Экономика

Инновациялық жобалардың санына емес, сапасына көңіл бөлу керек

Инновациялық жобалардың санына емес, сапасына көңіл бөлу керек

Елбасы Жолдауында көрсетілген міндеттердің орындалуы, ҮИИД бағдарламасының бесжылдық қорытындысы және алдағы жылдары қолданысқа енгізілетін жаңа өндірістер, ел ауқымында аталып өтілетін айтулы мерейтойларға дайындық барысы және өзге де мәселелер облыс әкімдігінің мәжілісінде қаралды. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусин төрағалық етті.
«Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Президент Жолдауын іске асыру аясында өңіріміздегі инженерлік инфрақұрылымдарды дамыту туралы баяндама жасаған облыс әкімінің орынбасары Димитрий Гариков инженерлік инфрақұрылымдарды жаңғырту төңірегінде өзекті болып тұрған түйткілдерге тоқталды. Оның айтуынша, қазір облыстағы жылу жүйелерінің орташа тозу көрсеткіші 53 пайызды құраса, сумен қамту жүйелерінің 40 пайызы тозып тұр. Жаңартуды қажет етеді. Ол үшін республикалық бюджеттен қаражат бөлініп, жергілікті жерде тиісті жобалар жасалған. Мәселен, солардың ішінде Семейдің жылу желілерін қалпына келтіруге он және кәріз дюкерін күрделі жөндеуге бір жоба, Өскеменнің жылу желілерін жөндеуге үш жоба бағытталған.
Сонымен қатар, коммуналдық шаруашылық саласында субъектілерді несиелендіруге халықаралық институттар қаржысын тарту механизмі де дұрыс жолға қойылған көрінеді.
Жолдау жүктеген міндеттердің тағы бірі – тұрғындарды еңбекпен қамту және құрылыс индустриясын белсендіру. Биыл осы бағыттағы жобаларды іске асырудың арқасында 116 адам жұмыспен қамтылып, қазақстандық өнімдердің үлесі арта түседі. Нәтижесінде сумен қамтамасыз ету саласында қазақстандық мазмұнның үлесін 90 пайызға дейін, жылумен қамту желілерінде 72 пайызға дейін жеткізу мүмкіндік болмақ.
– Облыстың коммуналдық тораптарын жаңғырту үшін арнайы іс-шаралар жоспары әзірленген. Соған сәйкес 2019 жылға дейін 101 жоба жылумен қамту нысандарының құрылысына және қайта қалпына келтіруге арналса, 66 жоба сумен қамту және су бұру желілерін жаңғыртуды көздейді. Осы жобалардың бәрін жүзеге асырғанда жаңғыртылған желілердің жалпы ұзындығы 786 шақырымды құрап, желілердегі нормативтік жоғалту көрсеткіші 19,5 пайыздан 15 пайызға дейін төмендейді, – деп түсіндірді Димитрий Гариков.
Бұған қоса облыс әкімінің орынбасары өзінің баяндамасында өңірдегі энергия тапшылығын толығымен жоюға мүмкіндік беретін Екібастұз-Семей-Өскемен, Семей-Ақтоғай-Талдықорған-Алматы электр желілерінің құрылысы, Зырян ауданындағы Тұрғысын ГЭС-ін іске қосу, Өскемен ЖЭО-да турбогенератор орнату сияқты қолға алынған бірсыпыра ірі жобалар жөнінде айтып өтті.

