Білім

Жаңа оқу жылына жақсы әзірлікпен келдік

Жадыраған жарқын жаз да өз мәресіне жетіп, қоңыр күздің салқыны айқын сезіле бастады. Жаз бойы емін-еркін ойнап, алаңсыз демалған өрендер көп ұзамай мектеп партасынан орын алып, білім нәрімен сусындауға кіріседі. Ал оларға осы білімді беретін ұстаздар қауымының жай-күйі, жалпы, мектептердің жаңа оқу жылына дайындығы қандай деңгейде? Бұл сауалдарға жауап алу үшін облыстық білім басқармасы Күршім ауданы бойынша білім бөлімінің басшысы Б.Елеубаевпен жүздескен едік.

– 2022-2023 оқу жылына аудан бойынша 40 мектеп атсалысқалы отыр, – дейді Бауыржан Бақытжанұлы. – Алдын ала болжамға сәйкес, биыл мектеп есігін 3908 оқушы ашпақ. Ал өткен оқу жылында мектепке 3919 бала қабылданып, жыл аяғында оқуды 3867 бала бітіріп шықты. Бірінші сыныпқа 425 оқушы қабылданып, оқуды 416 бала аяқтады. Бұл мектептердің 16-сы орта, 20-сы негізгі орта және төртеуі бастауыш. 36 мектеп қазақша білім береді, бес мектеп аралас оқу орындарына жатады, ал 40 мектептің 34-і – шағын жинақталған мектептер. 2022-2023 оқу жылынан бастап оқу жылының ұзақтығы 1 сыныптарда 35 оқу аптасын, 2-11 сыныптарда 36 оқу аптасын құрайтын болады.

Ал мектепке дейінгі білім беру саласында 41 ұйым қызмет істейді, оларда мектеп жасына дейінгі 1182 бала бар. Үш балабақша мен 38 шағын орталықта 1095 бала оқумен және тәрбиемен қамтылатын болады. 2023-2024 оқу жылында бұрынғы әскери бөлімге қарасты 100 орындық балабақша ғимаратын іске қосу жұмыстарын қолға алып, күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып отыр. Мемлекеттік жекеменшік серіктестік аясында балабақша ашылған жағдайда мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына кезектілік мәселесі оң шешім табатын болады.

Ауданда қызмет атқаратын 807 мұғалімнің 671-і жоғары білімді,127-сі арнаулы орта білімді және тоғыз мұғалімнің магистр дәрежесі бар. Ұстаздарымыз білімді де білікті, олар түрлі сайыстарға атсалысып, үнемі жүлделі орындардан көрініп келе жатыр. Ауданда ұйымдастырылған кәсіби шеберлік байқауларының қорытындысы негізінде педагогтар облыстық байқауларға жолдама алады. Мәселен, 2021 жылы National TeacherPrize халықаралық ұстаздар байқауы аясында ұйымдастырылған ауыл мектептерін қолдауға арналған «Бәріне – білім» сайысына Күршім гимназиясының мұғалімі А.Тоқпаева қатысып, 1 млн. теңгенің сертификатын жеңіп алды. Облыстық педагогикалық идеялар фестиваліне төрт мұғалім атсалысып, үшеуі сертификатпен марапатталып, біреуі үшінші орынды иеленіп қайтты.

Осылайша, бізді өз ұстаздарының біліктілік деңгейінен құлағдар етіп өткен бөлім басшысы білім саласының қысқа 100 пайыз даяр екендігін мәлім етті. Аудан бойынша жылыту маусымына 2280 тонна көмір қажет болса, осы отын толықтай тасылып, қазандықтарға жеткізіліп қойған екен. Мектептердің барлығы сырланып, ағымдағы жөндеуден өтіп, жаңа оқу жылына тас түйін даярлықта тұр.

Бөлімнің, сондай-ақ кейбір мектептердің атауларына өзгерістер енгенінен біз осы арада хабардар болдық. Шығыс Қазақстан облысы әкімінің 2022 жылдың 18 сәуіріндегі қаулысы негізінде «Күршім колледжі» мемлекеттік мекемесі мен «№2 Теректі орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі қосылу жолымен қайта құрылып, «Марқакөл ауылының мектеп-интернат-колледжі» мемлекеттік мекемесі деген атауға ие болған екен.

Тағы бір айта қаларлықтай жаңалық мынау: биылғы оқу жылында республика бойынша еліміздің мықты мектептерімен тығыз байланыс жасай отырып, ауыл мектептерінің әлеуетін көтеру, олардың материалдық-техникалық жағдайын жақсарту мақсатында «Ауылды жердегі тірек мектептерінің әлеуетін дамыту» жобасы құрылған екен. Ал бұл жобаға «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қоры демеуші болып отыр. Бір мектептің жабдықталу құны 200-250 млн. теңгені құрайды десек, осы жобаға бүкіл республикамыздан 17 мектеп таңдап алыныпты. Бұлардың ішінде №1 Марқакөл орта мектебі де бар.

