдың үлкен буындары эндопротездерінің жаңа мүмкіндіктеріне ие. Бірнеше жыл бұрын ешкім бұл туралы армандай да алмайтын, ал қазір тіпті МӘМС есебінен тегін жасалады. Буын аурулары бар науқастар үшін эндопротездеу – толыққанды өмірге оралудың жалғыз мүмкіндігі. Буындардың заманауи эндопротездері сүйекке берік орнатылады және ұзақ уақыт бойы пайдалануға жарамды.

 

– Буындарды эндопротездеу дегеніміз не және ота алдында неге «оң» және «қарсы» жақтарын мұқият зерделеу керек?

 

– Эндопротездеу – тірек-қимыл аппараты ауруларын хирургиялық емдеудің ең заманауи әдістерінің бірі, онда буынды құрайтын патологиялық өзгерген құрылымдар сау буынның анатомиялық пішіні сияқты және барлық қозғалысты орындауға мүмкіндік беретін жасанды протездермен ауыстырылады. Облыста жыл сайын орта есеппен 800-ге жуық осындай операция жасалады. Облыста жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету шеңберінде эндопротездеуді №4 қалалық аурухананың ортопедия және травматология бөлімшесінде және ШҚ облыстық ауруханасында жасайды.

Өткен 2023 жылы Өскемен қаласы №4 ауруханасы бөлімшесінің базасында ғана біз 327 буын эндопротездеуді және 5 жоғары технологиялық медициналық көмек түрлерін орындадық.

 

Протездеу – науқастың өмір сүру сапасын жақсартудың өте жақсы тәсілі, бірақ оны емдеу деп санауға болмайды, бұл зақымдалған органды ауыстыру. Протез ауруды емдемейді. Бұл ағзаның ішіне орналастырылған имплант. Сондықтан бұл бөтен дене екенін әрқашан есте ұстаған жөн. Ерте ме, кеш пе, ағза эндопротезді қабылдамауы мүмкін. Сондықтан протездеуге өте байыпты қарап, онсыз мүмкін болмаған кезде ғана жасалуы керек.

 

– Біздің аймақ үшін «жаңалық» болып саналатын операцияға тоқталып өтсеңіз?

 

– Жақында ғана бізде 72 жастағы науқас, Ұлан ауданы Айыртау ауылының тұрғыны Нина Попова болды. Шеберлік сыныбы аясында операция жасалған науқаста тізе буындарының ауыр вальгус деформациясы болған еді. Бұл кезде тізенің ішке қарай жылжуы салдарынан аяқтың пішіні қисайып, Х тәріздес көрініс береді.

Біз байланыстырылған эндопротезді орнатуды жоспарлап, тізе буынына қол жеткізуді пысықтадық. Бұл ота буындарды күрделі эндопротездеудің бірі болғандықтан, Мәскеу қаласынан келген РУДН Травматология және ортопедия кафедрасының доценті Денис Римашевскийдің қатысуымен жүргізілді. Бүгінде жағдайы жақсарып, емханадан шыққан науқас одан әрі оңалтудан өтуде.

 

– Буын ауруларының алдын алу жайлы қандай кеңес айтар едіңіз?

 

– Буындардың саулығын жас кезден сақтау қажет. Сапалы тамақтану, күнделікті гимнастика, жаман әдеттерден бас тарту және сүйектер мен буындарды сау ұстауға көмектесетін ережелерді сақтау. Сынық, буынның шығуы, созылуы сияқты травматикалық жағдайлардан, ауыр күш түсіруден аулақ болу керек және кез келген күдікті ауырсыну кезінде дәрігерге қаралған жөн.

 

Анықтама үшін айта кетсек, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының облыстық филиалы 2023 жылы МӘМС шеңберінде эндопротездеу бейіні бойынша медициналық көмек алуға 1,1 млрд теңгеден астам қаражат бөлген.

Осы айдарда

Back to top button