Халық әртісі тегін концерт қойды

Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева Катонқарағай ауданына барып, халыққа тегін концерт қойып берді. Көмейіне бұлбұл ұялаған әншінің концертін тамашалау бақытына аудан орталығы – Үлкен Нарын мен Катонқарай және Өрел ауылдарының тұрғындары ие болды.
Әйгілі әнші Роза Рымбаеваның концертіне жиналған қауымның қарасы тым көп болды. Тіпті аудандық мәдениет үйінде инешаншар жер табылмады десе де болады. Көптеген көрермендер отыратын орын болмаған соң, бір жарым сағаттық концертті тікесінен тік тұрып тамашалады. Бірақ ешқайсысы да оған қабақ шытып, ренжіген жоқ.
Роза Қуанышқызы әдеттегідей әнді жанды дауыспен шырқады. Диапазоны төрт октаваға дейін жететін қуатты дауыс залдағы көрермендерді бірден баурап алды. Әншінің репертуары өте бай. Жаңа әндерден бөлек, сонау кеңестік заманнан бері шырқалап келе жатқан әсем әндердің өзі бір төбе. Р.Паулстың «Любовь настала», Батырхан Шүкеновтің «Біз кездесеміз», Т.Мұхаметжановтың «Атамекен» сынды әндері тыңдармандардың жүрегіне сыр болып, жыр болып құйылып жатты. Әншінің орындаған әрбір әніне көрермендер қол шапалақтап, қошеметтеп отырды. Ал кейбір көрермендер құлаққа бала кезден сіңіп, санада жатталып қалған әндерді әншімен бірге қосылып шырқады.
Роза Қуанышқызы тек ән салмай, залдағы көрермендермен де сырласты. Әншінің үлкен сахнада жүргеніне 42 жыл болған екен. Осынау уақыт ішінде ол әлемнің барлық дерлік елдерін аралаған. Десе де, «планетадағы ең әдемі жер, ол – Қазақстан» дейді әнші. Роза Рымбаева шығыстың тумасы. Жарма ауданында дүниеге келіп, Семей қаласындағы №22 мектепте оқыған. Сондай-ақ әнші жас ұлғайған сайын ел алдында өнер көрсетуге деген жауапкершіліктің де артатынын, көрерменнің қолдауын қажет ететінін айтты. Риза болған көрермен әншінің құшағын гүлге толтырды.

¬- Қақаған қыстың ішінде ауылды жерде осынша гүлді қайдан алдыңыздар? – деп, әнші таңданысын да жасырмады.
Сондай-ақ, Роза Қуанышқызы концерт арасында көрермендерге өзінің шығармашылық жолы, отбасы, ұлдары, әріптестері – режиссерлер, музыканттар, композиторлар туралы да әңгімеледі. Солардың бірі – шығысқазақстандық жерлесіміз, жақсы дос Еркін Ынтықбаев. Ол Розаға арнап бірнеше ән жазған көрінеді. «Жан досым» атты әнді ол Роза Қуанышқызына арнап шығарған екен. Концертте әнші бұл әнді де ерекше сезіммен орындады.
Концерттен соң әнші сұхбат берді. Айтуынша, Катонқарағай жеріне ол жеке шығармашылық концертпен үшінші рет келіп отырған көрінеді.
– Мен қасиетті Семей өңірінде дүниеге келіп, осы жерде эстрададағы алғашқы қадамымды жасадым. Кейін Алматыға көшіп, әнші ретінде қалыптастыстым, – дейді ол. – Осыған дейін Катонқарағайға тек жаз мезгілінде келген екенмін. Тіпті бір жолы демалу үшін достарымызбен де келген болатынбыз. Рахман қайнарларына екі рет жолым түсті. Мен Катонды жақсы көріп қалдым. Бұл жаққа келгім келеді де тұрады. Бұл – киелі жер. Мұндай көрікті мекен ешқайда жоқ. Тұмса табиғаты да ғажап! Сонымен қатар, әр жаз сайын өзіміздің Алакөлге де барып тұрамын.
Иә, Роза Рымбаева – еліміздің мақтанышы. Оны «Қазақстанның алтын дауысы» деп те атайды. Ол «Парасат», «Тарлан», «Құрмет», ІІ дәрежелі «Достық» және т.б. ордендермен марапатталған. Қазақстанның халық әртісі, Қырғызстанның еңбегі сіңген өнер қайраткері.
Жұбайы өмірден өткен соң, Роза Қуанышқызы күйеуінің екі жиенін – Әлия және Мәншүкті (олардың ата-аналары қайтыс болған) өз тәрбиесіне алыпты. Сонымен қатар, Роза Қуанышқызы туыстарына да қарайласып, қарасып тұрады екен.
Шамиль Багаутдинов,
Катонқарағай ауданы