Татулық

Тағдырын қазақ елімен байланыстырған

Ынтымақ Толқын

 Қазақ халқының қонақжайлығы мен кеңпейілдігі талайды таңдандырған. Тіпті, өзге ұлт өкілдері осы қасиетке бас иіп, тағдырын қазақ елімен байланыстырған.

Тілі мен діні әртүрлі ұлт пен ұлыс өкілдері өмір сүретін еліміз – татулық пен бірліктің отаны. «Береке бастауы – бірлік, ел іші – тату тірлік» қағидасын ұстанған халықтың талайға үлгі болары анық. Тіпті, Тәуелсіздікті енді ғана алған сонау қиын-қыстау жылдары да өзге ұлттарды қонақжайлығымен таңдандырған. Сол жылдары елге келіп тұрақтаған ұлттар бүгінде ел өркендеуіне үлес қосып, қазақ халқымен етене араласқан. Солардың бірі – тәжік ұлтының өкілі Алавидин Гадаев. Тәжікстанда туып-өскен азамат Қазақстанға әскери борышын өтеуге 90-шы жылдардың басында келген. Қазақ халқының қонақжайлығына таңданған жас өз тағдырын осы елмен байланыстыруға бел байлаған. Әскери қызметтің мерзімі біткенде ол Семей қаласына оқуға түсіп, сонда біржола қалуды ұйғарады.

– Мен Тәжікстанда туып-өстім. 90-шы жылдары Семейге әскер қатарына келіп қызмет еттім. Қала маған қатты ұнап қалды. Тұрғындары да өте қонақжай, шеттерінен ақкөңіл. Өзге ұлт деп бөлген жоқ. Маған бұл қатты ұнады да тағдырымды қазақ халқымен байланыстыруды ұйғардым. Осында оқуға түсіп, алғашқы еңбек жолымды да осы жерден бастадым. Құдайға шүкір, қазір төккен тердің жемісін көріп отырмын, – дейді ол.

Алавидин Гадаев қазір кәсібінің тасын өрге домалатып отыр. Семей қаласында орналасқан дүкендері мен шағын дәмханасы бар. Татулық пен ізгілікті жаны сүйетін азамат қайырымдылық жолында барын салуға тырысады.

– Қазақтың кеңпейілділігін қатты құрметтеймін. Мені осы елге баурап алған да осы қасиет. Бүгінде өзім де қолымнан келгенше мұқтаж жандарға көмек көрсетемін. Меккеге қажылыққа барған соң қайырымдылық жасаумен айналысуды қолға алдым. Осы мақсатта тәжік ұлтының этномәдени орталығын аштым, – дейді Алавидин Гадаев.

«Рудаки» тәжік этномәдени орталығы 2019 жылдың соңында Алавидин Гадаевтің бастамасымен құрылған. Орталық еліміздегі этнобірлестіктердің ішіндегі ең жасы. Азғана уақыт ішінде аталмыш ұйым ұлттар бірлігін көрсететін шаралардың барлығына белсенді қатысып үлгерген.

– Тәжік ұлтының бірлестігін құру туралы ой қажылыққа барғалы жүргенде келді. Біздің ұжымның басты мақсаты – қайырымдылықпен айналысу. Пандемия кезінде ашылсақ та, көп жанға көмек бердік. Әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы отбасылар мен жалғызбасты аналарға көмек қолын создық. Бұл іс әлі күнге дейін жалғасуда. Ай сайын біз үш-төрт отбасын қамқорлыққа алып, азық-түлік, киіммен қамтамасыз етеміз, – дейді ол.

Этномәдени орталықтың жетекшілігін қолға алған азамат осындай игі істерді әрмен қарай жалғастырмақ. Бірлік күні қарсаңында татулық пен ынтымақты көрсетіп, ізгі іспен жарысуға да шақырды.

– Тәжік этномәдени орталығының атынан барша қазақстандықтарды айтулы мерекемен құттықтағым келеді. Біздің ел өркендеу мен бақыттың бесігі болсын. Бір-бірімізге жақсылық жасап, қол ұшын созудан аянбайық. Татулық пен берекеміз мығым болса, ел ертеңі жарқын болады, – деді Алавидин Гадаев.

 

Back to top button