Шығыстың жеті бренді

Қиын керіштей жұмбақ жаратылыс жер бетінде жоқ

Қиын керіштей жұмбақ жаратылыс жер бетінде жоқ

Өрт. Атшаптырым алқап қып-қызыл түске боялған. Адырларды шарпыған алапат алыстан менмұндалайды. Күн сәулесімен шағылған отты ұшқын жалт-жұлт ойнайды… Шығыстың кезекті кереметі – Қиын керішті тұңғыш көрген адамның көз алдында дәл осындай суреттер сақталып қалады.
Қиын керіш Күршім ауданының аумағында орналасқан. Айдынды Зайсан көлінің солтүстігінде 300 гектар жерді қамтып жатыр. Жұмбақ жаратылысына қарай ол жерді әркім әрқалай атап кеткен. Біреулер «Алаулаған адырлар» десе, енді біреулер «Жалынды жар» немесе «Рухтар қаласы» деген. Ал жергілікті тұрғындар болса, бағзы заманнан Шарықсай атайды. Қалай десек те, бұлардың бәрі оның күн көзімен шағылысып, жалқынданып жататын қызыл топырағына байланысты аталса керек-ті. Топырағына табаны тиіп, табиғаттың таңғажайып көрінісін көзімен тамашалағандар Қиын керіштің кәдімгі Марсқа, планетаны айтам, тән пейзажын ауыздарының суы құрып әңгімелейді. Тіпті, кейбір саяхатшылар «қызыл планетаны көру үшін Марсқа ұшудың керегі жоқ, Қиын керішке барсаңыз жеткілікті» деп те әзілдейді. Геологтар мен археологтарды, жићанкездер мен ғалымдарды қызықтыратыны да сол. Бұл жұмбақ жер туралы ғалымдар, натуралист жазушылар, сондай-ақ, әуесқой саяхатшылар өз еңбектерінде геологиялық «Зайсан Колорадосы» немесе «әлемнің сегізінші кереметі» деп жазған.
Қиын керіште болған адам жаратылыс құдіретін жан-тәнімен сезінеді. Жер бетінде кездеспейтін таңғажайып көріністі көзімен көреді. Онда бәрі әдемі үйлесім тапқан, шебер суретшінің қолынан шыққандай. Қызыл, сарғыш және ақ торғынмен қымталған төбешіктердің жонын күн шапағы аймалаған сәтте, сан мың сағым ойнап шыға келеді есті алып. Осындай құбылыстың ортасында тұрған жан бір сәтке өзін Марс ғаламшарында жүргендей күй кешетіні сөзсіз.
Оның «Рухтар қаласы» деп аталуы да тегін емес. Алыстан келе жатқан адам шөлейтті жазықтың ортасында кенет қызыл түсті бекіністер мен көне қаладан аумайтын көрініске тап болады. «Өрт жалмаған» өркешті төбелер құдды бір отқа оранған қаланы елестетеді. Ел аузындағы әңгімелерге сенсек, «Алаулаған адырлардың» өн бойында бір тылсым күш бар деседі. Өтірік-шынын кім білген, ежелгі замандарда бұл жерде адамдарды құрбандыққа шалған екен деген де сөздер айтылады. Қып-қызыл топырақ адамдардың судай аққан қаны, ал тылсым күш олардың рухтары деген алып-қашпа сөз содан қалса керек. Бірақ мұның анық-қанығын ешкім зерттеп, зерделеген емес. Ғалымдарымыз да Қиын керіште бір жұмбақ сырдың жасырынып жатқанын түйсінгенмен, құпиясын әлі күнге толық аша алмай келеді.
Геолог мамандардың түсіндіруінше, бұл керіштер миллиондаған ғасырлар ширегіндегі шөгінді жыныстардан пайда болыпты. Сонау мезозой, кайнозой, мұз дәуірлерін бастан кешіріп, бүгінгі күнге мұрты бұзылмай жеткен табиғат ғажайыбының құпиясы әлі толық ашылған жоқ. Зоологтар осы маңнан есте жоқ ерте замандарда тіршілік еткен динозаврдың жұмыртқасын тауып алғаны жөнінде газетіміздің өткен жылдардағы бір санында жазылған.
Қиын-керіштің басты байлығы – сан мыңдаған геологиялық дәуірлердің табы қалған түрлі-түсті қатпарлары, шөгінділері мен бедерлері. Миллиондаған жылдар су түбінде жатқандықтан, әртүрлі химиялық құрамдағы қатпарлар қабаттаса түзілген.

