ЖаңалықтарТОП

Халық санының хронологиясы

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстан халқының саны 20 миллионға жетті. Осы ретте маңызды көрсеткішке жету хронологиясына тоқталсақ. Халық саны 15 миллиондық межеге 2004 жылы жетті. Араға бес жыл салып ғана 16 миллионға толған едік. 2013 жылы – 17 миллион, 2017 жылы – 18 миллион.

Ал 2021 жылы ел тұрғындарының саны 19 миллион болды. Енді міне, небары екі жылдың айналасында, халық саны 20 миллионға шығып отыр, деп хабарлайды Didar ақпарат.

Естеріңізге сала кетейік, 1991 жылы Қазақстан Республикасының халық саны 16,4 млн болған. Тәуелсіздік жылдарында ел халқы 22,3% өсті. Мәселен, 2022 жылы 1991 жылмен салыстырғанда туу саны 353,2 мыңнан 403,9 мың адамға дейін немесе 14,7% өсті.

Бала туудың ең жоғары мәні 2021 жылы тіркеліп, 446 мың бала болған еді. Табиғи өсімнің артуы, оның ішінде нәресте өлімінің азаюы нәтижесінде қамтамасыз етілді. Жалпы өлім-жітім 1991 жылғы 8,20-дан 2022 жылы 1000 тұрғынға шаққанда 6,8 адамға дейін төмендеді. Сәбилер өлімінің коэффициенті 3,5-тен астам есе төмендеді, 1991 жылғы 27,3 жағдайдан 2022 жылы туылған 1000 адамға шаққанда 7,7 жағдайға дейін.

Халықтың 1000 адамға шаққандағы туу көрсеткішін көрсететін жалпы туу коэффициенті тәуелсіздік жылдарында 1991 жылғы 21,6-дан 2021 жылы 23,6-ға дейін өсті. 2022 жылы бұл көрсеткіш 20,7 болды. Ең маңызды демографиялық көрсеткіштердің бірі болып табылатын туудың жиынтық коэффициенті* 1991 жылғы 2,7-ден 1999 жылы 1,8-ге дейін төмендеді. Кейіннен оның біртіндеп өсуі байқалды. 2022 жылы туудың жалпы коэффициенті 1 әйелге 3,05 баланы құрады.

Орташа өмір сүру ұзақтығы 1991 жылмен салыстырғанда 2022 жылы 6,8 жылға өсті, бұл ретте ерлер арасында 7,7 жылға, әйелдерде – 6 жылға өсті. Осылайша, 2022 жылы Қазақстанда өмір сүру ұзақтығы 74,4 жылды құрады. Бұл көрсеткіш пандемияға дейінгі деңгейден 1,3 жылға асады.

Айта кетейік, мемлекет елдегі және әлемдегі динамикалық экономикалық жағдайда бала тууды ынталандыру және ана мен баланы қолдау мақсатында отбасыларға жан-жақты қолдау көрсетеді. Бұл ретте, балалы отбасыларды қолдаудың қолданыстағы жүйесін одан әрі жетілдіру елдің экономикалық мүмкіндіктерін ескере отырып жүзеге асырылады. Халықтың өсуі, ең алдымен, мемлекеттің қазақстандықтар үшін қолайлы жағдайлар жасауымен байланысты.

Осы айдарда

Back to top button