Халқымыз тыныштықтың қадірін біледі
Мамыр айының алғашқы күні елімізде дәстүрлі түрде маңызды мемлекеттік мерекелердің бірі – Қазақстан халқының бірлігі күні атап өтіледі. Ерекше мән-мағынаға толы бұл мейрам қастерлі қазақ жерінде тұратын барлық этностың достығын, өзара сыйластығы мен ынтымағын айғақтайды.
Бірлік күні елдегі түрлі ұлт өкілдерін біріктіруді, жұмылдыра түсуді көздейді. Бұл мақсаттың маңызын ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше мәрте атап өткен болатын. Мәселен, Қазақстан халқы Ассамблеясының кеше ғана өткен кезекті сессиясында Мемлекет басшысы ауызбіршілік пен татулықсыз саяси-экономикалық реформаларды жүзеге асыру мүмкін еместігін баса айтты. Шынында да, бірлік – бізді биік мұраттарға бастар жол ғана емес, сонымен қатар мемлекеттілігіміздің берік тұғыры. Халқымыз тыныштықтың қадірін біледі.
Елде ауқымды өзгерістер орын алған бүгінгі шақта ішкі саясатымыздың басымдығы ұлтаралық келісімді сақтау болып қала бермек. Бізде барша этностардың мәдениеті мен тілін сақтап, дамытуға жағдай жасалған. Ол үшін Қазақстан халқы Ассамблеясы сынды әлемде жоқ бірегей ұйым құрылды. Президент Ассамблеяның жалпыұлттық бірлікті нығайтудағы жұмысына оң бағасын беріп, «Қазақстан халқы Ассамблеясы бейбітшіл саясатымыздың берік тірегі болып отыр» деді.
Осы ретте Шығыс Қазақстанның ұлтаралық келісім саласындағы көптеген бастамаға мұрындық болып келгенін тілге тиек еткен жөн. Өңірде жүзден астам этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүруде.
Ал Алтайдың кіндік қаласы – Өскеменнің ел бірлігін күшейтуге қосып жатқан үлесі бір төбе. Осыдан тура 31 жыл бұрын облыс орталығында еліміздегі тұңғыш Достық үйі ашылды. Ол ұлттар арасындағы бірлікті күшейтуге, этностардың тілі мен мәдениетін сақтауға, отансүйгіштікке тәрбиелеуге зор ықпал етіп келеді. Бүгінде бұл жерде 22 облыстық этномәдени орталық, 27 шығармашылық ұжым қызмет етеді, олардың 8-і «халықтық» атағын иеленген. 2014 жылдан облыстық Достық үйі дербес қоғамдық институт ретінде қайта құрылды. Соның арқасында мұнда этносаралық мәселелерді шешетін ғылыми-сараптамалық топ, Аналар кеңесі, Қоғамдық келісім кеңесі, Жастар Ассамблеясы, Медиация орталығы, басқа да бірлестіктер ашылды.
Өскемендегі басты көрікті жердің бірі және мәдениетаралық толеранттылықтың символы – елімізде баламасы жоқ этноауыл. Ол 2010 жылы Ертістің сол жағалауындағы облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық мұражай аумағында салынды. Бұл – қазақ, орыс, украин, ұйғыр, кәріс, татар, беларусь, әзірбайжан, еврей, неміс, поляк, шешен, армян үйлері орналасқан тұтас бір ауыл. Ол сан түрлі ұлттар мен ұлыстардың достығы мен татулығын паш етіп тұрған қазақстандық қоғамның шағын үлгісі іспеттес. Мұнда Қазақстанда тұратын халықтардың үй-жайларын, тұрмыс-тіршілігін көзбен көріп, жақынырақ танысуға болады.
Этноауылдың қақ ортасына киіз үй пішініндегі басқосулар залы орын тепкен. Оның шаңырағы астында этносаралық келісімді сақтауға бағытталған маңызды іс-шаралар жиі өтеді.
Бүгінде Өскемендегі Достық үйі мен этноауыл өскелең ұрпақты өзге ұлт өкілдеріне құрметпен қарауға, адамдарды тегіне қарай бөліп-жармауға тәрбиелейтін бірегей орталықтарға айналған. Расында да, нақ осы бір құнды қасиеттер табысты әрі өркениетті мемлекет болуымызға жол ашады. Бұны Мемлекет басшысының Ассамблея сессиясында айтқан «Этносаралық және конфессияаралық келісім, өзге мәдениетке толерантты болу – біздің баға жетпес байлығымыз, қазіргі тілмен айтсақ, ұлттық брендіміз» деген сөздері де қуаттай түседі.
Didar ақпарат