Хоккей матчтарын тегін тамашалайды
Өскемен қаласының әкімдігі, «Казцинк» компаниясы мен «Торпедо» хоккей клубының басшылығы шығысқазақстандық хоккейсүйер қауым үшін бір емес, екі бірдей тамаша жаңалық дайындап қойды. Бұдан былай жергілікті жанкүйерлер «Торпедоның» ойындарын тегін тамашалай алады.
Хоккей клубының басшылығы мен бас демеушісі «Казцинк» компаниясы 2023 жылдың 30 сәуіріне дейін жанкүйерлерді Борис Александров атындағы Спорт сарайының трибуналарына тегін кіргізу туралы шешім қабылдапты.
Айта кетейік, облыс орталығындағы Спорт сарайында клубтың негізгі командасымен қатар, жастар ұжымының ойындарын да тамашалауға болады екен.
«Кездесулер кестесін www.hctorpedo.pro сайтынан және клубтың әлеуметтік желілердегі @hctorpedokz деп аталатын парақшасынан көре аласыздар», делінген хабарламада.
Негізі, жанкүйерлерді Спорт сарайына тегін кіргізу 9 қарашада «Торпедо» мен ташкенттік «Хумо» арасындағы матчта басталып кеткен.
Сонымен қатар шайбалы хоккей жанкүйерлеріне 12-13 қараша күндері дәл осы Б.Александров атындағы Спорт сарайында өтетін «Oskemen cup-2022» атты турнир де қызықты болары сөзсіз.
«12 қарашада сағат 10.30-да Өскемен қалалық мәслихатының кубогы сарапқа салынатын хоккей турнирінің ашылуы өтеді. Кіру тегін», делінген хабарламада.
Төменде жанкүйерлер назарына жарыс аясында ойналатын матчтардың кестесін ұсынып отырмыз:
12 қараша
11.00-12.30 – «Сұңқар» және «Шығыс қанаттары» командаларының арасындағы ойын;
13.00-14.30 – «Өскемен» – «ШҚО құрамасы»;
13 қараша
11.00-12.30 – үшінші орын үшін ойын;
13.00-14.30 – финал.
Сәрсен Қабылым