Білім

Ғибратты Ғаба, зерделі Зұлқаров

Ғибратты Ғаба, зерделі Зұлқаров


Сексеннің сеңгіріне шығып отырған Ғабеңді – Ғабит Зұлхаровты сонау 1990 жылдары Аягөз аудандық «Алға»-«Вперед» газетінде өндірістік тәжірибеден өтіп жүргеннен бері танушы едім. Жас мамандарға ақыл-кеңес беріп, журналист болып қалыптасуларына ықпал етіп жүретін.

Ал уақыт қанатына ілескен мезгіл қоңыраулары да түрліше күмбірлесе керек. Асыл ағамыз жайында қалам тартуға бекіндім.

«Құлагерді экраннан көрсек» деп ұсыныс тастады

Қырық жыл бойы журналистік атқа дақ түсірмеген Ғабеңді алдыңғы буын ағалары барынша бағалап, зерделі Зұлхаров деп атап кетіпті. Ал бүгінгі ізінен ерген кейінгі толқын інілері «ғибратты Ғаба» деседі. Бұл – әркімге көрсетіле бермейтін құрмет пен ілтипат.

Ғабит Зұлқаров орта мектепті ойдағыдай бітірісімен, өз ауылындағы жетіжылдық мектепте еңбек жолын ұстаздықтан бастайды. Ел өмірін өз көзімен бағдарлай білген жас жігіт осыдан бастап аудандық, облыстық газеттерге мақала жазуға бой ұрады. Жаратылысынан оқысам, білсем деген Ғабит Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика бөлімін бітіреді. Содан бастап ыстығы мен суығы мол журналистік көрікке түскен ол алғашқы жылдары Шар ауданының «За коммунистический труд» газетінде еңбек етеді. Өзі туып-өскен Жарма ауданының «За изобилие» газетінде, Семей облыстық радиосында да біраз жылдарының ізі қалды.

Ғабит – ел құлағын елең еткізетін жинақы журналист. Бұл шаруа Зұлхаров еңбегінің бастауы болып қана қоймай, мызғымас діңгегіне айналып кете барды.
Бұл баянды бастама Ғабит бойында аңыздар елі, ақындар елі – Аягөз өңірінде өріс алды. Өйткені оның кейінгі жарты ғасырлық өмірі де осында арналанды, осында ажарланды. Қос тілде басылатын Аягөз аудандық «Алға» – «Вперед» газеттерінде жұмыс істей жүріп, ол еліміздің Шығысында биязы жүнді қой өсірумен әйгіленген «Қарақол» совхозы туралы танымдық, деректерге толы кітап жазуға да уақыт таба білді. Бұл сонау өткен ғасырдың жетпісінші жылдары басында Семей облысындағы аудандық газет қызметкерлері арасында деректі тақырыпқа ден қойып, кітап жазған отыздағы Ғабит Зұлхаров екен.

Айтпақшы, ұмытып барады екенмін. Сол өткен ғасырдың елуінші жылдары аяғында халқына шығармалары қайта оралған Іляис Жансүгіровтің «Дала», «Құлагер», «Күйші», «Күй» поэмаларын оқығаннан кейін, жиырмадан асқан Ғабит «Лениншіл жас» газетінде «Құлагер» – экрандық шығарма», «Қазақ әдебиетінде» «Құлагерді экраннан көрсек» деген мақалаларды ұсыныс түрінде жариялаған екен. Бұл ұсыныс 1980 жылдардың ортасында жүзеге асып, жұртшылық «Құлагерді» экраннан көрді.

Сондай-ақ алпысыншы жылдардың басында «Балауса» атты тұңғыш өлеңдер жинағымен поэзия есігін ашқан ақын Жұмекен Нәжімединов туралы, ақын Зейнолла Шүкіровтің прозадағы алғашқы аяқ алысы – «Тоғысқан тағдырлар» повесі айналасында «Лениншіл жаста» көңілге қонымды пікір білдіргендердің бірі – ауыл мұғалімі, жиырмадан асқан Ғабит Зұлхаров еді.

Жас жігіттің көркем әдебиетке ден қоюынан жерлестері келешекте Ғабитті не ақын, не жазушы болар дер үміттенген. Иә, Ғабит та өлең өнеріне талпыныс жасады. Ол алты өлең жазып, олардың бәрі де баспасөз бетінде басылды. Алайда одан кейін өлең жазуды қойып кетті. Тегі, бұл оның сөз патшасы – өлең еріккеннің ермегі еместігін, көңіл күйді күйттейтін нәрсіз өлең иесі болғанша, ойлы оқырман болуды көксегені шығар деп ойлаймыз.

