Гуманитарлық колледж 90 жылдығын тойлады
Өткен ғасырдың алғашқы ширегінде шаңырақ көтеріп, облыс жұртшылығына есігін айқара аш-қан Өскемен педагогикалық училищесі (бүгінде Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжі) 90 дейтін абыз жасының торқалы тойын қасиетті наурыз айы туа салысымен бастап кетіпті.
Өскемендегі «Үлбі» орталық Мәдениет үйінде осынау тарихы тереңнен бастау алатын шежірелі шаңырақтың салтанатты жиыны өтті. Оған облыс Әкімінің орынбасары Айтқазы Шерубаев, облыстықбілім басқармасының бастығы М.Ахметова, қала әкімінің орынбасары А.Нұрғазиев, облыстағы барлық колледждердің басшылары, сондай-ақ, бір кездері осы оқу орнын тәмамдап, ұзақжылдар бойы білім саласына білікті кадрлар даярлауда аянбай еңбек еткен ардагер ұстаздар қатысты.
Жиналғандар алдында сөз алған А.Шерубаев іргетасын өткен ғасырдың 23-ші жылы қалаған оқу орнының әкімшілігі мен педагогтар ұжымын, сонымен қатар, бүгінгі таңда білім саласына қатысты он түрлі мамандық иелері атануға талпынып, білім алып жатқан студенттер қауымын облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ атынан мерейтойларымен құттықтап, шығармашылықтабыстар тіледі.
– 90 жылдық тарихы бар Өскемен педагогикалық колледжінің осы уақытқа дейінгі жеткен жетістіктері мен шығармашылық табыстарын тек облыс қана емес, бүкіл Қазақстан халқы біледі. Біз қай кездерде болмасын осы оқу орнын тәмамдап, еліміздің түкпір-түкпірінде халыққа қалтқысыз қызмет еткен, әлі де еңбектеніп жүрген азаматтар мен азаматшаларды мақтан тұтамыз. Бүгінгі жас қауымға сол ардагерлеріміздің абыройы мен біліктіліктерін берсін, алар асуларыңыз әманда биік болсын, – деген Айтқазы Шерубаев колледж ұжымының бірқатар қызметкеріне облыс Әкімінің алғыс хатын табыс етті.
«Той кәдесіз болмас» дегендей, көпшіліктің алдына шығып сөз алғандардың барлығы да колледждің осы күнге дейін жүріп өткен шежірелі тарихына қысқаша тоқталып, шама-шарықтарынша сый-сияпат жасап жатты. Солардың ең қомақтысы, әрі маңыздысы облыстық білім басқармасы тарту еткен құны 3 миллион теңге тұратын әдістемелік кабинет болды.
– Мерейтой аясында аталмыш оқу орнының әр жылдардағы түлектерімен кездесулері, ғылыми-теориялық конференциялар мен оқушылардың шығармашылық фестивальдары, түрлі форумдар мен спорттық жарыстар және өзге де шаралар қарастырылған. Олар белгіленген уақыттарда, жоспарланған жерлерінде өз кезегімен өткізіле беретін болады, – дейді мерейтойын тойлап жатқан колледждің 83 жылдан кейінгі тұңғыш қазақ директоры Нұрлан Әскетайұлы.
Нұрғиса Тілендиевтің әйгілі «Әлқисса» күйімен шымылдығын түрген салтанатты жиын бастан-аяқ ұлттық сарында өтті. Өздері білім алып жатқан қара шаңырақтың мерейтойына өнерпаз студенттер де құр қол келмепті. Жиналғандар алдында мың бұрала би билеп, асқақтата ән салған болашақ педагогтар тойға келген көпшілікті өз өнерлеріне тәнті етіп қана қоймай, салтанатты шараның ажарын аша түсті.