Жолаушы тасымалы

Халықтың сұранысына ие пойыз

Бүгінде облысымызда «Өскемен-1» вокзалынан Алтай мен Риддер қалаларына тұрақты түрде қатынап тұратын жолаушы пойыздары бар.

Жалпы, осынау әлеуметтік маңызға ие бағыттардағы пойыздар облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мұрындық болуымен 2016 жылдан бері жүре бастағанын айту керек. Қазіргі уақытта бұл бағыттағы пойыздардың қызметіне жүгінетін халықтың қарасы көп. Ал ондағы қызмет сапасы қандай?

Құзырлы органның хабарлауынша, жазғы уақытта Өскемен-1 – Алтай бағыты бойынша аптасына үш рет, яғни сәрсенбі, сенбі және жексенбі күндері пойыз жүреді екен.

– Әр пойызда бес вагон, ал ол вагондарда ұзын саны 386 орындық болады. Осы ретте, жолаушылардың саны артқан жағдайда қосымша вагон шығаруға мүмкіндік бар екенін де айтқан орынды. Ал күз және қыс айларында бұл бағыттағы пойыздар аптаның сәрсенбі, жұма және сенбі күндері қатынайды. Әр маршрутта үш вагон (205 орын) болады. Жол жүру ақысы кәдімгі вагонда 800 теңге болса, плацкарттағы бір орынның құны 1 570 теңгенің шамасында, – деп хабарлайды облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасынан.

Ал Өскемен-1 – Риддер бағытындағы пойыздың жүру уақыты үш сағат. Бүгінде көліктің осы бір түрі халықтың зор сұранысына ие. Жолаушылар әсіресе пойыздың жедел қызметі мен жол ақысының арзандығына дән риза. Сондай жолаушылардың бірі Людмила Линник бұл бағыттағы пойыздар тоқтап қалмаса екен деген тілегін айтуда.

Еске салайық, Өскемен мен Риддер арасындағы пойыз аптасына төрт рет, яғни сәрсенбі, жұма, сенбі және жексенбі күндері жүреді. Әр маршрутта 310 жолаушыға шақталған төрт вагон болады. Жолақысы да қолжетімді, небары 515 теңге.

 Сәрсен Қабылым

Осы айдарда

Back to top button