Мәдениет

Халық Қаһарманының тойы халықтық деңгейде өтті

Халық Қаһарманының тойы халықтық деңгейде өтті


Халық Қаһарманы, партизан-жазушы Қасым Қайсеновтің туғанына бір ғасыр толды. Әр басқан қадамы аңызға бергісіз батырдың жүз жылдық мерейтойы Ұлан жеріндегі өз атымен аталатын кентте дүркіреп өтті.

Аталған ауданның орталығында 7 мамыр – Отан қорғаушы күніне орай өткен дүбірлі думанға облыс әкімінің орынбасары Шалқар Байбеков, Парламент Мәжілісінің депутаты Берік Дүйсенбинов, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулетов, жазушы Сәдібек Түгел, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Қасым» көркем фильмінде басты рөлді сомдаған актер Қуандық Қысытықбаев, батырдың өмірінің соңғы жылдары баспасөз хатшысы болған, белгілі карикатурашы Еркін Нұразхан және Қасым атамыздың ұлы Болат Қайсенов бастаған құрметті қонақтар қатысты.

– Бүгін халқымыздың мызғымас бірлігін, қайсар рухын жырлайтын тарихи күн болмақ. Біз мұнда Отан үшін от пен оқтың арасында жүріп ерлік жасаған батыр ағамызды ұлықтау үшін жиналып отырмыз. Қасарысқан дұшпанға қасқая қарсы тұрған хас батырдың ғасырлық тойымен облыс әкімінің атынан құттықтауға рұқсат етіңіздер. Қасымның ерлігі – Қазақтың ерлігі. Кешегі Қабанбайлар мен көкжал Барақтардың лайықты жалғасы. Тек өз Отанын ғана емес, көршілес елдердің де жау табанында қалмауы үшін ерлік көрсетті. Көзі тірісінде қалың елдің ықыласына бөленген батыр бабамыз қанша уақыт өтсе де, біз үшін ерлік пен өрліктің үлгісі болып қала бермек. Батырдың саналы ғұмыры мен ғибратты ізін ұрпақ жадына сіңіре беруіміз керек, – деді облыс әкімінің орынбасары Шалқар Байбеков құттықтау сөзінде.

Ескірмейтін естеліктер

Қасым Қайсенов кентіндегі Батырлар аллеясында өткен бұл жиынға жергілікті жұрт та мол жиналыпты. Нағыз батырлықтың үлгісін көрсеткен жерлесіміздің бұл мерейтойы халықтық деңгейде өтіп жатқанын осыдан-ақ аңғаруға болады. Біз соған қуандық.

– Қазақ – батыр халық. Әсіресе Алтай елінің ерлігі ерекше. Сонау қантөгіс жылдары елін-жерін қорғаған Қаракерей Қабанбай, Көжал Барақ, ер Жәнібек, Дәулетбай, Танаш пен Қожакелді сынды батырлардың ерлігі баршамызға тарихтан мәлім. Одан кейінгі Алашорданың негізін салушылардың бірі, ұлт ойшылы Райымжан Мәрсеков те – осы елдің тумасы. Өкінішке қарай, қанқұйлы Екінші дүниежүзілік соғыс та еліміз бен ерлерімізді тағы да тарих сынына салды. Сол сұм соғыста ерлік көрсеткен 500-дей батырдың 109-ы тағы да осы Алтай өлкесінен шығыпты. Ал Қасым Қайсенов – сол батырлардың ішіндегі бірегейі.
Осынау батыр ұлдарын ұлықтап жатқан шығыс жұртына ризашылығымды білдіре отырып, сіздерге Парламент Мәжілісіндегі «Ақжол» партиясы депутаттары атынан, партия төрағасы Азат Перуашевтың атынан арнайы құттықтау хат әкеліп отырмын, – деді Берік Дүйсенбинов.

Астанадан ат арытып келген қонақтан соң, Алтай баурайынан келген меймандарымыз сөз алып, ақжарма тілектерін ақтарды.

– Қасым Қайсенов есімі – әр қазақтың жүрегінен орын алған қастерлі ұғым. Сонау ғасырлар бойы туған жерін ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап келген баһадүрлердің кейінгі ғасырдағы заңды жалғасы. Қасым ағамыз қаһарман батыр ғана емес, қайраткер жазушы екенін білесіздер. Қазақстандағы қаламгерлер қауымы сіздерді осы бір мерейтоймен шын жүректен құттықтайды. Ол кісінің шығармашылығы 1954 жылдан бастап жазылып, көршілес елдердің тіліне аударылып, олардың да асыл қазынасына айналғанын бәріңіз жақсы білесіздер. Қасым атаның көзін көрген, бірге жүріп сыбаға жеген ізбасар інілерінің атынан бінеше шумақ өлең оқып берейін, – деп сөз бастаған Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет батырға арнап отты жыр өрді.