Сөйтсе де, Ғабит қаламынан шыққан сол шағын өлеңдерде ертеңгі күніне артар үміті мен арманы көрініс беріп қалған екен. Оның өлең әлеміндегі тырнақалды – «Арманым» («Қазақстан мұғалімі», 1956, 3 қазан) өлеңі бар-жоғы екі ақ шумақтан тұрады. Соның ең соңғы шумағында:

Арманым көп қой өмірде,
Өнерге кезім бой ұрар.
Адам болып келіп өмірге,
Азамат болмақ ойым бар, – десе, бұл тұнық сыры, тұңғыш арманы, алға қойған азаматтық «иманшарты» болса керек. Ал «Мен – баспасөз солдаты» атты өлеңі алдағы өмірлік мұрат-мақсаты болып қалғанға ұқсайды.

Янушкевичті де аударған

Аудандық газеттің қара қазанында қайнаған алғыр да ықтиятты Зұлхаровтың айына бір жақсы очерк жазбаған кезі кемде-кем екен. «Дөңгелек үстелдерді» шығармашылық тұрғыдан түрлі көкейкесті мәселелерді көтере отырып, оларды жергілікті авторлар атынан ұйымдастырды. Бас мақалаларды түрлендіріп, жандандарып, бойына қан жүгірткен де – осы Зұлхаров. Қос тілді қаламгер болуы, орыс тілінде еркін сөйлеп, жаза білуі журналистік белестерде талай кәдеге жарап, шарапаты тигені де рас.

Ғабаң денсаулығына байланысты жұмысын мұрағатқа ауыстырады. Мұрағатта он жыл істепті. Жұмысы ауысса да, қолындағы қаламы ауыспапты.
Қазақта мұрағат қазынасын ақтаруға жан-тәнімен берілген жанкешті кім десеңіз, әлбетте, әуелі абыз ғалым Әлкей Марғұлан есімізге түседі. Мұрағат ісінің қызығы да, шыжығы да көп деседі. Азабы да мол, жанға қуаныш сыйлайтын ғажабы да жетерлік. Міне, осы азап пен ғажапты өз басынан кешіп, еңселі елуінде ерінбей мұрағат ақтарған Шығыс өңірінің қаранар қаламгері Ғабит Зұлхаров деп айта аламыз. Бұған айшықты айғақтар жетерлік.

Бір ғасырдан астам тарихы бар, әлем халықтарының 240 тіліне аударылған, халықаралық жұмысшы табының жыр-жалауы – «Интернационал» әнұранының тарихын зерттеу Зұлхаровқа оңайға түспепті. Қай елде, қай халықта қашан алғаш рет кімдер аударды, қалай жарияланып паш етілді, осының бәрін жіпке тізгендей мұрағаттық деректер негізінде мәттәқам мұрағаткер Ғабекең қағазға түсірген. Соның нәтижесі болар, осы тақырыпқа арналған оның 210 мақаласы республикамыздың әр алуан мерзімді баспасөз беттерінде алты тілде жарық көріпті. Сөйтіп, 1984 жылы «Өнер» баспасы түрлі-түсті бояулармен «Әлем әні» атты кітапты 10 мың таралыммен шығарды. Кеңестік дәуірде өзге ұлт тіліндегі әнұранның тарихы туралы он бес одақтас республика ішінде тұңғыш зерттеу жазған Зұлхаров болды.

Ғибратты Ғаба, зерделі Зұлқаров

Ал Ғабит ағамыздың аудармалары – өз алдына бір төбе. Бұл орайда, қазақ даласында ширек ғасырдай айдау көрген поляк революционері Адольф Янушкевичтің «Күнделіктер мен хаттар» атты тарихи танымы мол кітабының аудармасы алдымен ойға орала береді. Кітап екі қайтара орысшадан қазақ тіліне аударылған екен.

Екі рет деуіміздің де салмақты себебі бар. 1974 жылы «Жалын» баспасы отау көтергенде, ағамыз осы аталмыш кітаптың өзі қазақшалаған алғашқы нұсқасын ұсынған екен. Аударманы қараған баспагерлер оның әлі де болса біршама кемшіліктері барлығын айтып, кері қайтарған. Сөйтіп, Янушкевич кітабы алғаш рет Қазақстанда журналист Мұқаш Сәрсекеевтің аудармасымен жарық көріп кеткен.

