Қиялдарға қанат бітірген саяхат

Жақында мүмкіндігі шектеулі балалар ата-аналарымен бірге «Этно-экологиялық соқпақтар» атты инклюзивті экотур аясында Ұлан ауданындағы жұмбаққа толы тарихи ескерткіш – Ақбауыр археологиялық кешені мен XVII ғасырдағы жоңғарлардың «Аблайкит» будда монастыріне барып қайтты. Жас саяхатшылар жартастарға қынамен салынған көне таңбаларды, «Аблайкит» кешеніндегі лилия гүлдері өсетін көлшікті тамашалап, туған өлкеміздің киелі жерлерімен танысты.
Табиғат аясына алғаш рет шықты
«Үлбі» халыққа әлеуметтік қызмет көрсету орталығының алды жас өлкетанушыларға және олармен бірге бара жатқан туыстарына лық толды. Он бес жастағы Данилға бас-көз болуға тоғыз жасар қарындасы Женяны жіберіпті. Балдақпен жүретін жасөспірімнің өзі де намысқой екен, қарындасына салмақ салғысы келмей, «өзім істеймін, шамам жетеді» деп қояды.
Бұл күн ең кішкентай саяхатшы – сегіз жасар Тиманың жадында да ұзақ сақталады. Бүгін ол табиғат аясына алғаш рет шықты.
– Біз таңғы бестен тұрып, Шемонайха қаласынан арнайы келдік, – дейді баланың анасы Наталья. – Тима балалардың сал ауруына шалдыққан. Ол өздігінен жүре алмайды, қоларбамен тасимыз. Бірақ осында шақырғанда, барғысы келетінін айтқан соң, алып келдім.
Ерекше балғындар үшін экотурды Шығыс Қазақстан облыстық тұрғындардың денсаулығы мен экологияны сақтауға көмектесетін «Экосогласие» ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігі ұйымдастырып отыр.
– Мұндағы мақсат – балаларды табиғатпен қауыштырып қана қоймай, қазақ халқының салт-дәстүрімен, мәдениетімен таныстыру. Осы орайда Бестерек пен Алғабас ауылдарындағы мектептерде жергілікті тұрғындармен кездесу жоспарланған, – деп атап өтті бірлестіктің президенті Татьяна Чернышова. – Жерлес ғалым, эколог, Борис Щербаков балаларға туған өлкедегі жер-су атауларының шығу тарихын, археологиялық кешендердің құндылықтарын түсіндіреді. Бәлкім осы сапар кейбіреулер үшін өмірлік жолдарын таңдауға септігін тигізер. Араларынан келешекте тарихшы, өлкетанушы немесе эколог маман болғысы келетіндер шығуы мүмкін. Екі күнде 24 бала өлкеміз туралы терең мағлұмат алып қайтады.
Татьяна Чернышова инклюзивті жобаны жүзеге асыруға Тұңғыш Президент – Ұлт көшбасшысының қайырымдылық қоры қолдау көрсеткенін айрықша атады. Сонымен қатар ол облыстық жұмыспен қамту және бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Елена Старенковаға, балалардың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз еткен облыстық ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция полковнигі Дулат Қазақпаевқа алғыс айтады. Бұған қоса саяхатшыларды үш мезгіл ас-сумен қамтамасыз еткен «Вояж» ЖШС-нің, қолайлы көлік бөлген «VIP BUS» компаниясының және басқа да ұйымдардың қолдауларын атап өткен орынды.
Өлкетанушының қызықты әңгімесі
Екі күнгі саяхат барысында ерекше балғындардың он екі мүшесі сау құрбыларынан еш айырмашылығы жоқтығына көз жеткіздік. Баланың аты бала демекші, денсаулығындағы кінәраттарға қарамастан тау-тасты аралап, белсенді болды. Бәлкім олар тарихи жерлерді көргенде ерекше рухтанып, тамаша табиғат мен саф ауадан қосымша күш-қуат алды ма кім білсін?! Әйтеуір жүздері балбұл жайнап, өлкетанушы Борис Щербаковтың әңгімелерін мүмкіндігінше зер сала тыңдайды.
– Мен бұл жерлердің фаунасын жан-жақты зерттедім. Мұндағы су тоғандарда ускуч, шортан, мөңке, табан секілді балықтар болған. Бүгінде ускучті тек Марқакөлден ғана кездестіреміз. Тастарда маралдың, арқар мен таутекелердің суреттері салынған. Адамдар күнделікті тіршілікте көргендерін осылайша қынамен бейнелеген. Қазір бұл өңірде маралдар көрінбейді. Демек ертеректе бұл жердің климаты жұмсағырақ болған, – дейді эколог.
