Білім

IT-фестиваль мәреге жетті

Өскемендегі «Ертіс концерті» алаңында облыс мектептерінің оқушылары, колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері арасында ІХ облыстық «New generation» IT-фестивалі өтті.  Бұл – өңіріміздегі  білім беру саласындағы жалғыз ауқымды IT-көрме. Көрмеге облыс әкімінің бірінші орынбасары Алмасхан Сматлаев қатысты.

Білім беру саласындағы жаңа инновациялық технологияларды ұсыну және талқылау,  АКТ қолдану саласында пән мұғалімдерінің кәсіби біліктілігін жетілдіріп,  оқушыларды ғылыми-техникалық шығармашылыққа тарту бойынша тәжірибе алмасу, ақпараттық технологияларды қолданудағы озық педагогикалық тәжірибені тарату мақсатында ұйымдастырылған IT-фестивальге  қатысушылар өз жұмыстарын «Kids Skills», «Maker Fest», «Junior Skills», «Startup-Жобалар», «Robotime», «ClusterPro» атты 6 сектор бойынша ұсынды.

Жалпы, бүгінгі таңда ақпараттық технологиялардың  ықпалы  тек өндірісте ғана емес, халыққа қажетті барлық салада артып отыр. Инновация мен технология – заман талабы. Осы орайда жаңа технологияның тілін табуға ұмтылған жас ұрпақтың таудай талабы әбден құптарлық.   Көрмеге қатысушылардың  жобалары да сан алуан. Мысалы, Зайсан ауданындағы М.Ломоносов атындағы орта мектебінің оқушысы Әлқадыр Дарынұлы «Мал шаруашылығына арналған «Water» қондырғысы» жобасын ұсынса, Аягөз ауданы Б.Майлин атындағы орта мектептің оқушысы Жарқын Төлегенов «Мектеп қоңырауын автоматтандыру» жобасын көпшілік назарына  ұсынды. Сондай-ақ Бесқарағай ауданындағы Қ.Рысқұлбеков атындағы орта мектебінің оқушысы Ернар Байдүйсеновтің «Smart» корсеті», күршімдік  Кәусар Құрметқызының «Көру қабілеті нашар адамдарға роботтардың көмегімен жолда жүруге көмектесу» атты жобасы мен зайсандық Ықылас Қабдынәсірдің «3D модельдеу арқылы мультфильм жасау» жобалары көрмеге қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырды.

– Балалар жылы аясында өткізіліп жатқан «New generation» IT -фестиваліне қош келдіңіздер. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды Балалар жылы деп жариялағаны барлығыңызға белгілі. Осыған орай, балаларға қамқорлық көрсету – Қазақстанның табысты болуының айқын айғағы. Бүгінгі фестиваль облыстың барлық  жас өнертапқыштары мен бағдарламашыларын бір шаңыраққа жинап отыр. Біз үшін бұл ерекше қуанарлық жағдай, – деп сөзін бастаған облыс әкімінің бірінші орынбасары Алмасхан Сматлаев одан әрі  аймақта білім саласына үлкен көңіл бөлініп отырғанына тоқталды. 2018-2019 жылы 25 оқушы 22 миллион теңгенің грантын ұтып алса,  биыл тағы да 12 оқушыға 13 миллион теңгенің гранты бөлінетінін айтқан облыс әкімінің бірінші орынбасары облыс әкімінің грантына номинанттар мен үздік Stsrtup-жоба әзірлеушілерге марапаттарын табыс етті.  Сондай-ақ іс-шара барысында «New generation» облыстық IT фестивалінің қатысушыларына ТМД елдеріндегі ASYS SYS  бизнес-тобының жетекшісі Анжела Хсю мен  Қалбатау орта мектебінің түлегі, Яндекс компаниясының қызметкері Аймұрат Мамбетниязов та өзінің бейнесәлемін жолдап, қатысушылардың IT cаласындағы алғашқы қадамдарына сәттілік тіледі.

Осы жылдың сәуір айында  облыста төртінші рет «3D модельдеу», «Бағдарламалау», «Робототехника» біліктіліктері бойынша «Skills for geeks» чемпионаты өткені белгілі.  Биылғы додаға үш мыңнан астам бала қатысқан көрінеді. Іс-шара барысында осынау фестивальдің жеңімпаздары да марапатталып, диплом мен ақшалай сыйлықтарға ие болды.  Сондай-ақ облыс педадагогтары арасында өткен «IT-Ūstaz 2022» байқауының жеңімпаздары да марапатсыз қалмады.

Сөйтіп, фестиваль қорытындысы бойынша тәуелсіз сарапшылардың ұйғарымымен Үржар ауданындағы Қарабұта ауылының 10-сынып оқушысы Ернұр Рамазанов  «Ақылды инкубатор» жобасы үшін  «Үздік  IT жобасының» гран-приін  және «Платинадағы Интеллект» марапатын қанжығасына байлады. Ал «Көрермендер көзайымы» сыйлығы көрмеге келушілердің онлайн-дауыс беруі арқылы анықталды.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button