Білім

«Интеллектум» сайысы тұңғыш рет өтті

«Интеллектум» сайысы тұңғыш рет өтті


Өскемендегі Назарбаев зияткерлік мектебінде облыстық білім басқармасы мен «Интеллектум» балаларды дамыту орталығы бірлесіп тұңғыш рет облыстық байқау өткізді. Балалардың зияткерлік қабілетін бағалайтын бұл ерекше сайысқа өңіріміздегі білім ошақтарынан қырыққа жуық бала қатысты.

Баланың ой-өрісін дамытатын аталмыш ойындар Еуропа мен Азия елдерінде кеңінен қолданылып жүр. Логикалық ойлау, есте сақтау қабілеттерін шыңдауға ықпал ететін бұл «Интеллектум» сайысы еліміздің білім беру саласына осыдан үш жыл бұрын енгізіле бастады. Компания өкілдігі еліміздің алты облысында ашылды. Қазір бұл ойындарға деген сұраныс күннен-күнге артып келеді. Балалар үйлерінде, мектептер мен балабақшаларда ашылып жатқан «Интеллектум» кабинеттерінде балалар дамытушы ойыншықтармен жалғыз немесе топ болып ойнай алады.

«Интеллектум» жиынтығы негізінен түрлі басқатырғыштар, ойжұмбақтар, тетрис және дойбы, шахмат, домино түріндегі ой-өрісті дамытатын ағаш ойыншықтар мен түрлі кітаптардан тұрады. Жас ерекшелігіне қарай ойындар 4-14 жастағы балаларға арналған.

– Еліміздің болашағы – бұл заманауи, жоғары білімді, зияткер жастар. Сондықтан жастарды барынша қолдау – ең алдымен, жарқын болашақтың қамы. Осы орайда, балалардың логикалық ойлауын, зияткерлік қабілеттерін дамыту мақсатында өңірімізде «Интеллектум» кабинеттері ашылуда. Былтыр «Интеллектум» кабинеттері республикада алғаш рет жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған бес білім беру ұйымында, өңірлік «Дарын» ғылыми-практикалық орталығында және мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Ақ ниет» мектеп-интернатында ашылды. Ұстаздар үшін «Нұр Орда» мектебінде «Интеллектум» ойындары авторының қатысуымен арнайы курстар ұйымдастырылды. Білім басқармасымен бірлесіп, «Интеллектум» ойындары бойынша облыстық турнирді алғаш рет өткізіп отырмыз, – дейді «Интеллектум» балаларды дамыту орталығының директоры Жандос Қамзинов. – Бүгін өңіріміздегі бес балалар үйінен, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Ақ ниет» мектеп-интернатынан және «Нұр Орда» мектебінен қырыққа жуық бала ақыл-ой, білімдерін сынады. Сонымен қатар, біздің «Интеллектум» балаларды дамыту орталығының қатысушылары – «Жемчужинка» балабақшасының балдырғандары да бір команда болып қатысты. Осылайша барлығы сегіз команда сынға түсті.

Тапсырмалар қатысушылардың жас ерекшелігіне байланысты берілді. Мәселен, үшінші сынып оқушылары үшін шахмат пен дойбыға ұқсас ойындар болса, 5-6 сынып оқушыларына есте сақтау қабілеті мен логикалық ойлауды қажет ететін күрделі, басқатырғыш ойжұмбақтарды шешуге тура келді. Әр ойынға шамамен бір сағат уақыт берілді.

Сайыс соңында барлық қатысушыларға арнайы сертификат берілді. Ал қатарластарынан озып шығып, жеңіс тұғырынан көрінген Науалы балалар үйінің үшінші сынып оқушысы Артем Лангавых, Балалар ауылының төртінші сынып оқушысы Дмитрий Хабаров, «Үміт» балалар үйінің бесінші сынып оқушысы Кристина Шатух, Науалы балалар үйінің алтыншы сынып оқушысы Анастасия Тарасова І орын иеленіп, сыйлақтармен марапатталды.

Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Ақ ниет» мектеп-интернатының директоры Светлана Кривицкая айтып өткендей, әдетте шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ сияқты ақыл-зейінді дамытатын ойындармен әуестенетін балалардың сабаққа деген белсенділігі, үлгерімі жоғары болады. Балалардың бойында сабырлық, шыдамдылық қасиеттер қалыптасады.

Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button