Бүгінгі қоғамда адамдардың күйзеліске түсуі, ажырасуы, суицид жасауы, агрессия, тәуелділік сияқты тіршілік мәселелері тыйылмай тұр. Орталық Азиядағы Психоанализ институтының директоры, кәсіби психоаналитик, еліміздегі мыңдаған жанның жан жарасын емдеп жүрген Анна Құдиярова қоғамдағы осындай түйткілді мәселелерге қатысты ой-пікірін білдірген еді.
– Анна Мергенбайқызы, жалпы психология ғылымына қашан, қалай келдіңіз?
– Осыдан шамамен жиырма жыл бұрын психология деген жат ұғым болатын. Ал қазіргі қоғамның көзі ашық, халықтың психологиялық сауаты артып келеді. Психолог маманның кеңесіне жүгініп, мәселесін саналы түрде шешуге тырысатын адамдар қатары аз емес.
Менің психология саласын таңдауым да кездейсоқ жағдай емес. Мектеп кезінде психология деген сөзді білмесем де, қызығушылық танытатынмын. Мәселен, комсорг болғанда сыныптағы оқушылар арасында «Жақсы көретін түсің», «Жақсы көретін кітабың», «Қай кейіпкер ұнайды?» деген сияқты түрлі сауалдар қойып, өзімше психологиялық тест, сауалнама жүргізетінмін. Бұл ілімге келуімнің тағы бір себебі – тұқымқуалаушылық па деймін. Себебі Құдияр атам бес уақыт намазын қаза қылмаған молда болған, түрлі шөптермен адамдарды емдеген екен. Ал әкем өлең жазатын, домбыра, мандолина, баян сияқты бірнеше музыкалық аспапта ойнайтын, ішкі жан дүниесі бай адам болатын. Өзім де қазір театрға жиі барамын. Ол жаныңды тазартып, рухани байытады. Адамның жаны, денсаулығы сыр бермес үшін, мейлі қай жаста болса да, жаңалыққа, жақсылыққа, үйренуге құштар болу керек.
Өзім алғашқы кәсіби психологиялық білімді Ресейден алып, кейін Еуропаның бірнеше елінде болып, Бостон, Амстердам, Нью-Йорктің Психоанализ институтында оқыдым.
Алғашқы диссертациямды Шәкәрім шығармашылығын зерттеуге арнадым. Шәкәрім мен ұлы Абайдың даралығы адамзатқа деген махаббатынан көрініс табады. Саналы деңгейде қазақтың қамын ойласа, одан әрі тереңде жатқан түпкі бейсана деңгейінде барша адамзатты бауырындай сүйіп өткен. Шәкәрім мен Абайдың шығармалары арқылы мен тарихымызды, ұлттық мәдениетімізді, әдебиетіміз бен әдет-ғұрпымызды терең тани түстім. Абай мен Шәкәрімге тек тас мүсін ретінде қарамау керек. Олар да адам, ерекше тұлға болды. Олар да қуанды, қайғырды, ызаланды, күйзелді. Өкініштісі, мен Кеңес одағының тұсында білім алғандықтан, Абай мен Шәкәрім жайлы ақпарат жоқтың қасы еді. Бірақ балаларымның жолы болды. Мен Қазақ ұлттық гимназиясын ұйымдастырып, балаларым сонда оқығанда, бұл ұлттық құндылықтарымыздың барлығымен бірінші сыныптан бастап сусындады.
Суицидке не итермелейді?
– Соңғы жылдары отбасылардың ажырасуы көбейіп барады. Себебі неде деп ойлайсыз?