2003 жылы А.Янушкевичтің туғанына 200 жыл толуына орай, өзі аударған кітабының мәні мен мазмұнын барынша баяндай отырып, аталмыш шығарманы дәл сол жылы мемлекеттік тапсырыспен басып шығаруды ұсынып, Мәдениет және қоғамдық келісім министрлігіне хат жолдаған. Ұсыныста алғашқы Сәрсекеев аудармасы мен өз аудармасын салыстырып, осы екеуінен орысша нұсқаға барынша жақын аударма шығарғанын ашып көрсетеді. Мәдениет министрлігі аударма шаруасымен айналысатын «Аударма» баспасына соңғы аударманы қарауды ұсынды. Өз кезегінде ол баспа екі аударманы саралауды Астанадағы Л.Гумилев атындағы Евразия Ұлттық университетінің тіл мамандарына жолдайды. Ол жақтан соңғы аударма үштен бір өзгерісте екенін, мұны да дербес ажарлы аударма деп бағалауға негіз барлығын айғақтайтын жауап келеді. Сондай-ақ бұл аударма Әділет министрлігіне қарасты санаткерлік меншік құқығы жөніндегі комитетінде талқыланып, аудармашы Зұлхаровқа авторлық құқық беру жайы тиянақталады. Сол кездегі Мәдениет министрлігіне қарасты баспа және полиграфия жөніндегі департаменті де бұл аудармаға оң баға беріп, оны сол Янушкевичтің туғанына 200 жыл толуына орай, 2003 жылы басып шығаруға шешім шығарды. Ақырында, Янушкевичтің кітабы Ғ.Зұлхаров аударған жаңа нұсқада «Аударма» баспасынан «Қазақ даласына сапар туралы жазбалар» деген атпен 2000 дана болып басылып шығады.

Сондай-ақ Янушкевичтің туғанына 200 жыл толуына байланысты тікелей Зұлхаровтың ұсынысы бойынша Астана, Семей және Аягөз қалаларында бір-бір көшеге оның есімі беріледі. Янушкевичпен бірге үзеңгілес жерлестері – ақын Густав Зелинский, суретші Бронислав Залесский, заңгер Северин Гросстардың қазақ елі жайында жазып кеткен кітаптары айналасында Зұлхаров мерзімді баспасөз беттерінде 60-тан астам мақалалар жариялаған.

Зұлхаровтың көтерген тақырыптары сан алуан. Олар – \”Салқынбелдегі соқтығыс\”, «Ақын Жазық кім?», «Құнанбай мен Сарыбай», «Бұл қай еркінсу?», «Тарихшы Құрбанғали Халид», «Аягөзге Достоевскийден келген хат», «Қыз көрелік», «Қазақтың тұңғыш романы», «Ақынды генерал да жақтаған», «Жарға жығар жалғандық», «Шоқанның Аягөзде болуы», «Джордж Семейде болған», «Есентайды да ескерейік», «Кемеңгердің бір хаты», «Әуезов Аягөзде болғанда», «Бізге қай Барақ жақын?», «Еңлік – Кебек» пьесасындағы Еспенбет кім?», т.б.

Міне, әрқайсысы нақты деректермен шегенделген, көлемді де тілі көркем мақалалары ел мен жер тарихының қойнауына кіргізіп жібергендей. Аралай бергің келеді, оқығың келеді. Осындай мақалалардың бірталайын 2006 жылы облыстық «Дидар» газетінің сол кездегі редакторы Жұмәділ Әділбаев пен облыстық мәдениет басқармасының бастығы Түсіпхан Түсіпбеков мұрындық болып, мәдениет пен өнерді қолдау қорының демеушілігімен «Аңыздар, асулар, адамдар» деген атпен кітап басылып шығады.

Әуезов кейіпкерлері туралы 200 мақала жазды

Әуезов әдебиетіміздің шетсіз де шексіз әлемі. Мұхтар мұрасын зерттеуде есепсіз тер төккен Қайым Мұхамедханов пен Кәмен Оразалин десек, ізбасарлары қатарына қаламы қолдан түспеген ағамызды қосуға болады. Бұл орайда енді Зұлхаровтың өзін тыңдап көрген жөн сияқты.

