Жаңалықтар

IT – Хакатонның үздік командасы анықталды

Кеше Өскеменде «Цифрлық Шығыс – 2019» IT – форумы өтті. Биылғы Жастар жылына орай, «Рухани жаңғыру» және «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламаларын жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылған форум аясында облыста тұңғыш рет өткен Хакатон да мәресіне жетті. Маңызды іс-шараға облыс әкімі Даниал Ахметов, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі Асқар Атагулин, Қазақстандық IT компаниялар қауымдастығының президенті Нұрлан Исин қатысты.

 -Бүгінгі таңда цифрландыру – ел экономикасының барлық саласын дамытудағы негізгі фактор. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Біз цифрлы технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияны өркендетуге тиіспіз» деп бізге нақты бағдар беріп отыр. Олай болса, бүгінгі форум цифрландыру  міндеттерін шешуге септігін тигізіп, IT технологиялар саласында тәжірибе алмасуға және өңіраралық байланыстарды нығайтуға жол ашады де сенемін, – деді қатысушыларды құттықтаған аймақ басшысы Даниал Ахметов. – Былтыр форумды алғаш рет өткізгенде дарынды жастарымызға он грант берілген еді. Биыл олардың саны 15-ке жетіп отыр. Осындай қарқынмен алдағы уақытта бұл IT форум мыңдаған білімді жастардың басын қосатындығына сенімім мол. Алдағы жылы облыстағы барлық мектептерде IT бағдарламалауды оқытудың неғұрлым озық бағдарламасы енгізіледі. Яғни әлемдік стандарт талаптарына сай болады. Кейбір көрсетіштер бойынша әлемдік стандарттан да жоғары болады. Көрме барысында байқағанымдай, оқушы жастарымыздың ақылды мектеп,  технологиялық процестерді реттеу сияқты салмақты жобалармен айналысып жүргеніне қуанамын. Бұл әрине жарқын істердің бастамасы ғана. Қашықтықтан ота жасайтын хирург сияқты жаңа мамандықтардың пайда болатын күні алыс емес. Біз елімізде алғашқы болып роботтық хирургия қызметін енгіздік. Енді 5G технологиясы енгізіледі. Бәсекеге қабілетті ұлт дегеніміз ең алдымен білім саласындағы бәсекеге қабілеттілік

Цифрландыру – біздің болашағымыз, бүгінгі күннің талабы. Еліміз ақпараттық технологияларды өмірдің барлық саласына енгізу үшін нақты қадамдар жасап келеді. Облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Марина Гагаринаның айтуынша, биыл мемлекеттік қызметтердің 80 пайыздан астамы электронды нұсқаға ауысты. Сондықтан бұл салаға білікті мамандар көптеп қажет.

Бізде қазір электронды үкімет, халыққа қызмет көрсету орталықтары бар. Оның көмегімен азаматтар кезекте тұрмай-ақ, өзіне қажетті ақпаратты жылдам ала алады. Цифрлық технология бұдан бөлек, денсаулық сақтау және білім беру салаларында да қолданыста. Мәселен, қазір тұрғындар бұрынғыдай талон алып, сағаттап кезек күтпей-ақ, Дамумед қосымшасы арқылы дәрігерге жазылып, өзіне қолайлы уақытта медициналық қызметтерді ала алады. Көлік қозғалысы мен жүргіншілер қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Сергек бейнебақылау камералары орнатылды.

Бүгінде Шығыс өңірі ақылды қала рейтингі бойынша Алматы мен Нұрсұлтан қаласынан кейінгі үшінші орында тұр. Бұл жоғары көрсеткіш.

Хакатонға тоқталсақ, әу баста «Хакерлер марафоны» деген мағынаны білдірген Хакатон сайысы қазір әлем елдеріндегі IT саласының кіл мықтыларын анықтайтын іс-шараға айналды. Цифрландыру саласындағы білім-білік байқауына алты команда қатысты. Семейдегі Шәкәрім университеті SKACC Халықаралық факультетінің дарынды командасын ұстаздары Lee Jung Don бастап келіпті. Сайыс барысында олар барлық спорттық білім беру мекемелерін біріктіретін арнайы портал жасап шығарды.

Жас программистер екі күн бойы әлеуметтік маңызы бар веб-қосымшалар жобасын жасап, қазылар алқасының алдында қорғап шықты. Сайыс басталғанға дейін олар байқау тақырыбын білген жоқ. Ақпараттық технологияларды білім және спорт мекемелерінде пайдалану бағытындағы  тақырып Хакатонның ашылу сәтінде ғана белгілі болды. Қатысушыларға облыс университеттерінен арнайы шақырылған менторлар көмектесті.

Форум барысында үздік Start-up жобалардың көрмесі өтті. Жобалардың барлығы мақтауға тұрарлық. Дегенмен ерекше көзге түскені Семей қаласындағы үш тілде білім беретін Шәкәрім атындағы көпсалалы гимназияның 11 сынып оқушысы Әлішер Мәулетовтің «Теңге алу» ойынының компьютерлік үлгісі болды. Әлішер бұл ойынды екі жылдың ішінде жасап шығарған. Әзірге 2D форматта. Болашақта 3D үлгісін жасап, компьютерге енгізген соң, оны ПлэйМаркет арқылы жүктеп ойнауға болады. Ойынның әуені күймен көркемделген. Безендірілуі ұлттық үлгіде. «Балалар шетелдің қатігездікке толы ойындарын ойнағанша, «Теңге алу» ойынын үйренсе екен» дейді ұлттық құндылықтарымызды насихаттап жүрген Әлішер. Ол болашақта «Бәйге», «Аударыспақ», «Қыз қуу» ұлттық ойындарының да компьютерлік үлгісін жасамақ ойда. «Теңге алу» жобасы үшін ол 527 500 теңгенің грантын алды.

Көрмеде бұдан басқа Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған «Абай-дана, Абай-дара қазақта» виртуалды 3D туры, «Интеллектуалды көше жарықтандыру», «Ақылды мектеп», «Электрлі шынжыртабан ауыл шаруашылығында», «Су тасқыны болатыны туралы хабарлама беретін құрылғы», «Смартфон көмегімен ашылатын ақылды электронды құлып», «Мектеп қазандығының автоматтандырылған құрылғысы» сынды жиыны 15 жоба болды. Мұның барлығы аймақ басшысы тарапынан жоғары бағаланып, жоба авторларына қажетіне қарай үш миллион теңгеге дейінгі көлемде гранттар берілді.

Хакатонның барлық қатысушылары сертификаттармен марапатталды, ал «Спорттық немесе олимпиадалық бағыттағы мектептер мен университтерге арналған  портал» жобасымен жеңімпаз болған Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің «Coding Skills» командасы «Алтай-2019» IT – Хакатонының үздік командасы» атанып, талантты жастарға өз идеясын жүзеге асыру үшін облыс әкімі Даниал Ахметов екі миллион теңгенің грантын тапсырды.

Айжанат БАҚЫТҚЫЗЫ

Осы айдарда

Back to top button