Халық Қаһарманының тойы халықтық деңгейде өтті

Алыс-жуықтан келген құрметті қонақтардың құттықтау сөзі саябырлаған сәтте сұрапыл соғыста ерлік көрсеткен батырлар рухына тағзым жасалып, гүл шоқтары қойылды. Жиналған жұрт баһадүрлерге арнап ғұмырларының бір минутын үнсіздікпен өткізді. Бұдан кейін ғасырға толған батырдың құрметіне арнап қонақтар 100 түп шырша отырғызды. Демек туған топырағында батыр рухы жылдың қай мезгілінде де шыршадай қалпын сақтап тұрады әрі жыл өткен сайын көктей береді деген сөз.

– Халық Қаһарманының жүзжылдық тойы Атырауда басталды деп естідік. Алматыда да бірнеше шараларға куә болдық. Бұл кісінің тойы – халықтың тойы. Қасымның ерлігін қандыкөйлек досы Бауыржан Момышұлы да жоғары бағалап кеткен. «Мен жаумен бетпе-бет соғыссам, Қасым жаудың ішіне кіріп, ортасында жүріп соғысты» деп отыратын. Ал Қасым аға бабалардың өрлігіне сүйініп: «Біздің соғыс техниканың, қулық-сұмдықтың соғысы болды», деп өткен батырларды жоғары көтермелеп отыратын. Ол кісі 89 жасында өмірден өтерінде: «Мен туралы мақала жазсаң, «Өмірден армансыз адам өтті» деген тақырып қой», – деп еді. Жалпы, өмірге, тәуелсіз Қазақ еліне разы-хош болып аттанды атамыз. «Рақымжан Қошқарбаев, Бауыржан Момышұлы көре алмай кеткен жақсылықтарды Тәуелсіз Қазақстан маған көрсетті, өңіріме ең жоғары медальды тақты», – деп отырушы еді. Биік ойлайтын, биік қалпында өмірден аттанды, – дейді батырдың жеке хатшысы болған жерлесіміз Еркін Нұразхан.

Өнер мен спортқа да кезек берді

Салтанатты шараның жалғасын аудандық Мәдениет үйінен тамашаладық. Әр жерден келген құрметті қонақтарға аудан әкімі Нұрымбет Сақтағанов пен белгілі кәсіпкер Қайрат Мусин арнайы жасатқан Қасым Қайсенов атындағы мерекелік медальдар мен төсбелгілер табысталды. Шара барысында Семейдегі «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің директоры Болат Жүнісбеков Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының ақ сәлемін жеткізіп, жиылған жұртқа құттықтау хатын оқып берді. Батырдың көзін көрген, еңбектерін зерттеп-зерделеп жүрген қонақтар құнды естеліктерімен бөлісті. Батырдың бейнесін сомдаған Қуандық Қысытықбаев батыр рөлін қалай сомдағанын, оның қиындықтары мен қызықты сәттерін баяндады. Осы орайда тағы бір айта кетер мәселе, актер сол түсірілімнің жалғасы ретінде жазылған төрт сериядан тұратын сценарийдің біраз жылдан бері қағаз бетінде тұрғанын, түсірілімге қаржы таппай отырғанын жеткізді. Көрерменнің көңілінен шыққан «Қасым» киносын жалғастыруға көмек қолын созатындар да табылар деген үмітпен қайттық тойдан. Аудан әкімі батырдың ұлы Болатқа автокөліктің кілтін сыйлады.

Халық Қаһарманының тойы халықтық деңгейде өтті

Аудан осы тойдың құрметіне орай жасөспірімдер арасында республикалық бокс турнирі мен халықаралық әншілер байқауын өткізді. Жасөсіпірмдер арасындағы турнир төрт күнге созылады. 14 салмақта сынға түсіп жатқан еліміздің әр өңіріне келген тоғыз команданың жеңімпаздары тиесілі жүлделерімен қатар спорт шеберлігіне үміткер атағын қосып алады. 2002-2003 жылдар аралығында туған жасөспірімдер арасындағы бұл бәсеке Қасым Қайсенов кентіндегі Р.Мәрсеков мектебінің спорт залында өтіп жатыр. Ал әншілер арасындағы халықаралық байқауға көршілес елдерден де күміс көмей әншілер қатысқан болатын. Таланттар таласқа түскен өнер додасында бас жүлдеге ұландық Қадықан Манай ие болды.

Алыс-жуыққа аты жайылған ғасыр тойы екінші күні Өскемен қаласының Меновное атшабарында жалғасын тапты. Ұлттық спорт ойындарынан өтіп жатқан шараның нәтижесін алдағы уақытта назарларыңызға ұсынатын боламыз.

Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button