-Осы 80 жасымның тең жартысы Әуезовпен әуестенуге кетті, – деп бастады әңгімесін ағамыз. – Ұлылар ұлы істе де ұлы, ұсақ-түйекте де ұқыпты. Мұхаң мұрасы осыған айғақ. Әуезов әлемі дегенде мен назарымды ұлы суреткердің тек қысқа да нұсқа деректі жолсапар очерктеріне аудардым. Нақтылап айтсам, жазушының «Көктемнен бері» (1933), «Баймұхамбетұлы – жолдас» (1935), «Товарищ Жанай» (1935), «Оның аты екінші» (1940), «Әр тынысың Отан дейтін күн бүгін» (1941), «Ворошилов атындағы колхозда» (1946), «Түркістан осылай туған» (1955) атты очерктердің жазылу деректерін мұрағаттардан тауып, олар жайында тарихи танымдық мәні бар мақалаларды бес тілде (қазақ, орыс, ұйғыр, неміс және корей) мерзімді баспасөз беттерінде жариялаттым. Бүгінде олардың жалпы саны 200-ге жетті.

Әуезовтің деректі шығармаларына ден қоюым, ұлы жазушының 1940 жылы мерзімді баспасөз беттерінде басылған «Оның аты екінші» деген жолсапар очеркінен басталды. Мұхаңның бұл деректі шығармасы сол жылы жалпы ұзындығы 806 шақырымға созылатын Шығыс тасжолын салушылар еңбегін баяндауға арналған. Барынша атап өтер бір жайт, Семей мен Шығыс Қазақстан облыстарын шеңберше иіп, Түрксибті сулы Ертіспен жалғастыратын бұл ресми құжаттарда үшінші бесжылдықтың бүкілхалықтық екпінді құрылысы делінсе, ел ауызында «Шығыс сақинасы» – «Восточное кольцо» атанған.
Міне, осы жол салудың алғашқы кезеңінде Мұхаң Қазақстан Жазушылар одағының бригадасын бастап келген. Оның құрамында Ғабиден Мұстафин, ақындар Павел Кузнецов, Дмитрий Снегин және Нұрлыбек Баймұратов болған. Қазақтың қара сөзінің хас шебері М.Әуезов осы бір қарбалас сапарында көлемі 39 беттік «Оның аты екінші» деген деректі очерк жазып, оны сол кездегі Семей облыстық «Екпінді» газетінің үш санына бастыртқан. Кейін осы шығарманың кейбір тараулары «Социалистік Қазақстан» газетінің сол жылғы 19 шілде мен 18 тамыздағы сандарында «Майдан» деген атпен жарық көрген. «Лениншіл жас» газеті де «Алтын жүзік» деген тақырыппен үзінділерін басқан. Мұхаңның бұл очеркі көзі тірісінде жарық көрген ешбір жинақтарына енбей қалған. Тек жазушы дүние салғаннан кейін шығарылған 12 томдық шығармалар жинағынан орын алған.

45 жылдан кейін осы очерк айналасында Зұлхаров бес жыл бойы мұрағаттық іздестіру жүргізіпті. Нәтижесінде очерктегі 27 кейіпкердің алтауының ортамызда тірі жүргенін анықтаған. Осы деректер бойынша очерктің жазылу тарихы, сол кездің тіршілік-тыныстары айналасында, онда баяндалатын мәселелер мен кейіпкерлері жайында Ғабит ағамыз аудандық, облыстық газеттерден бастап, «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас» газеттері мен «Жұлдыз», «Простор» журналдарында танымдық мақалалар ұйымдастырған.

Сондай-ақ сонау 1933 жылы жазушының «Көктемнен бері» атты очеркінің бас кейіпкері, ауыл мұғалімі, 80 жастағы Өмірәлі Қылаңкөзовті Жамбыл облысы, Жуалы ауданының Ленин атындағы ұжымшардан 53 жылдан кейін тауып, онымен кездесуі туралы қазақ және орыс тілдерінде аудандық, облыстық, «Қазақ әдебиеті» мен «Семей таңы» газеттерінде мәнді де мәйекті мақала жазған.

