Білім

Игі бастаманың қолдаушылары көп

Игі бастаманың қолдаушылары көп
Өскеменде өткен «Туған жер» форумы аймақтың кәсіпкерлері мен қалталы азаматтарына, қаржылық мүмкіндігі бар өзге де тумаларына қозғау салып, туған елі мен алтын ұя мектебіне қамқорлық көрсетуге белсендіре түскені рас. Айтулы шараға атсалысып, шама-шарқынша демеушілік жасауға тырысқан атымтай жерлестеріміз облыс әкімінің бұл бастамасын қолдайтындарын айтып жатыр.

Дәурен Бейсембаев, «ВК-Техногрупп» құрылыс компаниясының директоры:
Игі бастаманың қолдаушылары көп
– Облыс әкімі Даниал Ахметовтің бастамасымен ұйымдастырылған «Менің мектебім» жобасы туралы естігенде әрине қуандым. Біз де оқушы болдық. Мектептен білім, тәлім-тәрбие алдық. Сондықтан аталмыш шараға бейжай қарамай, барынша қолдауды жөн көрдік. «ВК-Техногрупп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұжымы атынан игілікті іс үшін «Парыз» қорына 53 миллион 575 мың теңге аударатын болдық. Бұл қаражатқа өңіріміздегі бірнеше мектептің биология, физика, химия пәндеріне арналған кабинеттердің жиһаздары мен құрал-жабдықтары жаңартылып, робототехника кабинеттері ашылатын болады. Болашақ бүгінгі оқушы жастардың қолында. Олардың заман талабына сай сапалы білім алып, бәсекеге қабілетті білікті мамандар болуы үшін аға буын өкілі ретінде аянып қалмауға тиіспіз.

Жанна Асқарова, Зырян ауданы әкімінің орынбасары:
Игі бастаманың қолдаушылары көп
-Әр саналы азамат туған жерін, білім нәрімен сусындатқан мектебін ұмытпауы керек. «Туған жер» акциясы аясындағы «Менің мектебім» патриоттық жобасы Зырян ауданында белсенді жүзеге асырылып жатыр. Кәсіпкерлер форумында айтып өткендей, облыстық мәслихаттың депутаты Ержан Нұрбаев алты миллион теңгенің демеушілігін көрсетіп, бұл қаражатқа Зыряндағы №8 мектепте роботтехника кабинетін ашып беретін болды. Аймақ басшысы Даниал Ахметовтің игілікті бастамасын жалғастыра отырып, қарашаның соңына қарай Зырян ауданы көлемінде «Жомарт жүрек» акциясын өткіземіз. Жалпы аудан мектептерінде балаларды инженерлік-техникалық бағытқа бейімдейтін 11 робототехника кабинетін ашуды жоспарлап отырмыз. Бүгінгі таңда мектеп басшылары, кәсіпкерлер, түрлі салада еңбек етіп жүрген түлектеріміз арасында ұйымдастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Нұржан Абдыкаримов, Ұлан ауданы әкімінің аппарат жетекшісі:
Игі бастаманың қолдаушылары көп
-«Ел боламын десең – бесігіңді түзе» демекші, облыс әкімі Даниал Ахметовтің бұл игілікті бастамасына ұстаздар мен оқушылар, ата-аналар дән риза. Білім саласын қолдауда жалғыз мемлекет емес, кәсіпкерлердің де жауапкершілігі болғаны жөн. Біздегі 16 округтегі 47 елді мекенде демеушілік көрсетуге ниетті шаруа қожалықтары, жеке кәсіпкерлер аз емес. Аймақ басшысы айтып өткендей, түлектердің көмегі сыныптарды заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге бағытталуы қажет. Жақсы нәтижеге жетіп, физика, химия, биология кабинеттерін толық жабдықтау үшін арнайы жоспар құрылды. Нақты қай мектепте, қандай кабинеттер жетіспейді, қандай құрал-жабдық қажет екендігі алдын ала анықталды. Биылдың өзінде жекелеген мектептерді компьютерлермен қамтып жатқан демеушілер бар. Жалпы, робототехникаға оқушылардың қызығушылығы зор. Ол балалардың логикалық білімін дамытып, инженерлік салаға қызығушылығын арттырады.

Осы айдарда

Back to top button