Шетелдік саяхатшыларды қызықтырып отыр

Қиын керіштей жұмбақ жаратылыс жер бетінде жоқ

Қазақстандық геолог Виктор Филипповтың айтуынша, Қиын керіш бес флоралық қабат мен төрт ежелгі омыртқалылар фаунасын түзеді. Оның ішінде қалдықтары табылған омыртқалылар: мүйізтұмсық, қолтырауын, тасбақа, саламандр және басқа субтропиктік орман жануарлары болса, өсімдіктерден пальма, магнолия, араукарин, гинкго және басқалар. Сол себепті де бұл аймақты геологтар ерекше табиғат ескерткіші атайды. Мұндай ерекше табиғи ескерткіш Еуразия құрлығында кездеспейді.
Жерінің қыртысы ақ балшықтан тұратындықтан, жылдың күз бен көктем мезгілінде, жаңбырлы жаз маусымында топырағы майдай еріп, мидай езіледі. Бұл кезде арлы-берілі қатынаған жолаушылардың ат-көліктері батпаққа батып, жол машақатын әбден тартады екен. «Қиын керіш» деп осы жол азабына байланысты қойылса керек. Жалпы «керіш» сөзі түркі тілінде «тау», «жота» дегенді білдіреді.
Өскемендік натуралист-жазушы Борис Щербаков бұл жер туралы өзінің жолжазба күнделіктерінде жақсы суреттеген. «Мұнда келген сайын керіштер әр қырынан көрінеді» деп жазады ол. Ал семейлік натуралис-жазушы Александр Лухтанов «Құстарға саяхат» атты еңбегінің «Зайсанның жалынды жартастары» атты 15-ші тарауында былай дейді: «Алтайдың ит тұмсығы батпайтын ну орманы да, төбесі көкке шаншылған ақбас таулары да, сылдырап аққан таң шығындай мөлдір өзендері де менің саяхатшы досым Сладковты дәл Қиын керіштей таңғалдырып, өзіне баурап алған емес. Зайсан қазаншұңқырындағы шөлейтті даланың құдіреті бәрінен күшті болды, оның жан жүрегін жаулап алды».
Рас, адам сенгісіз фантастикалық сурет. Осы суретті тамашалау үшін еліміздің әр тарапынан ат шалдырып келетін туристерді былай қойғанда, алыс-жақын шет мемлекеттерден ағылатын жићанкездер мен зерттеушілерді кездестіресіз бұл маңнан. Әсіресе, қызықсүйгіш ресейліктердің қарасы толастамайды жаз бойы. Мәселен, Красноярск, Кемеров, Петербор, Мәскеу, Новосібір, Барнаул қалаларынан келетін қонақтар ашық аспан астында шатырларын тігіп, апталап жатады. Өткен жылдары жапондық мамандар да Қиын керіште 20 күндей аялдап, жаратылыс құпиясын білуге тырысқан.
Голландияның табиғатты қорғау департаментінің натуралистері осында болып, «таңғажайып табиғатты сақтап қалудың барлық шығынын өзіміз көтеріп алсақ» деген тілек білдіріпті. Әне, өркениетті елдің өкілдері көненің көзіндей ескерткішті сақтап қалу үшін аянып қалар түрі жоқ? Ал біз ше? Өкінішке қарай қолда бар жаућарларымызды қори алмай келеміз әлі. Егер дәл осындай ғажап Еуропа елдерінде болса, мемлекеттің қарамағына өткізіп алып, келетін қонақтар мен туристерге көрсететін тарихи орынға айналдырар еді…
Дегенмен, әлі де кеш емес. Миллиондаған ғасырдың куәсі болған Қиын керіш әлі сол қалпында мызғымай сан мыңдаған жылдар бойы тұратыны түсінікті. Ендеше «Зайсан Колорадосын» Шығыстың тағы бір кереметі ретінде насихаттап, әлем саяхатшылары ат басын бұрмай кетпейтін орынға айналдыру алда тұрған үлкен міндеттің бірі болмақ.
Жан-жануарлар әлемі:
Қазақстанның Қызыл кітабына енген дала қыраны, ителгі, үкі, дала күйкентайы, орталықазиялық ақсары бүркіт, қызыл үйрек, сарыала қаз, қарабауыр бұлдырық, жыланторғай, дуадақ, безгелдек, сары алақоржын, қызыл түлкі, қызыл қасқыр (ертеректе болған).
Өсімдіктер әлемі:
Қорғауға алынған сирек кездесетін сұр атрафаксис пен ақ сасыр, сексеуіл, жапырақтары әртүрлі емен, шегіртін, қызғалдақ және тағы басқалар.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button