Экономика

Хабал жасаған жиһазға сұраныс жоғары

Хабал жасаған жиһазға сұраныс жоғары

Хабал Алтынбек жиһаз жасаудың қыр-сырын бір кісідей-ақ меңгеріп, отбасылық бизнеске айналдырған.

Кәсіп иесін іздеп барғанымызда, әзірше жұмыс орны болып табылатын үй ауласының кіреберісінде тапсырыспен жасалған дайын жиһаздар рет-ретімен жиналып қойылғанын көрдік. Өкінішке қарай, жиһаз шебері Хабалды кездестіре алмадық. Есесіне, оның ісін, жиһаз жасаудың қыр-сырын жақсы біліп алған жары Рая Нәсіпханмен жүздестік.

Хабал Алтынбектің бұл іске ден қойғанына 10 жылдың жүзі болыпты. Алғашқы кездері орындық, үстел, тұрмысқа қажетті түрлі ұсақ-түйек бұйымдар жасап, халық қызығушылық танытқаннан кейін саудалай бастайды. Әрине, жұмыс бірден жақсы жүріп кетті десек, әбестік болар. Кейін тапсырыс көлемі ұлғайған сайын жиһаз шебері жасалу техникасы жағынан күрделі, ауқымды дүниелерді жасайды.

Жиһаз жасауға қажетті шикізат пен басқа да керек-жарақ Семейдегі көтерме қоймалардан алынады. Жас отбасы жақында өз кәсіптерінің өрісін кеңейту мақсатында «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы арқылы екі миллион теңге көлемінде несие алған. Ендігі мақсат – өндіріс көлемін ұлғайта отырып, сапасын жақсарта түсу. Рая Нәсіпхан алдағы уақытта ауыл ішіндегі бір тұрғын үйді күрделі жөндеуден өткізіп, заман талабына сай үй жиһаздарын шығаратын цех ашуды жоспарлап отырғандарын жеткізді. Аудан халқынан сұраныс күн санап көбейіп отырғандықтан, үлкен цех салу өзі сұранып тұрған шаруа екенін айтты. Бұл отбасы жасалған бұйымдарды тұтынушыға жеткізу жолын да ойластырған. Сол мақсатта таяуда жүк машинасын сатып алыпты.

– Біз ауылдағы ағайынның әлеуметтік ахуалын жақсы түсінеміз, – дейді Рая Нәсіпхан. – Жасалған жиһаздың бағасын қаладағы, аудан орталығындағы бағалардан қымбаттатпауға тырысамыз.

Әңгіме барысында Рая ас үйге, жатын, кіреберіс бөлмелерге, кеңсеге арналған, басқа да күнделікті тұрмысқа қажетті үстел, орындықтар және тұтынушының тапсырысы бойынша кез келген жиһазды жасауға дайын екендіктерін жеткізді. Мәселен, ас үйге арналған үстел мен орындықтан тұратын жинақ – 28 мың теңгеден, қолжуғыш – 16 мың, комод – 15 мың, ауыз бөлмеге арналған шкаф – 25 мың, жатын бөлмеге арналған төсек-орынның бағасы 65 мың теңгеден жоғары тұрады.

– «Жұмыспен қамту-2020» мемлекеттік бағдарламасының көмегі зор болды. Әуелі жергілікті мамандардан бағдарлама жөнінде кеңес алып, жай-жапсарына қанықтық.

Содан соң қомақты несие алып, бүгінде мақсатымызды жүзеге асырудамыз, – дейді ол.

Эльмира Тайырқызы
Көкпекті ауданы

Осы айдарда

Back to top button