ЖаңалықтарШаһар шаруашылығы

Халықтың өтініш-тілегі ескеріледі – Өскемен әкімі

Өскемендегі жол жөндеу жұмыстарының бірінші кезеңі аяқталды.

Қазір қала әкімдігі жол жөндеу жұмыстарының екінші кезеңін бастап кетуге әзірленуде, деп хабарлайды Didar ақпарат.

Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омардың айтуынша, бүгінде Қалихан Ысқақ көшесі ғана жөнделіп жатыр. Бұл жұмыс та айдың соңында аяқталады екен. Енді жұмыстардың екінші кезеңі басталады.

– Қазірдің өзінде бір учаске белгілі. Атап айтсақ, алдағы уақытта Нұрмағамбетов көшесінің Үлбі көпірінен Чехов көшесіне дейінгі аралығы жөнделетін болады, – деді қала әкімі.

Шаһар басшысы облыс орталығында салынып жатқан жаңа магистральдар туралы да айтып берді. Оның біріншісі – Есенберлин даңғылының Жібек жолы қиылысына дейінгі аралығы. Мұндағы жұмыс аяқталуға жақын. Жол қиылыспен қосылғаннан кейін көлік қозғалысы жанданады.

– Екінші ірі жоба – Астана көшесінің бойындағы жағалау құрылысы. Бұл жерде жол ғана салынбайды, ірі демалыс орнының да құрылысы жүріп жатыр, – деп мәлім етті қала әкімі.

Сондай-ақ биыл жалпы ұзындығы 17 шақырымнан асатын 18 учаскеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Мұның ішінде негізгі қалалық магистральдің бірі – Абай даңғылы да бар.

Бұған қоса, шаһардың шағын аудандарында асфальт төсеуге көп көңіл бөлінуде. Дәлірек айтсақ, Ескі Согра, Прудхоз, Самсоновка, 22-ші және 23-ші шағын аудандарда асфальтталған жаңа жолдар пайда болды.

– Сонымен қатар жол төсемдеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Биыл біз халықтан жолдарды жөндеуге өтінімдерді қабылдау үшін чат-бот түріндегі техникалық жаңалықты қолдандық. Осылайша, қазіргі уақытқа дейін тұрғындардың көмегімен 5 386 шұңқыр жойылды. Осы ретте біз жерлестеріміздің өтініш-тілектерін бұдан былай да ескеретінімізді айтқым келеді, – деді Ж.Омар.

Шаһар басшысы абаттандыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды. Оның айтуынша, қазір бұл бағытта екі ірі жоба іске асырылып жатыр. Оның бірі Металлург саябағын абаттандыру болса, екіншісі – Стрелкадағы мемориалды жөндеу жұмыстары. Осы ретте Ертіс пен Үлбі өзендерінің қосылатын жерінде орын тепкен мемориалдың бұдан бірнеше жыл бұрын ғана жөндеу көргенін атап өткен орынды.

Сондай-ақ биыл қаладағы төрт бірдей субұрқақты жөндеу жоспарланған. Оның ішіндегі әуежай маңындағы және «Өскемен» қонақ үйінің жанындағы субұрқақтар бойынша жұмыстар аяқталып қойған. Қазір Халифа Алтай мешіті мен Гагарин бульварының алдындағы субұрқақтарда жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

– Қаланың орталық көшелеріндегі үйлердің қасбеттерін жаңарту жөніндегі бастамамызды көпшілік оң бағалады. Бастапқыда 21 үйді бояуды жоспарлаған болатынбыз. Бірақ облыс әкімі Ермек Беделбайұлының тапсырмасынан кейін, мұндай үйлердің санын 27-ге дейін артырдық. Жалпы, үш жыл ішінде кем дегенде жүз үйдің қасбетін жаңартқымыз келеді, – деп мәлім еткен қала әкімі маусым айында шаһарда аулаішілік аумақтарды қалпына келтіру жұмыстары да басталғанын тілге тиек етті.

Белгілі болғандай, биыл 16 ауланы кешенді абаттандыру жоспарланған. Тағы 11 аулада ойын алаңдары салынуы тиіс. Сонымен қатар былтырдан қалған төрт ауладағы жұмыстар да мәресіне жетуі керек.

– Былтыр шағын аудандарды дамыту бағдарламасы аясында жер-жерде футбол алаңдарын салу жұмыстарын қолға алған болатынбыз. Бұл жұмыс биыл да жалғасын табады. Қазірдің өзінде үш футбол алаңы мен бір баскетбол қорабы дайын. Сонымен қатар 22-ші және 23-ші шағын аудандарда тағы екі алаңның құрылысы аяқталуға жақын. Ал әлеуметтік қамсыздандыру тұрғысынан Үлбі орталығының жаңа форматтағы жұмысын ерекше атап өткім келеді. Өткен жылы аталмыш орталықтың қызметін сәл өзгертіп, ерекше балалармен жұмыс істеуге бағыттадық. Қазір ол ойдағыдай жұмыс істеп тұр және ата-аналардың оң пікіріне ие болуда. Бұған қоса былтыр екі типтік балабақшаны мемлекет меншігіне қайтарған едік. Бұл балабақшалар тәуелсіздік жылдарында өз мақсатында пайдаланылмаған. Қазір аталмыш ғимараттарда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қажетті жұмыстар аяқталған соң балабақшалар пайдалануға беріліп, балаларды қабылдайтын болады, – деп сендірді Жақсылық Омар.

Осы айдарда

Back to top button