Кедергісіз келешек

Инватаксиді қаржыландырмақ

Қалалы жердегі көлік қатынасы – көпшілікті қинайтын негізгі мәселелердің бірі. Автобусқа отырсаң уақыттан, таксиге отырсаң ақшадан ұтыласың. Сондай-ақ жол жүретін адамдардың қауіпсіздігі тағы бар. Ал мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін бұл тіптен қиын жағдай. Алайда алдағы уақытта бұл мәселе оң шешімін табатын сынды.

Мемлекет инватаксиді қаржыландырып, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсетпек. Бұл мәселені цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мен еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Қасымқызы «Яндекс GO» компаниясының бас директоры Алексндр Аникинмен кездесу барысында талқылады. Осылайша мәселенің оң шешімін қарастырған министр Бағдат Мусин әлеуметтік желіде пікірін жазды.

– «Кездесуге басқа да министрліктердің өкілдері шақырылды. Қазіргі таңда Яндекс платформасында 150 мыңға жуық  адам жұмыс істейді. Көбіне бұл кісілер әлеуметтік тұрғыда қорғалмаған, себебі олар тіркелген таксопарктердің кейбірі тиісті салық пен аударымдарды төлемейді. Жұмыспен қамтамасыз етудің платформалық нұсқасы кең таралып жатқандықтан, мемлекет осындай платформалар арқылы табыс табатын азаматтарды қолдау жағын ойластыруы керек. Біз жүргізушілерге платформаға тікелей тіркелу  мүмкіндігін беруді ұсындық, сонда мемлекет оларды әлеуметтік тұрғыда қорғай алады. Айта кетсек, қазір Яндекс 63 қазақстандық таксопаркпен жұмыс істеп жатыр», – деді министр.

Егер ұсыныс орындалатын болса такси мәселесі түбегейлі шешілмесе де халық үшін тиімділігі болары анық.

– Қосымшада тіркелген жүргізушілерді сәйкестендіру және олардың құжаттарының дұрыстығын тексеру маңызды. Ол үшін биометриялық жүйені қолдануға болады. Бұл не үшін керек? Мәселен, біреулердің жүргізуші куәлігі жоқ немесе бөгде адамдар арқылы тіркелу оқиғалары кездеседі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан инватакси қызметін мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен қаржыландыру бойынша ұсыныстар айтылды. Жалпы, осы мәселелерді жан-жақты қарастырып, барынша тиімді шешімдер мен тәсілдер іздестіретін болдық, – деді Бағдат Мусин.

Ынтымақ Толқын

 

 

Осы айдарда

Back to top button