ТағзымТұлға

Хамит ақынның атаулы сыныбы

Өз өмірін өлке әдебиетіне арнаған қазақтың қабырғалы қаламгерлерінің бірі – Хамит Балшабеков. Тіпті ақынды «Шығыстың Мұқағалиы» деп те атаған. Ақын сол атаққа лайықты болғанын бүгінгі іздеушілерінің көптігінен-ақ аңғаруға болатындай. Соның бір дәлелі ретінде күні кеше ғана туған жерінде ақын атындағы кабинет ашылды.

Ақынын ардақтаған елдің ұрпағы ұлағатты болмақ. Өйткені өлеңде өмірдің өрнегі, тәрбиенің тетігі бар. Осыны ескерген ақынның жерлестері Шілікті орта мектебінде Хамит Балшабековтің туғанына 83 жыл толуына орай «Өмірін өлеңімен өрнектеген» атты кеш өткізді. Дүбірлі кешті өткізу үшін дөңгелек даталы күнді күтпей-ақ өлең сүйер жұрт өзі-ақ өткізді. Өйткені ақынды оқырманы іздесе, арнайы уақытты қажет етпейді. Кешке ақынның жары Бану апай, туған-туыстары, әріптестері Б.Сепсекенова, Д.Сарышева және ауыл ақыны Ә.Жүрекбаева қатысып, естеліктерімен бөлісті. Оқушылар ақынның өлеңдері мен әндерін орындап, келген жұртты жырмен сусындатты.

– Ақын Хамит Балшабекұлы отбасының демеушілігімен Шілікті орта мектебінен ақынның атына сынып ашылды. «Бұл сыныпта білім алған оқушылар Хамит ақынның ізін жалғайды» деп ауыл ақсақалы Уәлхан ата ақ батасын берді, – деп жазды Зайсан ауданы әкімдігі әлеуметтік желідегі парақшасында.

Ендігі кезекте ақынның жырын кейінгі ұрпақ та іздеп оқитын болады. Өйткені ақынын әспеттеген жұрт Хамит Балшабеков атындағы кабинет ашып, өлеңсүйер ұрпаққа үлгі көрсетті. Бұл ақынға құрмет, ұрпаққа өнеге деп білген жөн.

– Хамит Балшабековтің өлеңдері тәрбиеге толы. Амал жоқ, әлі де жасай тұрса, жастар тәрбиесіне мол өнеге аларлық қазына толтырар еді. Бұл кісінің өлеңдерін «Достық» газеті арқылы да таратып отырса, ұстаздар үшін тамаша тәрбие құралы болар еді. Оның ата-аналар үшін де зор пайдасы бар. Хамит ағаның өлеңдерін жақсы көріп оқушы едім. Мәңгі еске сақтауға мүмкіндік жасау – Шілікті азаматтарының парызы, – дейді ақынның оқырманы Гүлбаршын Оспанкызы.

Ақын – «Жылқышы әні», «Өмір, мен саған ғашықпын», «Қантамыр», «Балтамыр», «Шұғыла көңіл» жыр жинақтарының және бірқатар әуезді әндердің авторы. Осылайша, шіліктіліктер шайырының атағын ұрпақ алдында тағы бір мәрте аспандата білді. Іздеуші жұрты бар ақынның жыры мәңгі жасамақ.

Алтай Ғали-Асқар

Осы айдарда

Back to top button