Алғашқы бесжылдықтың нәтижесі жаман емес

Алғашқы бесжылдықтағы ҮИИД бағдарламасының қорытындысы және 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру, болашақта қатарға қосалатын жаңа өндіріс орындары туралы облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жарқын Мұсағалиев баян етті.
Оның айтуынша, бес жыл ішінде өнеркәсіп өнімінің көлемі 1,7 есеге, өңдеу өнеркәсібінің көлемі 2 есеге ұлғайған. Ал негізгі капиталға тартылған инвестиция 1 трлн. 300 млрд. теңгені құрады. Бұл 2010 жылмен салыстырғанда 2,3 есеге өсіп отыр.
Өңірдің Индустрияландыру картасына барлығы 76 жоба енгізілсе, оның 44-і (жалпы құны 220 млрд теңге) қазіргі күні жұмыс істеп тұр. Соның нәтижесінде 8,2 мың жұмыс орны ашылған. Алайда, бұл ваканциялардың тек 60 пайызы ғана қамтылған. Ж.Мұсағалиев бұл жағдайды әзірге кәсіпорындардың толық жобалық қуатына шыға қоймауымен түсіндірді.
– Қазіргі күні жобалардың санына емес, сапасына көңіл бөлу керек. Не себепті алғашқы бесжылдықта жоспарланған жобалардың тек жартысынан сәл астамы ғана толық қуатына шығып отыр? – деп сұрақ қойған облыс әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусин екінші бесжылдықта бұл олқылықтың орнын толтыруға күш салу қажеттігін ескертті.
Екінші бесжылдық демекші, 2015-2019 жылдарға жоспарланған ҮИИД бағдарламасы бірнеше кластерден тұрады. Баяндамашының дерегіне сүйенсек, осы жылдарда жалпы сомасы 624 млрд. теңгені құрайтын отызға тарта жоба қолға алынбақ. Биылдың өзінде 1,6 мың адамды еңбекке тартатын 12 жаңа жоба жүзеге асырылады деп күтіліп отыр. Демек, алдағы жылдары аймақ тұрғындары инновациялық жобалардың игілігін көретін болады. Ал алғашқы бесжылдықтың қорытындысына келетін болсақ, жаман емес.
Жиында сонымен бірге, сүт өндіру және өңдеу бойынша облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ жүктеген тапсырмасы қалай жүзеге асырылып жатқаны туралы ақпарат берілді. Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жарқын Мұсағалиевтің дерегінше, тұрғындардан сүтті сатып алуды ұйымдастыру бойынша арнайы комиссия құрылып, жұмыс істеуде. Бүгінгі күні өңірімізде барлығы тоғыз жүз мыңға тарта мүйізді ірі қара бар болса, оның 285 мыңы сауын сиырлар. Бұл сиырлар жылына 730 мың тоннаның үстінде сүт береді екен. Ал біздің зауыттарымыз бар-жоғы 100 мың тоннаның төңірегіндегі сүтті өңдеп отыр. Алайда, ақпараттарға көңілі толмаған Дүйсенғазы Мусин бұл деректердің қисынға келіңкіремейтінін алға тартты.
– Менің қолымдағы мәліметтер мүлдем басқаша. Мәселен, мендегі ақпарға сүйенсек, облыстағы сүт өңдеу зауыттары жылына 60 мың тонна ғана сүт өңдеуде. Мұның басым үлесі кәсіпкерлердің өз күшімен сүт дайындау пункттері құрылған аудандарға тиесілі. Ендігі жерде біз мұндай пункттер жоқ аудандарда ашуды ойластыруымыз керек. Алдағы уақытта «Шығыс-Сүт» компаниясы екінші зауытын іске қосатын болса, өңделетін сүттің мөлшері екі есе артады. Бұл – ауылда тұратын адамдар үшін малының өнімін өткізіп, табыс табуға тамаша мүмкіндік. Сондай-ақ, сырттан сүт өнімдерін әкелгенше жергілікті өнімдерімізбен ішкі нарықты толық қамти алсақ, қазақстандық мазмұн деген сол емес пе, – деген Дүйсенғазы Мусин жауапты басқармаға бұл бағытта атқарып отырған жұмысына көңілі толмайтындығын жеткізді.