– Ажырасудың негізгі себебі, көпшілік ойлайтындай, материалдық жағдайдың жетіспеушілігінен емес. Себебі соғыс жылдарындағы жоқшылық кезінде отбасылар ажырасып кеткен жоқ, қандай қиындықтар болса да адамгершілік, мейірімділікті ұмытқан жоқ. Байлар да жылайды, байлар да келеді ажырасамыз деп. Сондықтан бұл жерде басты себеп ақшада емес, психологиялық сауаттылықтың төмендігінде. Бір қуанатыным, бұрын жастар «ажырасамыз, болды, бітті» деп үзілді-кесілді шешім шығарып келетін, ендігі жастар «Арамыз салқындап бара жатқан сияқты, отбасын сақтап қалуым үшін не істеуім керек?» деп кеңес сұрап келеді. Отбасы беріктігінің негізі адалдық, сенімнен тұрады. Осы қасиеттерді жоғалтпау керек, өйткені ажырасудың салдары әсіресе балалар үшін өте ауыр. Ажырасқан әке-шешенің баласы бейсаналы түрде іштей ажырасуға дайын болады.
– Суицидтің себептері қандай?
– Адамның тісі ауырса, ол жұмысын да, басқасын да ұмытып, тек ауырып тұрған тісін емдеуге асығады. Ал жан ауруы тіс, асқазан немесе қол-аяқ ауруынан жүз есе қиын. Сол жанның айғайына адам шыдай алмайды. Ал жан ауруын тоқтататын бір жол – психоанализ, психотерапия.
Суицидке адам бірден бармайды. Алдымен онда ой, одан кейін ниет пайда болады. Өлім туралы көбірек айтып, сондай кинолар көріп жүреді. Олар саналы түрде «шаршадым, мені қолдайтын ешкім жоқ, мен бұл дүниеде ешкімге керек емеспін» деп ойлағанмен, бейсаналы түрде «мені бір адам түсінер ме екен, бір адам қолдар ма екен» деген соңғы үміті болады. Ал маңайынан қолдайтын бір адам табылмаған соң ойындағы жоспарын жүзеге асырады. Сондықтан жақындарыңызға мұқият болу керек. Күйзелісте жүрген адам үйден шыққысы келмейді, бұрын жақсы көрсе де енді той-думанға, театрға барғысы келмей қалады. Бұрын түрлі түсті киім киюді ұнататын адам енді қоңыр немесе қара түске әуес болады. Сондай белгілерді байқасаңыз, оның өмірін сақтап қалу үшін күйзелісте жүрген адаммен әңгімелесіп, қолдап, психоанализ орталығына апару керек.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жер бетінде әрбір 40 секунд сайын бір адам өзіне қол жұмсап бақилық болады. Бұл – сұмдық статистика.
Мәселен, соңғы кезде әлеуметтік желілерде жастарды суицидке шақыратын «Көк кит» деген ойындар шықты. Мұндай ойындарға кіретін балалар – оның алдында да суицид жайлы ойлап жүрген балалар. Суицидке барудың жолдары көп. «Көк кит» деген – соның бірі ғана. Ол сайтта отырған садистер – «мықты психологтар». Қандай тапсырма беру керек, қандай жазба жазу керектігін бәрін біліп тұр. Шәкәрім айтқандай, «әрі ғалым, әрі залым» адамдар – солар. Сондықтан әрбір ата-ана күнделікті баласымен әңгімелесіп, ішіндегі ой-пікірін, өкпе-ренішін айтуға мүмкіндік беруі керек.
Бақытты ана – бақытты бала
– Баланың қалауын орындай беру оның келешегіне кедергі бола ма?
– Әр нәрсе өз мөлшерімен болуы керек. Мөлшерден артық нәрсенің бәрі – у. Жалпы, баланың қалауын шектен тыс орындау шизофрения дертіне алып келуі мүмкін. Балаға өз қалауын өзі орындауға мүмкіндік берілуі керек. Мысалы, үй тапсырмасын оның орнына жаза салсаңыз, қалаған затын ол айтпастан алып бере қойсаңыз, бала «айтпасам да бере беру керек» деген кезеңде қалып қояды.
