Белгілі жәйт

Ит арбаны адамдар XVII ғасырда пайдаланыпты

Ит арбаны адамдар XVII ғасырда пайдаланыпты

Біз үшін заманауи өнер туындысы сияқты көрінетін кішкентай балаларға арналған ит арбаның (ходунок) тарихы шындығында XVII ғасырдан бастау алады екен. Олардың сол кездегі сырт пішіні әртүрлі жасалғанмен негізгі атқаратын қызметі жалғыз еді, ол – бауырын енді ғана көтерген нәрестенің тезірек тәй-тәй басып кетуіне көмектесу.
Алғашқы ит арбалардың пошымы төрт бұрышты орындық іспетті немесе дөңгеленген юбкаға ұқсайтын болып келген. Олардың дәл ортасында жеткілікті көлемде ойық ойылып, баланы сол жерге орналастырған. Ал арбаның төрт сирағына кішкентай дөңгелектер бекітілген. Ең бастысы, бұл ит арбалар аяғын апыл-тапыл басқан баланың беліне мықтап байланған. Қазіргі заманауи нұсқалармен салыстырғанда XVII ғасырдағы ит арбаларда ешқандай орындық жасалмаған, сол себепті нәрестенің бір минут отырып, демалуына мүмкіндік болмаған.
Ерте заманда ит арбалар ата-аналар үшін ауадай қажет зат саналған. Себебі, ол кездегі философия мен ғылымның талабы бойынша кішкентай балаларды ес қата салысымен-ақ аяқтарынан тік тұрғызу қажет еді. Тіпті, керек десеңіз, бауырын енді ғана көтерген балақайдың еңбектеуіне тыйым салынған. Дәрігерлер де, ата-аналары да еңбектеуді адамның табиғи даму сатысының алғашқы кезеңдері ретінде емес, жағымсыз әдет деп есептеген. Егер еңбектеудің алдын алмаса, адам өскен кезде де тік тұрып жүре алмайтын, жан-жануарлар сияқты төрт аяқтап қозғалатын болады деген түсінік қалыптасқан. Мұндайға жол беру адамдар үшін өліммен тең. Төрт аяқтап жүру тек хайуандардың, жабайы мақұлықтардың арасында ғана кең тарағандықтан тіршілік иесінің ішіндегі ең саналысы – адамдарға лайықты деп табылмаған. Сондықтан ол дәуірде адамдар құндақтан босаған баласын жерге еңбектетпей бірден тік тұрып жүруге икемдеген. Соған сәйкес «Ит арба» деген дүние ойлап шығарылған және оның маңыздылығына ерекше назар аударылған.

Әзірлеген – Серік Әбілхан

Ит арбаны адамдар XVII ғасырда пайдаланыпты

Осы айдарда

Back to top button