Мерейтойларға бюджеттік емес қаражат тартылып отыр

Биыл елімізде мерейтойлар көп. Атап айтсақ, мұқым ел көлемінде дүркіретіп өткізетін Қазақстан халқы Ассамблеясының және Конституцияның 20 жылдық, Ұлы Жеңістің 70 жылдық, Қазақ хандығының 550 жылдық, Абайдың 170 жылдық торқалы тойлары тұр. Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ербол Нұрғалиевтың ұсынған ақпаратына қарағанда, мерейтойларды жоғары деңгейде өткеру үшін үлкен жұмыстар қолға алынған. Мәселен, Ассамблея жылы аясында өңірімізде 400-ден астам мерекелік іс-шара ұйымдастыру жоспарланса, оның 300-ден астамы қоғамдық-саяси мазмұнға ие жиындар болмақ. Бір айта кететін жайт, бұл шаралардың барлығы дерлік Президент тапсырмасына сәйкес, аз шығынға есептелген. Өйткені, қазіргідей дағдарыс кезінде мемлекет қаржысын үнемдеп жұмсау – негізгі мақсат. Сол сияқты бұл мерекелерді ұйымдастыру мен өткізуге бюджеттік емес көздерден қаражат тарту да мықтап жолға қойылған.
Ағымдағы ақпан айының 6-шы жұлдызында ел аумағында бастау алған Ассамблея жылы аясында бір күнде облыстың 320 елді мекенінде 86 мың адамды қамтыған 350-ден астам шара өтті.
– Биыл тұңғыш рет өңірдегі бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері арасында этножурналистика бойынша байқау жарияланған. Бұл бір жағынан жергілікті тілшілердің кәсіби біліктілігін жетілдіруге, бәсекелестікті арттыруға ықпалын тигізсе, екіншіден, ұлтаралық келісімді насихаттаудың тиімді тәсілі болмақ. Сол сияқты біздің басқармамен ұлтаралық келісімді нығайтуды көздейтін этномәдени бірлестіктердің, ҮЕҰ-дың қатысуымен төрт бірдей әлеуметтік жоба жоспарланып отыр, – деп нақтылаған Ербол Нұрғалиев Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай өткізілетін бірсыпыра іс-шараларға тоқталып өтті.
Оның айтуынша, Кеңес Одағының Батыры деген атаққа қол жеткізген 530 қазақстандықтың 109-ы, яғни, әрбір бесінші майдангер біздің өңірдің тумасы. Ендеше, жеңісті жақындатуда шығысқазақстандық жауынгерлердің қосқан үлесі басым. Өкінішке қарай, Кеңес Одағының Батыры атанған жерлестеріміздің екеуі: Степан Борозинец (қазір АҚШ-тың Чикаго қаласында тұрады) пен Иван Косенковтың (қазір Алматыда тұрады) ғана көзі тірі. Қалғандары о дүниелік болған. Батырларымыздың есімі облыстың бірнеше елді мекеніне, 160-тан астам көше мен 12 мектепке берілген. Атаулы мерейтой қарсаңында аталған елді мекендер мен білім ошақтарында салтанатты шаралар, еске алу кештері өткізіледі. Ұлан ауданының Төлеген Тоқтаров, Ізғұтты Айтықов ауылдарында, Қасым Қайсенов кентінде, сондай-ақ, Жарма ауданының Қапай батыр ауылында абаттандыру жұмыстары жүргізіледі.
Ескерткіштер мен мемориалдық кешендерді, стеллаларды қалпына келтіру жұмыстары қолға алынып отыр. Олардың жалпы саны 338-ді құрайды. Бұл жұмыстарға бюджеттік емес көздерден қаражат тартылуда. Әсіресе, «Туған жерге – тағзым» акциясының әлеуеті пайдаға асырылуда. Мұның сыртында «Нұр Отан» партиясының мұрындық болуымен «Ерлік ескерткіші» акциясы және «Біз ұмытпаймыз!», «Біз мақтанамыз» деген ұранмен автошеру ұйымдастырылады. Жастарымыз белсенді қатысатын «Жасұлан» әскери-патриоттық ойынын өткізу де күн тәртібіне қойылған.
Облыстық «Дидар» және «Рудный Алтай» газеттерінде, «Қазақстан-Өскемен» телеарнасында Ұлы Жеңіске арналған тақырыптық беттер, арнайы көрсетілімдер жарық көруде. Айталық, жыл басынан бері мұндай жүзден астам ақпараттық өнім қалың бұқараға жол тартып үлгерді. Жеңіс мерекесі жақындаған сайын жарияланатын материалдар мен бағдарламалардың үлесі қазіргіден де арта түсетін болады. Ал аймағымыздың бас интернет порталы «Аltaynews.kz» сайтында «Жеңіс үшін рақмет» арнайы жобасы іске қосылған.
Сол секілді Ұлы Жеңістің мән-маңызын ашып, тарихи құндылықтарды келешек ұрпаққа түсіндіру мақсатында әлеуметтік желілерде парақшалар ашылып, роликтердің сілтемелері орналастырылған. Облыстың барлық кинотеатрларында көрермендер үшін фильм басталар алдында тақырыптық роликтер көрсетілуде. Мамыр айының алғашқы онкүндігінде Алтай өлкесі (Ресей) мен Могилев облысы (Беларусь) ардагерлерінің қатысуымен телекөпір өтеді. Бұдан бөлек те көптеген мерекелік шаралар ұйымдатырылады.

