БілімТОП

Жаңа оқу жылының жаңалығы көп

Жадыраған жаз да бітуге таяу. Санаулы күндерден кейін мектептерде сабақ басталады. Оқушылардың бірі жаңа оқу жылын асыға күтіп жүрсе, енді бірі демалыстың бітпегенін қалайды. Қалай десек те, 1 қыркүйекте алғашқы қоңыраудың соғылары сөзсіз. Олай болса, жаңа оқу жылының жаңалығы қандай? 2022-2023 оқу жылы қандай өзгерістермен ерекшеленеді? Жаңа оқу жылына дайындық барысы қалай? Бүгін біз осы  мәселелер туралы ой қозғайтын боламыз.

Оқу жылы екі аптаға ұзарды

Биылғы жаңа оқу жылының басты жаңалығы ретінде Үкіметтің министрліктің оқу жылын екі аптаға ұзарту туралы ұсынысын қолдағанын айтуға болатын шығар. 2022-2023 жылғы оқу жылында алғашқы қоңырау 1 қыркүйекте соғылғанымен, соңғы қоңырау 25-ші мамырда емес, 31-мамырда соғылмақ. Осынау өзгеріске орай,  оқушылардың демалыс уақыты да өзгерді.  Енді мектеп оқушылары күзде  31 қазаннан 6 қарашаға дейін,  қыста  31 желтоқсаннан 8 қаңтарға дейін, көктемде 18-26 наурыз аралығында демалмақ. Яғни осыған дейінгі оқу жылы аясындағы 30 күндік демалыс 25 күнге қысқарды. Бірінші сынып оқушыларына ақпанның 6-12 аралығында қосымша демалыс қарастырылған. Жазғы демалыс 1 маусымнан 1 қыркүйекке дейін жалғасады. Оқу-ағарту министрлігі сарапшыларының айтуынша,  әлемдегі ең ұзақ каникул  Қазақстанда, яғни қазақстандық оқушылар жазда 130 күн демалады.  Ал өзге өркениетті елдерде  80-100 күннен аспайды екен. Оқу-ағарту министрлігі оқу жылының ұзартылуы күнделікті пәндерді азайтуға мүмкіндік беретінін айтады. Сөйтіп, оқу жылының ұзақтығы 1 сыныпта 35 оқу аптасын, ал 2-11 сыныптар үшін 36 оқу аптасын құрайды.

Орыс тілін 2-ші, ағылшын тілін 3-сыныптан бастап оқиды

Жаңа оқу жылының тағы бір жаңалығы – биыл қазақ тілінде білім алатын бірінші сынып оқушылары «Әліппе» мен «Ана тілін» ғана оқиды. Ал орыс тілі екінші сыныптан, ағылшын тілі үшінші сыныптан ғана оқытылады.

Шынында да, бұл мәселе қашаннан ата-аналардың, педагогтардың арасында үлкен дау-дамайға айналып келе жатқан болатын. Өзінің ана тілінің уызына әлі жарымаған балаға өзге тілді тықпалау қаншалықты дұрыс? Осы мәселеге Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясының ғалымдары біраз үңіліп, халықаралық тәжірибелерді зерттегенге ұқсайды. Нәтижесінде, 1-сынып оқушысына бір мезгілде үш тілді үйрену қиын деген шешімге келіпті. Баланың ең алдымен ана тілінде тыңдауды, оқуды, сауатты жазуды, өз ойын айтып үйренуі маңызды. Ал өзге тіл ешқайда қашпайды. Сөйтіп, биылғы жаңа оқу жылынан бастап қазақ мектептерінің 1 сынып оқушылары тек қазақ тілін, ал орыс тілінде оқытатын мектептердің 1-сынып оқушылары  тек орыс тілін оқиды. Сондай-ақ бірінші сыныптан бастап балаларды еңбекке баулу мақсатында «еңбекке баулу» және «бейнелеу өнері» пәндері енгізіледі.

Мектеп формасы өзгермейді

Биылғы жазда мектеп формасына қатысты да біраз әңгіме айтылды. Өйткені  мектеп формасы дегеніңіз ата-аналар үшін өте өзекті мәселе.  Бір үйде мектепке баратын бірнеше бала бар болса, тіпті қиын. Десе де бұл мәселенің нүктесін Оқу-ағарту министрлігінің өзі қойды. Сонымен, жаңа оқу жылында мектеп формасына қойылатын талаптар өзгеріссіз қалатын болды. Өткен жылдағыдай заңнамалық нормалар қолданылады. Яғни, оқушылар бұрын сатып алған немесе дайындаған формамен мектепке еркін келе алады.

Сонымен бірге ата-аналардан кейбір мектептерде мектеп формасына қойылатын талаптар, яғни түс, киім дизайны бойынша талаптар нақты жеткізушілерге немесе өндірушілерге сәйкес жасалғаны туралы шағымдар бар.

Осыған байланысты кейбір өңірлерде білім басқармалары ата-аналар қауымдастығы және қамқоршылық кеңестерімен келісе отырып, әр мектеп өз талаптарын қоймауы үшін өңірде бірыңғай түсті енгізуді, сол арқылы ата-аналардың таңдауына шектеу қою туралы шешім қабылдаған.

– Бұл ретте ата-аналардың назарын талаптардың өзі өзгермегеніне аударғымыз келеді. Мысалы, егер оқушы мектепке сатып алынған немесе бұрын сол мектептің Қамқоршылық кеңесі бекіткен аға-әпкелерінен қалған форманы киіп келе алады. Ата-аналардың өтініштерінен кейін  білім басқармалары қамқоршылық кеңестермен бірлесіп, облыс бойынша мектеп формасының біркелкі түсін белгілеуге шешім қабылдады. Барлығы қою көк түсті таңдады. Бірақ бұл балаларды шектемейді, яғни олар бұрыннан бар мектеп формасымен келе алады.

