Жаңалықтар

ХХІІ ғасырдың ауылдары пайда болады

«Катонқарағай ауданын ұрпақ үшін сақтаймыз». Бұл – «Катонқарағай ауданының тұрақты дамуы» қоғамдық қорының негізгі миссиясы. Қалай, қайтіп сақтамақ? Катонқарағай ауданының болашағы қандай болмақ?  Бұл  мәселе Төр Алтайдың төрінде өткен «Катонқарағай ауданының болашағына саналы көзқарас» атты халықаралық инвестициялық форумда жан-жақты  сөз болды.

Ауданның тұрақты дамуы және инвестицияларды тарту мәселелеріне арналған форумға негізінен осы өңірдің тумалары, бүгінде Алматы, Астана, Қарағанды, Шымкент жерінде шаруасын дөңгелетіп жүрген  бизнесмендер, туризм саласының жілігін шағып, майын ішкен отандық және шетелдік сарапшы-мамандар,  шағын және орта бизнес өкілдері қатысты.

Рас, Катонқарағай ауданының туристік әлеуеті өте жоғары. Бұл туралы біз жиі айтып та жүрміз.  Мұнда археологиялық, сакральды, емдік-сауықтыру, экологиялық туризмді дамытуға  болады. Соған қарамастан аудан халқының саны жыл сайын азаюда. Қазіргі күні ауданда 23 мыңнан астам ғана тұрғын бар.   Соңғы 18 жылдың ішінде халық саны 48 пайызға кеміген.  Жыл сайын ауданнан 1200 адам көшіп кетеді екен. Мамандар мұндай қарқынмен 2036 жылы ауданда небары 500 адам ғана қалатынын  айтады.

Осы орайда биыл құрылған «Катонқарағай ауданының тұрақты дамуы» қоғамдық қоры бұл мәселені мықтап қолға алған сыңайлы. Катонқарағай ауданының тумалары, «Aitas KZ» АҚ Бас директоры Серік Толықпаев, «Мұз тау» компаниялар тобының директоры Ғани Шаймардан мен «Азия Энерго Монтаж жобасы» компаниясының Бас директоры Қайрат Ахметов бірлесе құрған бұл қор Катанқарағай ауданының әлеуметтік- экономикалық дамуын  және қоршаған ортаны қорғауды кластерлер құру арқылы қайта өркендетіп, тұрақты дамытуды мақсат етіп отыр.

-Біз бұған не үшін келдік? Ең бастысы адам өз елінің болашағын ойлауы, жауапкершілікті сезінуі тиіс. Ал кез келген адамның Отаны кішкентай ғана ауылынан басталады, – дейді аталған қордың құрылтайшысы Серік Толықпаев. Ол форум барысында Катонқарағай өңірінің тұрақты даму стратегиясы туралы кеңінен ақпарат берді. Айтуынша, ауданды тұрақты  дамыту үшін  экономика, әлеуметтік  және экология сынды үш факторға  маңыз берген жөн. Осы орайда Катонқарағай ауданындағы Үлкен Нарын, Катонқарағай және Өрел секілді үш ауыл бүкіл ауданға қан жүгіртетін негізгі күретамыр болмақ.

-Біз бұл ауылдарды «ХХІІ ғасырдың ауылдары» деп атап отырмыз. Біз өткен тарих пен жарқын болашақтың үйлесім тапқанын қалаймыз. Біздің ұлы тарихымыз бар. Алтай – адамзат өркениетінің бесігі. Сонымен қатар біз болашақтың да қамын жасауымыз керек.  Болашақта бұл үш ауылдағы өмір сапасын да  әлемдік деңгейге жеткізгіміз келеді,  – деген Серік Толықпаев  Үлкен Нарын ауылын агробизнес кластерінің, Катонқарағай мен Өрел ауылдарын    туризм кластерінің орталығы ету жоспарланып отырғанын жеткізді.

Кәсіпкер 500 млн. теңге бөліп отыр

Алға қойған жұмыстарды жүзеге асыру  үшін  қор құрылтайшысы Серік Толықпаев жыл сайын өз қалтасынан 50 млн. теңге,  10 жыл көлемінде  500 млн. теңге шығармақ.

-Әрине, бұл тұтастай индустрияны дамытуға жеткілікті қаржы емес, дегенмен бастапқы жұмыстарға жетіп қалар деп ойлаймын, – дейді ол.

Биылдың өзінде қор Катонқарағай мен Үлкен Нарын ауылдарындағы қоқысты тазалауға 10 миллион теңге бөлген көрінеді.

Форумда сөз алған Катонқарағай ауданының әкімі Ренат Құрмамбаев туризмді дамытудағы бірқатар кемшіліктерді атап айтты. Айтуынша, жаз мезгілінде ауданға бет түзеген туристер қайдан тамақтанарын білмейді екен.  Өскемен мен Алтай арасындағы жол бойында тамақтанатын орындар бар. Ал Үлкен Нарын мен Берелдің арасында тамақтанатын орын біреу-ақ. Әрине, қолға алынған игі жобалар бар болғанымен, бірақ әлі толық аяқталмаған.

Сондай-ақ  аудан әкімі кәдесыйлар мен ауданның бренді болып табылатын бал, марал өнімдерін саудалайтын дүкендердің жоқтығын да жасырмады.

-Ауыл тұрғындары «жұмыс жоқ» дейді. Жайлы өмір іздеп, қалаға ағылады. Жұмыс бар. Тек тұрғындар оны көрмейді. Біз оларға қалай табыс табуға болатынын үйретуіміз керек. Керісінше біздің ауданға республиканың өзге өңірлерінен келіп кәсібін дөңгелетіп отырғандар бар, – дейді аудан әкімі.

Форумда «Kazakh Tourism ҰҚ» АҚ төрағасының орынбасары Қайрат Садуақасов территориялардың маркетингі мен брендингі жайлы айта келіп, жиналғандардың назарына «meet Qazaqstan reveal your nomad soul» атты бейнеролигін ұсынды. Тоқетерін айтқанда, спикер сөзін «Әлемде әдемі жерлер көп, бір-ақ қазақтай халық біреу ғана» деп, Катонқарағайда туризмді дамытуда ұлттық құндылықтарға басымдық беру керектігін ерекше атап айтты.

Ал «Kazakh invest ҰҚ» АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі, Қазақстан туристік қауымдастығының президенті Роза Асанбаева инвестицияларды қалай тарту мәселесін қозғады.

  • Кез келген инвестор үшін салған ақшасын қайтару мәселесі өте маңызды. Қалай қайтарады? Неше жылдан қейін қайтады? Сондықтан да біз инвестицияны қайда салу керек екенін ең алдымен нақтылап, анықтап алуымыз қажет, – дейді Роза Асанбаева.

Форумда БҰҰДБ биоалуантүрлілікті сақтау жобаларының менеджері Талғат Кертешов Катонқарағай ұлттық табиғи паркіне биыл  БҰҰДБ-ның жобасы бойынша  35 фототұзақ пен 81 радиостанция, екі автомобиль мен бір квадрокоптер берілетінін жеткізді.

Жалпы, мұндай инвестициялық форум алғаш рет өтіп тұрған жоқ. Ауданның туристік әлеуетін дамытуға арналған форум 2013 және 2017 жылдары да өткізілген екен.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button