Оқиғалар

Халықаралық конференция өтеді

Халықаралық конференция өтеді

Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-де Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Ә.Марғұлан атындағы археология институтының профессоры, Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау жөніндегі Үкіметтік комиссияның мүшесі Зейнолла Самашевпен баспасөз мәслихаты өтті.
– Қазақ хандығының 550 жылдығы – саяси, тарихи, әлеуметтік маңызы бар үлкен шара. Қазақ хандығы туралы сөз қозғағанда, хандыққа дейінгі тарихи процестерді естен шығармауымыз керек. Хандыққа дейін де үлкен мемлекеттер болды. Батыс түрік қағанаты, шығыс түрік қағанаты, ерте темір дәуіріндегі сақ мемлекетінің барлығы – қазақ хандығы құрылғанға дейінгі үлкен оқиғалар. Оларсыз қазақ хандығы құрылмас еді. Сондықтан да біз бұл мәселеге тарихи сабақтастық тұрғысынан қарауымыз керек, – деді археолог-тарихшы З.Самашев. Сондай-ақ, Зейнолла Самашев Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеу бойынша арнайы құрылған үкіметтік комиссияның мүшесі екенін, мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықова жетекшілік ететін комиссияның отырысында мерекелік іс-шаралар тізімінің бекітілгенін, ең негізгі шара Қазақ хандығының құрылған жері Шу мен Талас арасындағы алқапта Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ қатысуымен өтетінін де айтып, журналистердің сауалдарына жауап берді.
Біздің облыста да Қазақ хандығының 550 жылдығы кеңінен атап өтілмек. Үстіміздегі жылдың 24-25 сәуірі аралығында Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-де Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Қазақ хандығы – 550 жыл: тарих, әдіснама және заманауи көзқарас» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтпек. Оған Швейцария, Түркия, Қытай, Қырғызстан секілді алыс жақын шет елдерден ғалымдар қатысады деп күтілуде.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button