Ал ұлы суреткердің 1927 жылы Ленинград мемлекеттік университетінде оқып жүргенде, КСРО Ғылым академиясы жанындағы өндіргіш күштер жөніндегі тұрақты комиссиясы Семей губерниясындағы үй жануарларының тұқымын зерттеуге келген оқымыстыларына жазып берген сілтеме хаты айналасында жүргізген мұрағаттық ізденісі «Кемеңгердің бір хаты», «История одного письма» атты мақалаларды жазуға негіз болған. Зұлхаровтың сол бір хат туралы аз да болса дәйекті дерек берген Латвия академиясы шығарған бір кітап қазір Әуезовтің Бөрілідегі мұражайында сақтаулы.

Қазақстанның 15 жылдығына орай 1935 жылы бір топ Ленинград жазушылары қазақ жерін екі ай аралайды. Әуезов солардың біразын Шығыс Қазақстан облысымен жете таныстырған. Осы сапар аясында жазушының «Товарищ Жанай» атты мәйекті мақаласы 1935 жылы 23 қазанда «Правда» газетінде, «Баймұхамбетұлы – жолдас» атты очеркі «Социалистік Қазақстан» газетінде 26 қазанда басылған. Екі очерктің де бас кейіпкері Жарма ауданындағы Ақжол кенішіндегі партиялық жұмыстарды ұйымдастырушы Жанай Баймұхамбетұлының тағдыры, Алтайдағы кен өндіру жайы мен жұмысшы табының қалыптасуы туралы жазылған.

Газетте жарияланғаннан кейін бұл очерктердің түпнұсқасы табылмаған, екеуі де ұмыт болғандықтан, жазушының ешбір кітабына енбей қалған. Очерктің «Правда» газетінде басылған нұсқасын іздестіру кезінде Москвадағы Ленин атындағы және Ленинградтағы М.Салтыков – Шедрин атындағы кітапханалардан газеттік басылымдар алыныпты. Москвадағы СОКП Орталық комитеті жанындағы марксизм-ленинизм институтының партиялық мұрағатынан Жанай Баймұхамбетовтің өмірбаяны да Зұлхаровтың қолына тиген.

Жанай Түркіменстанда туған, жастайынан қоғамдық қызметке белсене араласқан, азамат соғысын да басынан кешірген. Ол 1933 жылы Москвадағы кадрлар даярлайтын Қызыл профессура институтын бітірген. 1933-1935 жылдары Шығыс Қазақстан жеріндегі «Алтай алтын» тресінің Ақжал кенішіндегі партия жұмыстарының ұйымдастырушысы болған. 1935-1937 жылдары алдымен Шығыс Қазақстан облыстық партия комитетінде өнеркәсіп-көлік бөлімінің меңгерушісі, кейіннен облыстық партия комитетінің екінші хатшысы қызметтерін атқарған. Амал не, Мұхаңның бұл кейіпкері 1937 жылы нәубет заманының құрбаны болған екен.

Табылған мұрағаттық деректер негізінде «Правдадағы» тұңғыш басылым» – «Первая публикация в «Правде» атты мақалалар жазылып, ол жазушының 90 жылдығы тұсында республикамыздың көптеген газет-журналдарында жарық көрді. Бұл очерктің осы нұсқасы 2003 жылы жазушының 50 томдық академиялық шығармаларына тұңғыш рет енгізіліп, оқырмандарымен 68 жылдан кейін қайта қауышқан.

Ұлы Отан соғысы басталған кезде М.Әуезовтің Қазақстанның бір топ жазушыларымен кенді Қарағандыға, Балқаш өңіріне барғандығы жайында бірі білсе, бірі біле бермес. Міне, осы қысылтаяң шақта жазушының терең тебіреніспен, келісті көсем сөзбен жазған шымыр шығармаларының бірегейі – «Әр тынысың Отан дейтін күн бүгін» атты ойлы очеркі. Очерк кейіпкерлері Әбдіхалық Мұстафинді (жазушы Ғ.Мұстафиннің туған інісі), металлург, аягөздік Камал Қадыржановты іздеп тапқан Ғабең бірталай танымдық мақалаларына арқау етті.

Дәл осындай ізденістермен жазушының 1946 жылы жазған «Ворошилов атындағы колхозда» атты очеркінің тірі жүрген үш кейіпкерін, 1955 жылы тың көтеру кезінде жазылған «Түркістан» осылай туған» очеркіндегі совхоз директоры Строговты Москва облысының бір қаласынан, совхоз агрономы Трегубовты Киев қаласынан, Сарысу ауткомының төрағасы Аман Алпысбаевты Жамбыл қаласынан (ол әлі тірі), қыста боранда қалатын Садаға-Сақышты Жанатас қаласынан табуы Әуезов әлемі көкжиегінің одан әрі кеңеюіне мүмкіндік туғызды.

