Мәдениет

Қиыр Шығысты шарлаған қазақ офицері

Қиыр Шығысты шарлаған қазақ офицері


Өскеменнің Жол құрылысы институтын 1981 жылы қызыл дипломмен үздік бітірген Мәуітхан Құрманбайұлы жолдамамен Қиыр Шығыстан бірақ шығам деп ойламаған да еді. Бұл институт түлектерін қай өңірге жөнелту мәселесін көбінесе Одақ шешетін. Комиссия ұйғарымымен бөлінген 23 жас маман шалғайдағы Владивостоктың өзіне жол тартатын болды.

ГИТЛЕРДІҢ ТЕПЛОХОДЫНДАҒЫ ТӨРТ ТӘУЛІК

Таудан-тастан қайтпайтын, жігері жанып тұрған жастықта бәрі қызық. Бір топ қыз-жігіт пойызбен жүрген үш күндік сапарларында күлісіп-шуласып, сол жылдары ауыздан түспейтін «Мой адрес Советский Союзды» қосыла әндетіп қойып, елдің қиыр шетіндегі портты қалаға кете барды. Бірақ Владивостокта бұларды және бір комиссия күтіп тұр екен.

Өскемендегі Жол құрылысы институтында әскери кафедра бар. Онда сабақ беретін жоғары шенді офицерлер студенттерді жауынгердің қатаң тірлігі мен темірдей тәртібіне, әскери шеберліктің қыр-сырына әбден жетілдіріп-шыңдаған болатын. Қарсы алған комиссия мүшелері мұнда да Мәуітханның кіл үздік бағалы дипломына бірден назар аударды. Ақыры, лейтенант атағы бар жас жігітті Петропавловск-Камчатский қаласындағы әскери бөлімнің офицерлік құрамына жіберетін болып шешті.

Енді Владивостоктан Камчатка бұғазына жету үшін кемемен тағы төрт күн жүзу керек болды. Жапон теңізінен басталған жүзу сапары сол елдің Вакканай атты портты қаласын жанай өтеді екен.

Жапония! Әлемге озық техникасымен, шебер технологиясымен аты шыққан ғажайып ел. Көрмеген Жапония туралы көп біле бермейтін. «Қыз бен теңіз», «Махаббат маусымы» сияқты бірер әндерін естігені бар. Исакава Токубокудың орысшаға аударылған шығармаларын да оқыған. Мына жұмбақ Вакканайды бір аралап көрер ме еді! Көктемде алқызыл гүл шашатын атақты сакурасы қазір құлпырып тұрған шығар? Бірақ өзге елдің портына рұқсатсыз аялдауға да, визасыз кіруге де болмайды. Үш қабат палубада тізіліп тұрған жолаушылар қаланың шетіндегі жапон үлгісімен салынған үйлерге қызықтай қарап ұзай берді. Ары қарайғы сапар Охот теңізіне ұласты. Көлеміне көз жетпес Охоттың тереңінен теңіз капустасы алынып, өндіріс орындарына жіберіліп жатыр. Қос қапталда мұнартқан Сахалин мен Курилдің көп аралы бірінен соң бірі қалып барады.

Ат екеш ат та өмірі баспаспын деген жерін себеп табылып қап, үш қайтара басады демей ме. 23 жасар Мәуітхан да сөйтіп Курил аралдарын артқа тастап, салтанаты келіскен «Советский Союз» кемесімен төрт күн жүзіп, өзі картадан ғана көретін Қиыр Шығыстың Камчаткасынан бір-ақ шықты.

Айта кетерлік бір жай, осы кеменің де өзіндік тарихы бар екен. Бұл кезінде Адольф Гитлердің өзіне арнап жасатқан теплоходы болып шықты. Барынша әспеттеп-сәндеп жасалған су көлігінің ұзындығы 122 метр, төрт қабат үйдікіндей биіктігі бар, үш палубалы. Каюталарының салтанаты көздің жауын алғандай.

Қазақтың Шығыстағы жауһары Зайсанның бойында өскен Мәуітханға су да, су көлігі де таңсық емес еді. Дегенмен, ерекше сәнді кемені қызықтай аралап, трюміне дейін түсіп көріп, беріктігіне қайран қалды. Осындай қимас, жеке бас мүлкін Гитлердің өзі жеңілуге айналғанда Балтық теңізінің түбіне батыртқан екен. Кейін Одақтың Қорғаныс Күші судан шығартып алып, жөндеуден өткізіп «Адольф Гитлер» атын «Советский Союз» етіп өзгертіпті. 1981 жылдың тамызында кеме теңіз бетіндегі соңғы мильдерін жүзіп өтіп, Владивосток жағасына мәңгі тұрақтап, су үстіндегі сәні бөлек қонақүйге айналдырылды.
Камчатка бұғазы Тынық мұхиты жағасындағы орман-тоғайы да, өзендері де көп, аса көрікті өңір екен. Ормандарында толып жатқан өзге аңдармен бірге үйір-үйір кербез марал да, сұлулық патшасы ерке елік те еркін жайылып өсетін көрінеді. Жергілікті халық – коряктардың негізгі кәсібі – аңшылық пен балықшылық. Мұнда терісі бағалы аңның көптігінен жұрттың үстінен жиі көретінің құндыз бен сусар бөрік, бұлғын ішік немесе ақ түлкі жағалы сырт киім. Табиғаты өте күрделі. Бір жағын алып мұхит, бір жағын теңіз қоршап жатқандықтан ылғал көп. Жиі жауатын қардың қалыңдығы екі-үш метрге дейін жетеді. Ол аз болса, мұхиттан соғар күшті дауыл әсерінен борансыз күні сирек. Екі-ақ айлық жазы бар Камчатканың он айға созылар дауылды-қарлы қысы бар. Бірақ дымқыл ауалы болғандықтан аязы 20 градустан аспайды.

