Экономика

Инвестиция тартудан алда келеді

Инвестиция тартудан алда келеді
Үржар ауданында атқарылып жатқан игі істер жетерлік. Бұл туралы аудан әкімі Серік Зайнулдин айтып берді.
Елбасының биылғы Жолдауында жүктелген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында ауданда кәсіпкерлерді қолдау, ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру жұмыстары қолға алынған. Ағымдағы жыл басынан бері Үржар ауданына 1 миллиард 368 миллион 500 мың теңге инвестиция тартылған. Бұл 2017 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 62,2 пайызға жоғары. Ал бөлшек сауда тауар айналымының көлемі 5 миллиард 99 миллион 700 мың теңгені құрап отыр. Қазір ауданда елуден астам ауыл шаруашылығы кооперативі құрылған. Бүгінде мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауды сезінген шаруа қожалықтарының басшылары кәсіптерін дамытып, бәсекеге қабілетті, сапасы жоғары өнім өндіруге көшкен. Шағын шаруа қожалықтарының басын біріктіріп, кооператив құру арқылы мемлекеттен техникаға, тыңайтқыштарға, асыл тұқымды мал өсіруге, жеңілдетілген несие алуға мүмкіндік алатынын түсінген үржарлықтар агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға ерекше мән беріп отыр.
– Шолпан, Салқынбел ауылдарына ауызсу құбырлары тартылады. Оған республикалық бюджеттен 200 миллион теңге бөлінеді деп күтілуде. Бұдан бөлек, 2018-2019 жылдары Қабанбай, Ақжар, Жоғарғы Егінсу, Елтай ауылдарының тұрғындары да сапалы ауызсумен қамтылатын болады. Қазір құрылыстың жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуге облыстық бюджеттен 34 миллион теңге қарастырылған, – дейді Серік Зайнулдин.
Алдағы уақытта Үржар ауданында жүзу бассейні салынады. Осылайша, үржарлықтар су спортын дамытуға да ерекше ден қоймақ. Сонымен қатар, Мақаншы орта мектебінің бұрынғы ғимараты мен Қабанбай ауылындағы мәдениет үйіне қайта жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Бұдан бөлек, туризмді дамыту мақсатында Қабанбайдағы ұшып-қону алаңы жөнделеді. Оған облыстық бюджеттен 30 миллион теңге көлемінде қаражат бөлінеді.
– «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында 27 елді мекендегі әлеуметтік нысандар жөнделіп, саябақтарды абаттандыру, ауыл көшелерін жарықтандыру мен жөндеу жұмыстарына 73,8 миллион теңге көлемінде қаражат қарастырылған, – дейді Серік Зайнулдин.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button