Агросектор

Ірі жобаны іске асыруға жер қарастырып жатыр

Ұлан ауданының жұртшылығы азар да безер болып қарсы шыққан бір жоба бар. Ол – біраздан бері айтылып жүрген шошқа фермасы. «Бізден аулақ!» деп Айыртау жұртшылығы қарсы шыққан жобаға басқа ауылдардың маңынан жер қарастырылып жатыр екен. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте аудан әкімі Ренат Құрмамбаев мәлім етті.

Айыртаулықтар «талпақ танау табаныңды жалтырат» деген соң әкімдіктің бағыты Борсақ ауылына қарай ойысқан болатын. Бұл ауылдың тұрғындары әу баста өре түрегелмесе де наразылық білдірген-ді. Арада біраз уақыт өткенде аудан басшылығы Борсақ ауылының жұртшылығы ферманың салынуына қарсы емес екенін хабарлады. Алайда жергілікті тұрғындардың сөзі басқаша естілді.

– Неліктен сыртымыздан тон пішеді? Біз қарсымыз, аяғына дейін қарсы тұрамыз, – деп шуласқан борсақтық ағайындар.

Бұл мәселенің анық-қанығын Ұлан ауданының әкімі Ренат Құрмамбаевтан сұраған едік. Әкім мырза қалай болғанда да бұл ауқымды жоба жүзеге асырылатынын жеткізді. Өйткені 117 млрд теңгеге есептелген аса ірі жоба ауданды айтпағанда, облыстың экономикасына оң әсерін тигізетін көрінеді.

– Иә, бұл мәселе бізге де, елге де белгілі. Біз осыдан екі ай бұрын инвестормен кездестік. Ендігі кезекте тұрғындарға қолайсыз болмасын, қолқаны қабатын иіс келіп, ауыл маңы ластанбасын деген оймен басқа жерлерді қарастырып жатырмыз. Нақтырақ айтқанда, ауылдан алыс, шамамен 15-20 шақырым қашықтағы бос жерлерді инвесторға ұсындық, – дейді аудан әкімі Ренат Құрмамбаев.

Ал біздің: «қайткен күнде бұл жобаны іске асыру керек пе?», – деген сұрағымызға әкім: «Мен нақты салынады немесе салынбайды деп айта алмаймын. Бұл – 117 млрд теңгеге есептелген аса ірі жоба. Оны елімізде тіркелген компаниялардың бірі бізге ұсынып отыр», – деп жауап берді.

Соған қарағанда шошқа фермасын салу үшін екі тарапқа да қолайлы жер табылмай жатқан сияқты.

Алтай Ғали-Асқар

 

Осы айдарда

Back to top button