Халықаралоық байқауда басым түсті

Ұлан аудандық балалар саз мектебінің директоры Бақыт Аханова бізбен қуанышымен бөлісті. Қараша айының алғашқы онкүндігінде Ұлан ауданынан Астана қаласында өткен халықаралық «LAULA-2017» балалар шығармашылық байқауына қатысқан 21 оқушы мен алты мұғалім айды аспанға шығарып, барлығы бірдей жоғары деңгейде өнер көрсетіп, түрлі марапаттарға ие болды.
Атап айтқанда, «Хореография өнері» номинациясында саз мектебінің бір топ оқушысы «Татар» биімен бас жүлдені жеңіп алды. Оның жетекшісі Д.Алпысбаеваның ұзақ жылғы шәкірттерге берген қызметі дипломмен атап өтілді.
«LAULA-2017» халықаралық балалар шығармашылық байқауының мақсаты-жас таланттардың көзін ашып, үлкен өмірге қанат қақтыру. Сондықтан болса керек, байқауда нағыз таланттардың бағы жанды. С.Қанағатов жетекшілік ететін аккордеон сыныбында дәріс алып жүрген Саят Сейілханов байқауда классикалық шығармаларды нақышына келтіріп орындады. Аккордеон – аса күрделі аспап, оның түймелерін басқан кездегі саусақтардың қимылы, күй орындаушының музыкаға берілуі, шеберлігі, барлығы еске алынады. Саяттың шеберлігіне тәнті болған қазылар алқасының барлық мүшелері оған бас жүлдені талассыз берді. Бұдан кейін екі бірдей екінші орынды қобызшы Арина Уәлханова, қазақ ұлттық биін орындаған бишілер иеленді. Жетекшілері-З.Аттыбай, Д.Алпысбаева. Домбыра сыныбында шеберліктерін шыңдап жүрген Арсен Ерболатұлы, Медеу Жарысұлы, Арина Уәлханова, Алмасай ауылындағы «Жігер» ансамблінің домбырашылар ансамблі, «Жетіген» ансамблі, аккордеоншы Санжар Сейілханов та жүлделі үшінші орындарға ие болып, Ұлан саз мектебінің келешегі кемел екенін аңғартып тастады.
«LAULA 2017» халықаралық байқауына жеткіншектерді тәрбиелеп, өнерге баулудағы сіңірген еңбегі және жоғары педагогикалық шеберлігі үшін балалар саз мектебінің директоры Бақыт Аханова және өнер ордасының ұстаздары түгелдей марапаттарға ие болды.
Оңдасын Елубай.