Қиыр Шығысты шарлаған қазақ офицері

БУЫРҚАНҒАН БҰҒАЗДА ҚАЙНАП ЖАТҚАН ҚАЗАНДАР

Камчаткада сөнбеген екі жанартау бар. Сонадай жердегі төбесінен түтіні мен ысы будақтап жататын Авачинский жанартауының өзі-ақ бұрын мұндайды көрмеген жанның зәресін ұшырады. Сөнбеген жанартау астында қазандай қайнап жататын ыстық лаваның буырқанған бұла күшінен жер сілкінісі жиі боп тұрады екен. Мәуітхан келген Петропавловск-Камчатский қаласында сондықтан да бес қабаттан биік үй салынбайтын көрінеді. Әріректе тағы бір сөнбеген жанартау – Коряковский бар.

Жолдамамен келген жас офицерді мұхиттың «Авачинская бухта» деп аталатын қойнауына орналасқан әскери бөлімдегілер:

– Материктен қашан келдің?

– Ол жақта не жаңалықтар болып жатыр? – деген сияқты сұрақтар жаудыра, жатырқамай қарсы алды.

Жабыла сұрақ қоятын жөндері бар екен. Мұнда телефон байланысы өте нашар, тіпті жоқтың қасы. Хат жаза қалсаң мыңдаған шақырымды басып өтіп, транспорттың бірінен-біріне ауысып жүріп, ай дегенде зорға жетеді. Сондықтан да олар ел жақтан барған әр адамды «материктен кісі келді» деп қуана қарсы алады екен.

Табиғаттың өзі жасаған «Авачинская бухтасы» мұхиттың таулы беткейіне орналасқан терең қойнау. Орманды таулар қоршаған осы орынды кеме тұратын үлкен айлаққа айналдырыпты. Мұнда тізіліп тұратын әскери кеме көп. Күніне қаншасы кіріп, қаншасы шығып жатады. Ал бухтаның кіреберісіндегі, судан шығып тұратын үш табиғи тас баған сол кемелерді күндіз-түні күзететін мызғымас сақшылардай-табиғаттың қолмен қойғандай бір кереметі.

Казармадағы әскери өмір басталды. Әбдірахмановқа бекітілген бөлімде 150 сарбаз бар. Мәуітхан от басындағы он баланың үлкені болатын. Зайсан бойында туып-өскен әкесі Құрманбай баулыған темірдей тәртіптің пайдасын осында көрді. Балықшылар ерте тұрып, кеш жатуға дағдыланған мазасыз халық. Балықшы әкесіне болысып өскен Мәуітхан да таң азаннан тұруға бала жастан көндігіп кеткен. Өздеріне берілген бар тапсырманы әрқашан мүлтіксіз орындап, сарбаз басқару ісіне шеберлігімен көзге түскен әскери офицер Әбдірахмановтың шені аз уақытта капитанға дейін жоғарылады.

Мәуітхан көгілдір Зайсанның бойындағы Тұғыл атты көлемді ауылдың мектебінде оқып еді.

Енисей мен Еділді,
Шатастырып картадан.
Ең алғашқы махаббат,
Басталады партадан, – деп оның да әр жеткіншек басынан өтер ұяң бала-махаббаты сол мектептен басталған болатын. Өзінің сыныптасы Роза атты әдемі қызды ұнатушы еді. Өсе келе балаң сезім шынайы махаббатқа ұласты. Камчаткада жүріп Розамен үзбей хат жазысып тұрған Мәуітхан келер көктемде демалыс ап елге кеп, ата-анасының ақ батасымен тойын жасап, жас келіншегін Қиыр Шығысқа алып кетті. Ұшақпен барса, оны үш қайтара ауыстырып – әуелі Өскеменнен Омбыға, одан әрі транзитті жолаушы боп Хабаровскіге, одан Камчаткаға жетер еді. Мәуітхан жас жұбайына көрмеген жерлерін көрсеткісі келіп, өз тұрақтарына әуелі пойызбен, одан әрі кемемен жүзіп жетті. Екеуіне пәтер беріліп, Роза гороноға қызметке орналасты.

Зүбәйла Құсбекова
Жарма ауданы, Жаңғызтөбе кенті
(Жалғасы бар)

Осы айдарда

Back to top button