Әуезовтің деректі шығармалары айналасындағы Зұлхаровтың соңғы да соны ізденісі – жазушының 1943 жылы жазда, ұлы Абайдың туғанына 100 жыл толуына орай мерекеге дайындық барысында туған жеріне, оның ішінде жол-жөнекей Аягөз қаласында болғандығын нақты деректер негізінде анықтауы болды. Мұхаңның осы сапарда алдымен Аягөзде үш күн болғандығы – «Қазақстан жазушылары Аягөзде» атты мақаланың сол кезде Семей облыстық «Екпінді» газетінде (1943, 2 шілде) жарияланғандығы. Бұл мақала бүгінге дейін Әуезов шығармашылығы туралы басылған бес библиография көрсеткіштерінде жоқ. Зұлқаров осы мақала авторы Ә.Толғанбаевты іздеп тауып, онымен сұхбаттасқан. 10 жылға созылған ыждаһатты ізденіс соңында Мұхтар Әуезовтің 115 жылдығына орай, Аягөз қаласында үш күн аялдаған үй қабырғасына 2015 жылдың 28 қыркүйегінде ескерткіш тақта орнатылды.

Ғибратты Ғаба, зерделі Зұлқаров

Рас, Зұлхаров Әуезов әлемінде жаңадан жаңалық ашты деп айта алмаймыз. Алуан сырлы Мұхтар мұрасы кімнің де болса зерттеуіне жетіп жатыр. Тек оған деген ынталы ықылас керек.

Алматыдағы жазушы атындағы ғылыми-зерттеу институты мен жазушының мұражайы Зұлхаровтың жазбаларын елеусіз қалдырған жоқ. «Мухтар Ауэзов и современная литература» (1989), «Әуезовтің өмірі мен шығармашылығының шежіресі» (1997), «Әуезов шығармашылығы бойынша библиографиялық көрсеткіш» (2005), «Мұхтар Әуезов энциклопедиясы» (2011), «Әуезов шығармаларының елу томдығының» 10,18 және 20 томдарында Ғабиттің ұлы қаламгер туралы жазған қысқа да нұсқа анықтамалық деректері сақтаулы тұр екен. Сондай-ақ Ғабит Зұлқаровтың «Аңыздар, асулар, адамдар» атты мақалалар жинағына ұлы жазушы жайында жазылған сегіз мақаласы енген. Хас суреткердің биыл туғанына 120 жыл толуына орай ғылыми мекеме Ғ.Зұлхаровтың «Әуезов және Аягөз» атты кітабын шығарыпты.

Демек Ғабең әлі жүрісте жүрдек, мұрағатта мағыналы, жұмыста жасамыс, жазбада жарамды, отырыста орнықты. Отырыс демекші, сондай отырыстың бірінде кенеттен ағамыздан сұраған едік:

– Бір мақалаңызда «Еңлік – Кебек» пьесасындағы би Еспенбетті сіз батыр Еспенбет деп баяндапсыз. Соның жөні қалай?

Тосыннан қойылған сұғанақ сұраққа ағамыз бөгелместен жауап берді:

– Орта жүзде Еспенбет атты би болмаған, керісінше, Еспенбет атты батыр болған. Осы батыр туралы қазақ әдебиетінің 19 ғасырдағы көрнекті өкілі Дулат Бабатайұлы «Еспенбет» атты ұзақ дастан жазып кеткен. Сондай-ақ С.Сейфуллиннің «Көкшетау» поэмасындағы Адақ батырдың шын аты – Еспенбет. Еспенбет те, Дулат та – Аягөз өңірінің тумалары, Дулаттың үлкен әкесі Досым мен Еспенбет – бір кісі. Әуезов өз драмасының жанр ерекшелігіне қарай, Кеңгірбай мен Көбей сынды Тобықтының тұлғалы билеріне өктем сөйлеп, өз ойын өткір өткізе алатын би қажет болғандықтан, батыр Еспенбетті бидің дәрежесіне көтерген. Бұдан драма, ұтпаса ұтылып тұрған жоқ, – деді.

Тілеукен Тілеубердіұлы

Осы айдарда

Back to top button