Мәдениет

Халықаралық театр күні тойланды

Халықаралық театр күні тойланды


Мынау қым-қуыт тіршіліктен шаршағанда, театрға барған қандай керемет! Жаның жай тауып, жүрегіңе тыныштық орнап, бір тамаша күйге бөленесің. Қалай десек те, театр – ізгілік пен адамгершіліктің, ұлағат пен тағылымның қасиетті шаңырағы. 27 наурыз – Халықаралық театр күні. Осынау кәсіби мерекені шығысқазақстандық сахна шеберлері де өз деңгейінде атап өтті.

Өнердің ішінде театр өнерінің шоқтығы қашан да биік. Бұл өнер түрі ұлы далаға кештеу келгенімен, ешқайсымыз бүгінде кенже қалды деп айта алмаймыз. Сонау 1917 жылы Ойқұдық жайлауында Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің жетекшілігімен қойылған «Еңлік-Кебек» пьесасы қазақ театр өнеріне кең жол ашты. Бүгінде қазақ театр өнері тамырын тереңге жайған үлкен бәйтерек сынды. Ал 1961 жылдан бері тойланып келе жатқан Халықаралық театр күні тек шығармашылық адамдарының ғана емес, халықтар арасындағы бейбітшілік пен бірліктің де мерекесі екені сөзсіз.

Өйткені өнерде ешқандай да шекара болмайды. Өнердің тілі – жүрек. Жүректен шыққан өнер жүрекке жетеді. Ұлт пен ұлысты біріктіретін де, бірлікке шақыратын да – осы өнер.

Осынау мерекеге қатысушыларды облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Мирас Тоқтамысұлы құттықтап, жылы лебізін білдірді.

– Бүгін, шынында да, үлкен мереке. Өнер жолы әсте оңай емес. Оны біз өте жақсы түсінеміз. Қазақ труппасы мен орыс труппасы, Жастар театры болсын, керемет қойылымдарды сахнаға шығарып жатыр. Оған біз куәміз. Сіздердің өнерлеріңізге баға беретін – көрермен қауым. Ендеше Шығыстың көрермендері сіздерге риза, – деді М. Тоқтамысұлы.

Сахна шеберлерін төл мерекесімен Мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің салалық кәсіподағының Шығыс Қазақстан облыстық филиалы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Түсіпхан Түсіпбекұлы да құттықтады.

– Театр өнері – өлмейтін, өшпейтін, өміршең өнердің бірі. Ал енді театрға жан беретін, жандандыратын кімдер? Ол – актерлер. Ендеше бүгінгі мерекелеріңіз құтты болсын! Мереке мерекеге ұласа берсін! – деген Түсіпхан Түсіпбекұлы өз өнерімен көзге түскен бірқатар театр саласы қызметкерлеріне сый-сияпат тапсырып, қазақ труппасының көркемдік жетекшісі Сахан Әкелеевтің кеудесіне «Еңбек даңқы» төсбелгісін қадады.

Сонымен, бұл жолы облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының «Маска» сыйлығына кімдер ие болды?

«Жылдың ең үздік актрисасы» аталымын Мадина Исина қанжығасына байлады. Ал «Ең үздік ер адам рөлі» аталымы Б.Мұқайдың «Сергелдең болған серілер» қойылымындағы Жан-сұрбойдақ рөлі үшін Мирас Разхановқа бұйырса, «Ең үздік әйел адам рөлі» аталымына Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері –Ақтоты» қойылымындағы Ақтоқты рөлі үшін Альмира Айтжанова ие болды. «Екінші пландағы ер адам» аталымына, актер Қайрат Мұқұшев лайық деп табылса, «Ең үздік эпизодтық рөл» аталымын Арыстанбек Мұқият еншіледі. Сонымен бірге, әлеуметтік желіде ұйымдастырылған сауалнаманың нәтижесі бойынша «Көрерменнің көзайымы» аталымы Қалық Қамитке берілді. «Көп жылғы еңбегі үшін» аталымына Маратбек Сырым, «Балалар қойылымындағы үздік рөл» аталымына Шалқар Арыстанбеков ие болды.

Осынау мерекеде театр өнерін насихаттап жүрген журналистер қауымы да назардан тыс қалмады. Республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі Азамат Қасымға, «Дидар» газетінің руханият бөлімінің меңгерушісі Мейрамтай Иманғали мен «Рудный Алтай» газетіндегі әріптесіміз К.Кирдяпкинаға Алғыс хаттар табыс етілді.

– Біз үшін әр жыл жаңа қойылымдарымен ерекше ғой. Ең бастысы, жыл қорытындысы бойынша актерлерімнің еңбегі еленіп, марапатқа ие болып жатқандарына көркемдік жетекшісі ретінде іштей қатты қуанып тұрмын. Өзім де күтпеген жерден облыстық кәсіподақтың «Еңбек даңқы» төсбелгісін кеудеме тақтым. Бұл – жалғыз менің ғана еңбегім емес, бүкіл ұжымның еңбегінің бағаланғаны. Мереке құтты болсын! – дейді облыстық драма театрының қазақ труппасының көркемдік жетекшісі Сахан Әкелеев.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button