«IQanat» ауыл балаларын арманға жетелейді
Мейрамтай Иманғали
Жақында Өскемендегі Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-да IQanat республикалық олимпиадасының екінші іріктеу кезеңі өтті. Ауыл мектептерінде оқитын балаларды қолдауға арналған олимпиаданың екінші кезеңіне облыстан 181 оқушы қатысты.
Қазіргі күні не көп? Мектеп оқушыларына арналған олимпиада көп. Тіпті онлайн олимпиада деген де қалыпты жағдайға айналды. Бірақ солардың ішінде ауыл баласын қолдауға арналған олимпиадалардың қатары некен-саяқ. Ал «IQanat» – ауыл балаларын қолдау мақсатында жүзден астам қазақстандық кәсіпкердің қолдауымен құрылған үлкен республикалық әлеуметтік-білім беру жобасы. Бір сөзбен айтқанда, «IQanat» ауыл балаларын арманға жетелейді. Осынау жобаның біздің облыс бойынша қамқоршысы – BI Group құрылыс компаниясының басшысы Айдын Рахымбаев.
Олимпиаданың екінші кезеңі Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің акт залында салтанатты түрде ашылды. Қатысушыларды «Iqanat» білім беру қоғамдық қорының өкілі Анар Матыбаева құттықтап, жылы лебізін білдірді.
– Қазіргі таңда «IQanat» олипиадасы бүкіл республикаға өте танымал. Олимпиаданың алғашқы кезеңіне еліміз бойынша 40 мыңнан астам бала қатысса, екінші облыстық кезеңге 8 мыңнан астам 8-сынып оқушысы қатысып жатыр. Оның ішінде сіздер де барсыздар. Қазір Қазақстандағы әр облыс орталығында осындай олимпиада өтіп жатыр. Олимпиаданың қорытындысы бойынша, 8 мың оқушының 800-і республикалық кезеңге жолдама алатын болады, – деді Анар Матыбаева.
Айтуынша, республикалық кезеңге жолдама алған 800 баланың 100-і «IQanat» білім беру қорының Бурабайдағы мектебіне қабылданатын болса, қалған 700 бала да далада қалмайды. «Iqanat» білім беру қоры оларды мектеп бітіріп, жоғары оқу орнына түскенше жетелейтін болады, яғни қосымша білім беріп, ҰБТ-ға даярлайды.
– Сіздер ақылдысыздар, мықтысыздар. Қолдарыңыздан барлығы келеді. Осы облыстық байқауда сіздерге сәттілік тілеймін, – деді Анар Матыбаева.
Сондай-ақ олимпиадаға қатысушыларды облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры Данияр Жүнісов, Алтай ауданының қамқоршысы Нариман Сағадиев құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді.
Жыл сайын қордың жаңа қамқоршыларының қатары да көбейіп келе жатқан көрінеді.
– «IQanat» олимпиадасы ауыл балаларына өте үлкен мүмкіндік ұсынады. Ауыл балаларының арманына қанат бітіреді. Олимпиаданың облыстық кезеңіне Тарбағатай ауданынан 18 бала қатысып отыр. Барлығына сәттілік серік болса екен деген тілегім бар, – дейді Тарбағатай аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Гүлнұр Қадылбекқызы.