– Білім саласында өзгерістер баршылық, – дейді Б.Елеубаев. –  Енді біз қажетті кадрларды бұрынғыдай өз қалауымызбен қабылдай алмаймыз. Қазіргі таңда педагогтарды жұмысқа қабылдау «Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтарын лауазымға тағайындау, лауазымнан босату тәртібі» бойынша «Мемлекеттік орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының басшыларын конкурстық орналастыру және мемлекеттік мектепке дейінгі, орта, техникалық, кәсіптік, орта білімнен кейінгі және қосымша білім беру ұйымының басшысы лауазымына конкурстық тағайындау қағидаларын бекіту туралы» Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 21 ақпандағы бұйрығындағы өзгерістерге сәйкес өтеді. Шағын жинақталған мектептерді қоспағанда, барлық бос және (немесе) уақытша бос лауазымға мемлекеттік білім беру ұйымы конкурс өткізеді. Конкурс аптасына 16 сағат және одан да көп сағат оқу жүктемесі бар педагогтың бос және (немесе) уақытша бос лауазымына өткізіледі.

Басшының айтуынша, 2022 жылы Жолнұсқау және Ұранхай ауылдарында кешенді даму жоспары бойынша негізгі орта мектептердің құрылысы басталыпты. Сонымен бірге, бес мектепке жаңа модификациялық кабинет алу үшін 30 млн. теңге бөлінген екен, олар: №1, №4, №5 Күршім орта мектептері, №1 Марқакөл орта мектебі және Қ.Нұрғалиев гимназиясы. Ал Ұранхай негізгі орта мектебінің спорт залына жабдықтар алуға, Төсқайың орта мектебіне, Қарой негізгі орта мектебінде физика кабинетін жабдықтауға, Игілік негізгі орта мектебінің жылу жүйесін жөндеуге демеушілік көмек көрсетіліп отыр.

– Аудан мектептері Шығыс Қазақстан өңірлік ғылыми-практикалық «Дарын» орталығымен тығыз байланыста, – деп сөзін жалғады Бауыржан Бақытжанұлы. – Орталықтың ұйымдастыруымен өтетін сайыстарға, байқауларға, олимпиадаларға оқушыларымыз белсене қатысып отырады. Осындай жұмыстардың барлығы оқушылардың шығармашылық қабілеттерінің қалыптасуына, рухани құндылықтардың дамуына әсер етіп, нәтижелі жұмыстарға бастама болып отыр. 2021-2022 оқу жылында «Дарын» орталығы ұйымдастырған олимпиада, конкурстардың облыстық кезеңінде 108 оқушы, республикалық бәсекеде үш оқушы жүлделі орындарды жеңіп алды. Екі оқушымыз «Елбасы» медалімен марапатталды. 9-11 сынып оқушылары үшін жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде Күршім ауданының командасы жүлделі III орынға ие болды.

Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес, балаларды мектеп орманшылықтарында, мектеп жанындағы ауланы абаттандыру және көгалдандыру жөніндегі жасақтарда (40 мектепте 2219 оқушы) жұмыспен қамту жұмыстары жүзеге асырылды. 2021-2022 оқу жылында жыл көлемінде «Мектепке жол», «Зорлық-зомбылықсыз балалық шақ», «Ризашылық» акциялары өз деңгейінде өткізілді. Әр акцияның аясында әртүрлі ұрандармен «Балалар түнгі ауылда», «Отбасында зорлық-зомбылыққа жол жоқ!», «Жасөспірім», «Көше» атты рейдтер жүргізілді. Биыл да Күршім өңіріндегі мектептер «Мектепке жол» республикалық акциясы бойынша балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 19 қаңтардағы Жарлығымен жарияланған Балалар жылын іске асыру шеңберіндегі өз жұмыстарын қолға алды.

Акцияның ұраны: «Мектепке жол – шекарасыз жақсылық». Бұл іс-шараның мақсаты – аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға, жетім балаларға оқу жылының басталуына дайындық кезінде материалдық қолдау көрсету және әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке келмей қалуының алдын алу. 1 тамызда бастау алған бұл акция 30 қыркүйекке дейін жалғасатын болады. Акция барысында қазірдің өзінде 500 балаға 5 млн. теңгенің көмегі көрсетілді.

«Жақсылық қылсаң – балаға қыл» дейді халық нақылы. Ендеше, желкілдеп өсіп келе жатқан балғын өрендеріміз таршылық пен тапшылықтың ауыртпалығын көрмей, сапалы білім мен саналы тәрбие алып, қуанышты да шат өмір кеше бергей!

Хасен Зәкәрия

Күршім ауданы.

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button