«Жоқ» дегенді мүлдем естімей өскен бала кейін өмірлік сынақтарға тап болғанда сынып кетуі мүмкін. Сондықтан «Балық берме, қармақ бер» қағидасын ұстану керек. Мысалы, бала домбырада ойнағысы келсе, домбыра үйірмесіне бересіз. Осылайша, қалауын орындауға мүмкіндік жасайсыз. Немесе бала байқаудан орын алып келген күні қыдыртып, қанаттандырып қоюға болады. Ал еш еңбексіз асты-үстіне түсе беру есейсе де бала психологиясымен қалып қою қаупін тудырады.
Жалпы отбасы тәрбиесінде ата-ананың сөзі, қарым-қатынасы жылы болса, баланың өзін-өзі бағалауы дұрыс болады. Баланың психикасы дұрыс қалыптасуы үшін, ең алдымен, ата-ана өз психикасын ретке келтіруі керек. Яғни ата-ана өзінің ата-анасына, мұғаліміне, тәрбиешісіне деген қандай өкпе-ызасы бар, соның бәрін ретке келтіріп, кешіре білуі керек. Өйткені ата-ананың жаны сау болса, баланың да жаны сау болады. Бақытсыз әке-шешеден бақытты бала өсе алмайды. Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі. Бала отбасындағы агрессия, қол көтеру, балағаттауды норма сияқты қабылдайды. Өз тағдырында да соны қайталау ықтималдығы жоғары. Ата-ана мен бала арасында рухани көпір, сенім, жақын әңгіме болу керек.
– Соңғы жылдары еліміздің түрлі өңірлерінде топтық тренингтер өткізіп жүрсіз. Биыл Шығыста өткізу жоспарыңызда бар ма?
– Топтық тренинг, психоанализ мектебі, көшпелі семинарлар АҚШ, Тайланд, Грузия елдерінде, Астана, Алматы, Ақтау, Шымкент қалаларында өтті, биыл да өтеді.
Былтыр жазда Катонқарағай ауданындағы «Топқайың» демалыс орнында бес күндік топтық тренинг өткіздім. Ондағы мақсат жан мен тәнді қатар емдеп, демалдыру болды. Бұл іс-шараға келушілер еліміздің әр өңірінен жиналды. Бес күн бойы ағзаға зиянсыз табиғи, пайдалы өнімдерді тұтынып, екі уақыт панты ваннасын қабылдап, күніне екі рет топтық терапия болды.
Әрине, Шығыстың сұлу табиғатын тамашалап, Рахман қайнарына, сақтар жазығына, жазушы Оралхан Бөкейдің музей-үйіне де бардық.
Әдетте адам тісі, жүрегі, бүйрегі ауырса, сол тән жарасын емдеу үшін қолындағы бар ақшасын аямайды. Ал жаны ауырса, мән бермейді. Тән ауруының 80-90%-ы психосоматика, яғни жанмен байланысты. Жан тәннің ішінде болғандықтан, ол адамның әртүрлі органдары арқылы белгі береді, «айғайлайды». Әлдебір жеріңіз ауырып тұрса, алдымен өзіңізге «Жаным неге ауырып жүр? Ол тәнімді ауырту арқылы не айтқысы келді?» деген сұрақ қойыңыз. Жоғарыда айтып өткенімдей, жан тәнге қонақ болғандықтан, жан-тәнімізді де күтіп-баптауымыз керек. Отыз жасқа таяған әрбір адам тәніне құлақ аса білуі керек.
Катонқарағайда өткен шараға қатысушылар өзінің жан дүниесіне көңіл бөліп, емделіп қайтты. Жалпы, балет, опера, театр сияқты өнерді тамашалау, классикалық музыка тыңдау, табиғатқа шығу адамды эмоциялық күйіп кетуден сақтайды. Күнделікті күйбең тірлікті айына, жылына бір рет болсын осындай шарамен алмастырып тұру қажет.
Биыл шілде айында Катонқарағайда тағы да топтық терапия өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл жолғы терапияны испаниялық психоаналитик, Орталық Азия психоанализ институтының оқытушысы Мануэль Мартинес өткізеді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан – Айжанат Бақытқызы