Этномәдени бірлестіктер ерекше белсенді

Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблея хатшылығының меңгерушісі Еркінбек Аязбаев бүгінде «Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына – 20 қайырымды іс!» атты республикалық эстафета бастау алғандығын және оны шығысқазақстандықтар 23-ақпан күні керекуліктерден алып, 27-ші ақпанда Алматы облысына табыс ететінін айтты. Оған өңірдегі барлық этномәдени бірлестіктердің өкілдері белсене қатыспақ. Аталған бірлестіктер мен облыс аумағында жұмыс істеп тұрған тоғыз достық үйі арасында «Күшіміз – бірлікте!» атты спартакиада өткізу жоспарда бар. Жалпы, Ассамблея жылына арнап биыл облысымызда жүзден аса іс-шара өткізіледі.
– Бұл іс-шараларға этномәдени бірлестіктер белсенді атсалысып отырғанын атап айтқан абзал. Мәселен, татар этномәдени бірлестігі Өскемендегі этносаябақта белгілі тұлға Мұса Жәлелге ескерткіш орнатты. Ал кәріс мәдени бірлестігі студенттерге Оңтүстік Кореяда оқу кезінде көмек көрсетуге ықпал ететіндіктерін білдіруде. Казактар православиелік ескі шіркеуді қалпына келтіру жұмыстарын қолға алады. Осы және өзге де бастамаларды қосқанда қазіргі уақытта облыста тек этномәдени бірлестіктер арқылы ғана қырық қайырымды іс жиналды, – деді Еркінбек Аязбаев.
Сонымен қоса, жиында Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен олардың жесірлеріне, тыл еңбеккерлеріне және осы санатқа жатқызылған өзге де жерлестерімізге мерейтойлық бірреттік материалдық көмек беру мәселесі де сөз болды. Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Асхат Садыровтың ақпаратына жүгінсек, Астана мен Мәскеу қалаларында болатын шеруге қатысатын шығысқазақстандық ардагерлердің барлық шығындарына республикалық бюджеттен 3 миллион теңгеден астам қаражат бөлініпті. Сол сияқты бір реттік материалдық көмек көрсетуге ел қазынасынан қомақты қаражат қарастырылып отыр. Нәтижесінде, соғыс ардагерлері 100 мың теңгеден, басқа да тиісті адамдар осы сомадан сәл аздау көлемде бір реттік көмекке ие болмақ. Оған қоса мерейтой иелерін алқалауға облыс және аудан қазынасынан қосымша қаражат бөлінбек.
Осы орайда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Василий Ахаев берілетін бірреттік материалдық көмектің көлемі әр ауданда әрқалай болмай, бірдей мөлшерде белгіленуі қажеттігін айтты. Сол секілді ол қатары сиреп бара жатқан ардагерлерімізді қадірлеп, зор құрмет көрсетуге, ерлік істерін насихаттауға баса күш салуға шақырды.
Мұндай пікірді облыс әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусин қызу қолдап, аудан-қалалар әкімдеріне жергілікті жердегі соғыс ардагерлерін, тыл еңбеккерлері мен өзге де соғыс зардабын тартқан адамдарға лайықты құрмет пен көмек-қолдау жасауға тапсырма берді. Тіпті, басқарма басшылары өздерінің біркүндік еңбекақыларын ардагерлерге арнап аударса да артықтық етпейтінін айтты.
Жиынды қорытындылай келе облыс әкімінің орынбасары жауапты орындар өкілдеріне қыстың көзі қырауда әлеуметтік маңызды нысандардың тоқтаусыз жұмыс істеуін қамтамасыз етуді, жылу беру кәсіпорындарындағы отын-көмір қорының жеткілікті болуын қадағалауды, көктемгі тасқынға дайындық жұмыстарын пысықтауды тапсырды.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button