ҚоғамТОП

Жаңа Бұқтырмадағы мектеп құрылысы биыл аяқталады

Жаңа Бұқтырма кентінде қазақ тілінде оқытатын 200 орындық мектеп құрылысы биыл жыл соңына дейін аяқталуға тиіс. Ал Серебрянка шаһарында моноқаланы кешенді дамыту жоспарына сәйкес бес қабатты нысан қайта жаңғыртылады. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметовтің Алтай ауданына барған жұмыс сапары барысында мәлім болды. 

Облыс әкімінің орынбасары сапар аясында жылу құрылымдарын тексеріп, алдағы жылу маусымына дайындық жұмыстарымен танысты.

Серебрянка қаласының орталық қазандығы 89 көппәтерлі үй мен 200-ден астам жер үйді жылумен қамтамасыз етеді. Тұрғын үйлерде екі мыңнан астам абонент тұрады.

Облыс әкімінің орынбасары 2024 жылға арналған жөндеу жұмыстарының жоспарымен танысты. Алтай ауданының басшылығы биыл қазандық орнатуды, қосалқы қуат станциясын, көмір қоймасын, түтін құбырын, желілік сорғы мен шатырларды жөндеуді, электр тіректерін ауыстыруды жоспарлап отыр және бұған 500 млн теңге жұмсалады деп есептейді.

Алайда жұмыс кеңесінде Бақытжан Байахметов есеп-қисапты қайта бір тексеруді тапсырды. Оның айтуынша, шығынды біршама төмендетуге болады.

– Қанша жұмыс бекітілген тарифтік сметаның инвестициялық бөлігі есебінен, қанша жұмыс бюджет қаражаты есебінен жүргізілетіні нақты көрсетілуге тиіс. Сіздер тіпті есеп-қисапты қандай негізге сүйеніп жүргізгендеріңізді де түсіндіре алмай тұрсыздар. Өңір басшылығы не ұсынылса, соны мақұлдай береді деп ойламаңыздар. Бір апта уақыт беремін, қайта есептеңіздер. Бұл мәселеге 20 наурыздан кейін тағы да тоқталамыз, – деді Бақытжан Байахметов аудан басшылығына.

Жаңа Бұқтырма кентінде қазақ тілінде оқытатын екі жүз орындық мектеп салынып жатыр. Облыс орталығынан барған арнайы жұмыс тобы құрылыс басына барып, жұмыс барысын көрді. Жоспар бойынша құрылыс жұмыстары қараша айында аяқталуға тиіс.

Сондай-ақ кенттегі дәрігерлік амбулатория толық жөнделеді. Бүгінде бес мыңнан астам адамға қызмет көрсететін мекеменің ғимараты 1972 жылы тұрғызылған, содан бері жөндеу көрмеген. Қазір мердігермен келісімшарт жасалды, жөндеу жұмыстары жуық арада басталады.

Облыс әкімінің орынбасары жергілікті атқарушы органға осы мәселені бақылауда ұстап, жұмыстарды уақытылы аяқтауды тапсырды.

Сондай-ақ Серебрянка қаласында халықтың әлеуметтік осал тобына арналған бес қабатты нысан пайдалануға беріледі. Ғимарат моноқаланы кешенді дамыту жоспарына сәйкес қайта жаңартылмақ. Бұл жұмыс 2025-2026 жылдарға жоспарланған. Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметов ғимаратты тексерді.

Алдағы уақытта мұнда әлеуметтік осал топқа жататын отбасылар қоныстанады. Сондай-ақ жас мамандарға тұрғын үй беру жағы да қарастырылмақ. Тұрғын үйде 40 пәтер болады.

 

Осы айдарда

Back to top button