Облыс бойынша мектеп формасының бірыңғай түсін белгілеуге тоқтала кетсек. Бұл нақты жеткізушілерге талаптар қою тәуекелдерін барынша азайтып, қолжетімді форманы (нарықта немесе дүкенде) сатып алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ оқу жылына дейін атаулы әлеуметтік көмек алатын немесе жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, төтенше жағдайға тап болған отбасылардан шыққан 418 мың балаға көмек көрсетілетінін атап өтемін. Оларға мектеп формасы мен кеңсе тауарларын сатып алу үшін «Жалпыға міндетті білім беру» қорынан қолдау көрсетіледі, – деді  Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Гүлмира Кәрімова.

«Мектепке жол» жалғасып жатыр

Газетіміздің өткен сандарының бірінде 1 тамыздан бастап «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясының басталғанын хабарлаған болатынбыз. Биылғы акцияның ұраны – «Мектепке жол – шекарасыз жақсылық».

Қазіргі күні өңіріміздің аудандары мен қалаларында «Балаларға жақсылық сыйла», «Ауыл балаларына – мектепке сыйлықтар», «Отбасы отбасына көмектеседі: баланы мектепке жинайық» атты акциялар ұйымдастырылуда. Мысалы, осынау акция аясында Жарма ауданындағы «Тау-кен өндіру кәсіпорны» ЖШС Бақыршық орта мектебінің аз қамтылған отбасынан шыққан 161 оқушыға кеңсе тауарлары түрінде жалпы сомасы 928000 теңгенің материалдық көмегін көрсетіпті. Сондай-ақ демеушілер Зайсан ауданындағы Мукарама атындағы орта мектебінің оқушыларына  мектепке киюге арналған киімдер мен аяқ киімдер сыйлаған. Айта берсек, мұндай мысалдар жетерлік.

Жаңа оқу жылында 342 мектепте 95 мыңнан астам оқушы оқитын болса, олардың 21 мыңнан астамы жалпы оқыту қорынан қолдауға ие болып отыр. Бұл мақсатқа биыл облыстық бюджеттен 1,9 млрд. теңге мөлшерінде, оның ішінде мектеп формасы мен аяқ киім сатып алу үшін 670,0 млн. теңге қаражат қарастырылыпты.

Жалпы Amanat партиясының облыстық филиалы Өскемендегі мектептердегі көпбалалы, аз қамтылған отбасы балаларын мектеп формасымен, аяқ киіммен, оқулықпен қамтылуына мониторинг жүргізуде. Қаладағы №49, 48, 46, 6 мектептерде оқитын 1500-нан астам оқушы тегін мектеп формасымен, аяқ киіммен қамтылған. Бұл жұмыс тамыздың 25-інде аяқталады.

Жаңа оқу жылына дайынсыз ба?

Әрине, былтырмен салыстырғанда баға дегеніңіз ұшып тұр. Қымбаттамаған нәрсе жоқ. Қыл аяғы дәптер-қаламға дейін баға қосылған. Бірақ бәрібір баланы мектепке дайындау керек.

Шыны керек, ата-аналардан «балаңызды мектепке дайындауға қанша қаржы кетті?» деп сұрағанымызда, әр ата-ана әртүрлі жауап берді. Біреу 30 мың, екіншісі 50-60 мың десе, тағы бірі 150 мың көлемінде қаржы кеткенін айтты. Бұл жерде әркімнің  қалтасына қарай көсілгенін ерекше айтқанымыз жөн. Бірі баласын базарға апарып киіндірсе, енді бірі сапасы жақсы деп қымбат дүкеннен киіндіруді жөн санаған.

Ал жақында оқу-ағарту министрінің өзі баласын қанша теңгеге киіндіргенін халықтан жасырмай, ашып айтты.

– Ұлым мемлекеттік мектепте оқиды және оқу жылына басқа ата-аналар секілді дайындаламыз. Жексенбіде ұлым екеуміз дүкеннен 36 мың теңгеге жейде, костюм, шалбар және галстук сатып алдық. Киімдерді “Glassman” сауда үйінен таптық. Елмен бірге кезекте тұрып, барлық отбасы секілді мектепке дайындалып жатырмыз, – деді А.Аймағамбетов.

Министр әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларына қатысты шешім қабылдағанын да айтыпты.

– Биыл ата-аналар жылдар бойы көтерген мәселенің шешімін таптық. Бұрын оқушыларға жеңі салбырап тұратын, өзіне шақ келмейтін формалар берілетін. Енді формаға кететін қаражатты ата-ананың жеке шотына аударамыз. Биыл қаражаттың ең төменгі деңгейі 37 мың болып бекітілді. Бұл 475 мың баланың мәселесін шешуге көмектеседі, – дейді Аймағамбетов.

Сонымен, ұзын сөздің қысқасы, 1 қыркүйек күні еліміздегі 3,6 миллион оқушыны қамтитын 7 637 мектеп   шәкірттеріне есігін айқара ашпақ. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» дегендей, жаңа оқу жылына дайындықтың өзі үлкен мәселе екені сөзсіз. Біз тек әр бала  жаңа оқу жылына көтеріңкі көңіл-күймен барса дейміз!

Мейрамтай Иманғали

 

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button