Әрине, ғалымның тас дәуірінен қалған Ақбауыр ескерткіші мен Аблайкит будда монастыріне қатысты айтқан барлық ойларын балалар жете түсінбеген де болар. Ең бастысы – табиғатпен сырласып, сылдырлаған бұлағын, лилия гүлдерімен көмкерілген шағын көлді, жұпар иісі аңқыған даласын, аяқ астында өсіп тұрған талай емдік шөптерді көзбен көріп, қолымен ұстап, туған өлкеміздің қаншалықты бай екенін білді.
– Мия өсімдігін соғысқа дейінгі кезеңде Қазақстаннан Америкаға вагондап жөнелтетін. Бұдан дәрі-дәрмек жасаған. Мына зизифора шөбі жүрек ауруына ем, камфораның исі мүңкіп тұр, өте сирек кездесетін өсімдік, – дейді биолог аяқ басқан сайын емдік қасиеті бар шөптерді көрсетіп.
Он жеті жастағы Қарақатты анасы Айгүл Уақит ертіп жүр. Ол «Ақ ниет» интернатында оқиды екен. Атамекенге 2005 жылы көшіп келген отбасы Бозанбайда тұрады.
-Туғанда жамбас шұңқыры таяз деп, ота жасаған еді. Құлан-таза жазылып кете алмады. Жүргенде ауруы жанына қатты батады, бірақ мүгедектік бермейді. «Екінің бірінде осы ауру» дейді комиссия мүшелері, – деп қыздың анасы басындағы жағдайын айтты. Ал Қарақат болашақта ландшафт дизайнері болуды армандайды. Әзірге «Ақ ниетте» бухгалтерлік мамандықты меңгеріп жүр.
Ақбауыр гротының түбіне жеткенде ары қарай жартасқа шығуға шамасы жоғын түсінген Данил бізбен әңгімелесуге келісті. Жасөспірімді нағыз философ дерсің. Әр нәрсеге өз көзқарасы, пайымдауы бар. Өскенде заңгер болуды қалайды. Осы мақсатына жету үшін қазірден дайындалуда. Интернет желісінен атақты заңгерлердің семинарларын тыңдайды.
– Қалай да заңгер боламын. Маған басқаларға көмектесу, олардың құқықтарын қорғау ұнайды. Жуықта бір заңгермен таныстым. Ол кісі маған колледжге түсіп, осы мамандықты меңгеруге болатынын айтты. Бұған дейін көңілім күпті еді, енді бәріне қол жеткізуге болатынына сенімдімін, – дейді жеткіншек.
Ауылдың қонақжай жұрты
Түскі ас мезгілінде балаларды алғашқы күні Бестеректегі Ғадас Салықов атындағы негізгі мектебінің ұжымы құшақ жая қарсы алды. Оқушылар қонақтарға арнап концерт қойса, ардагер ұстаз Оқажан апа Аманова ауылы мен мектеп туралы әңгімелеп берді. Өлкетанушы, жазушы Борис Щербаков білім ордасына таяуда шыққан «Жидебайдың жұлдызды даласы» кітабын қолтаңбасымен сыйға тартты. Одан кейін балалар ет, бауырсақ, құрт-ірімшік, жент сияқты ұлттық тағамдар молынан қойылған дастарханнан дәм татты.
Екінші күні жас саяхатшыларды Алғабас ауылындағы Какен Аханов атындағы мектеп ұжымы қошеметпен қарсы алды. Бұл жерде де оларға құрбылары өз өнерлерін паш етіп, мектеп пен өлке тарихы туралы бейнефильм көрсетілді.
«Үлбі» орталығының бөлім меңгерушісі Жәмила Әмірғалиева бас-көз болып келе жатқан алты баланың бойында ақыл-ес ауытқушылығының жеңіл түрі, тірек аппараттарының кемістігі секілді сырқаттар бар. Осындай саяхат олардың ортаға бейімделуіне, құрбыларымен араласуына жақсы әсер ететінін айтады әлеуметтік қызметкер

Он алты жастағы Маргарита суретті аяғының көмегімен салады. Табиғатты ерекше сүйетін қыз екі күнде алған әсерлерін «бәлкім сурет ретінде бейнелермін» дейді. Ал он жастағы Темірлан сол жерде-ақ ойларын блокнотқа түртіп алып жүрді. Өскенде волонтер ретінде Англия немесе Францияға барсам деп қиялдайды.
Екі күнде балалар туған өлкеміздің табиғатымен танысып, талай аңыз-әңгіме естіді. Ұлттық тағамдарымыздан дәм татып, қазақ халқының қонақжайлылығын көрді. Ең бастысы – бұл сапар ерекше балғындардың қиялдарына қанат бітіріп, оларды келешекке үмітпен қарауға, алдан тек жақсылық күтуге үйретті.
Айна Ескенқызы