Экономика

Инвестициялық жобалардың орындалуы ойдағыдай

Кеше облыс Әкімінің орынбасары Ермек Көшербаевтың төрағалық етуімен аймақтың үдемелі индустриялды дамуы жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өтті.

Инвестициялық жобалардың орындалуы ойдағыдайҚалалар мен аудандардың әкімдері, олардың орынбасарлары, сондай-ақ кәсіпкерлер, тиісті сала өкілдері, мемлекеттік жауапты қызметкерлер қатысқан келелі кеңестің күн тәртібінде ағымдағы жылы өңірде жүзеге асырылатын инвестициялық жобалардың жағдайы қаралды.

Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Шәкәрім Бұқтұғұтовтың келтірген деректеріне жүгінсек, биыл аймақта индустрияландыру картасы аясында барлығы 8 жобаны қатарға қосу жоспарланған екен. Атап айтсақ, Ұлан ауданында «Өскемен құс фабрикасы» АҚ-ның жылына 20 мың тоннаға дейін құс етін өндіретіндей жұмыс қуатын арттыру, Жарма ауданында әктас өндіретін «Теньши» ЖШС-нің кәсіпор-ны мен «құрғақ тәсіл» арқылы құрылысқа қажетті цемент өндіретін «Қазақцемент» ЖШС-нің зауытын іске қосу, Өскеменде «Востокмашзавод» АҚ-ның №10 шо-йын құю цехын жөндеуден өткізу және «Согра ЖЭО» ЖШС-де ТГ№1-де жаңғырту жұмыстарын атқару, Семей қаласында жұмыртқа өндіруге бағытталған «Семейқұс» ЖШС-ні бройлер құс етін өндіруге қайта мамандандыру және «Ромат» фармацевтикалық компаниясы» ЖШС-нің медициналық препараттар шығаратын зауытын реконструкциялау, Аягөз ауданында Мұхаметжанов жеке кәсіпкерлігінде тамшылап суару тәсілін енгізу және сыйымдылығы 500 тонна болатын картоп қоймасының құрылысын жүргізу. Міне, ағымдағы жылы тындырылуға тиісті жобалардың тізімі осындай. Бұл жобалардың қазіргі жай-күйі туралы кеңес отырысында аудан әкімдері мен тиісті сала басшылары, кәсіпкерлердің өздері баяндап берді.

Ұлан ауданының әкімі Серік Төленбергеновтің сөзіне қарағанда, Қасым Қайсенов кентінде орналасқан «Өске-мен құс фабрикасында» қазіргі өндіріс орындарын жаңғырту мен қайта жөндеу арқылы, сонымен қатар жаңа құс өсіретін орындар сала отырып жылына 20 мың тоннаға дейін тауық етін өндіруге қол жеткізуге болады. Жобаның құны – 3117 миллион теңге, соның ішінде кәсіпорынның меншікті қаржысы 325 миллион теңге. Нәтижесінде фабрикада қосымша тағы 217 жұмыс орны ашылмақ. Бүгінгі күні барлық жабдықтар әкелініп қойылған.

– «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бо-йынша осы құс фабрикасының су құбырларын, канализациясы мен жылу жүйелерін, ішкі жолдарын жөндеуді тездетіп қолға алғанымыз дұрыс болар еді. Жобаның бірінші бөлігі толық аяқталды, енді қалғанын іске асыруды ширату керек. Өйткені, бұл облыстағы ірі жобалардың бірінен саналады, – деп баяндаған Серік Төленбергенов биылғы жартыжылдықта аталмыш кәсіпорын жаңа күшпен іске қосылатынын жеткізді.
Сол сияқты көпшілік алдында сөз алған Жарма ауданының әкімі Темірбек Қасымжанов «Теньши» және «Қазақцемент» серіктестіктері қолға алып отырған ұтымды жобалардың барысына тоқталып өтті.

Мәселенки, сөндірілмеген кесек әктас өндіру жобасын қолға алған «Теньши» ЖШС келешекте әктаспен қатар асфальтбетонға қажетті минералды ұнтақтар, ауыл шаруашылығында малдар мен құстарға беретін жемшөп шығармақ. Жобаның жалпы құны 1 844 миллион теңге болса, 890 миллион теңгесі несие, меншікті қаржының көлемі – 954 миллион теңге.

Өндіріс орны іске қосы-латын болса, тәулігіне 250 тонна, жылына 90 мың тонна әктас өндірілмек. Ашылатын тұрақты жұмыс орны 80 адамдық, құрылыс жұмыстары кезінде 25 адам еңбекпен қамтылады.

– Бүгінгі күні жоба толықтай аяқталды, қолданысқа өткізуге әзір. Кен орындары игерілуде. «Қазақмыс» басшылығы тарапынан тек бір ғана құжатқа қол қоюды күтіп отырмыз, – деп нақтылаған Жарма ауданының әкімі құрғақ тәсілмен цемент шығаратын зауыттың жағдайынан да хабардар етті.

Оның сөзіне сенсек, елі-міздегі құрылыстарды отандық цементпен қамтама-сыз етуді мақсат еткен бұл зауыт ағымдағы жылы іске қосылып, 500 адам жұмысқа тартылмақ. Жобаның жалпы құны – 19500 миллион теңге.

Айта кетейік, жоба авторлары жіберген қателіктерге байланысты «Ромат» фармацевтикалық компаниясы» ЖШС-нің медициналық препараттар шығаратын зауытын реконструкциялау жұмысы биыл аяқталмай қалатын түрі бар. Оған қоса «Востокмашзавод» АҚ-да да біраз проблемалар шешілмей жатқан көрінеді. Дегенмен облыс басшылығы бұл мәселелерді бір жағына шығаруға көмектесетіндігін жеткізді.

Кеңесте сонымен қатар жоғарыда аталған басқа да инвестициялық жобалардың орындалу барысы талқыла-нып, шешілмей жатқан мәселелер қаралды. Өз сөзінде облыс Әкімінің орынбасары Ермек Көшербаев Үдемелі индустриялды-инновациялық даму бағдарламасы еліміздегі маңызы зор, ең басты бағдарлама екендігін айта келе:

– Президенттің өзі осы бағдарламаның орындалуын назарда ұстап отыр. Жолдауда да бұл туралы жақсы айтылған. Сол себепті біздер жергілікті жердегі атқарушы билік өкілдері инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы үшін кәсіпкерлерге қолымыздан келгенше кө-мектесіп, қажет болса, түсіндіруіміз керек. Сонда ғана бір нәтижеге жетеміз, – деп түйді.

Сондай-ақ облыс Әкімінің орынбасары республика бойынша біздің өңірде жасалған жобалар жоғары баға-ланып отырғандығын тілге тиек етті.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button