Білім

Гранттың жаңа түрі беріле бастайды

Гранттың жаңа түрі беріле бастайды


Мүмкіндігі шектеулі және аз қамтылған көпбалалы отбасылардың 727 мүшесіне жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін мемлекет бюджетінен 200 АЕК мөлшерінде қайтарымсыз қаражат берілмек.

– Бұған дейін біз нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында табысталатын қайтарымсыз гранттарды беру ережесінің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қарауында жатқаны жөнінде хабарлаған болатынбыз. Қазіргі уақытта құжат бекітіліп, күшіне енді. Мөлшері 200 АЕК-ті құрайтын (505 мың теңгеге дейін) мемлекеттік гранттарды беруге республикалық бюджеттен 367,1 млн. теңге қазірдің өзінде бөлініп қойды. Оларды алатындар саны – 727 адам. Бүгінгі таңда тұрғындардың әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтарының ішінен грант алатындар санаты анықталды, – деді облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Ерболат Ошақбаев.

Алдағы уақытта гранттарды бөлу бойынша алғашқы комиссия отырысы өтеді. Ал қайтарымсыз қаражат алуды ойлаған азаматтар тұрғылықты жері бойынша Жұмыспен қамту орталықтарына жүгінулері қажет. Өзімен бірге жеке басын куәландыратын құжаты болуы тиіс.

Қоса кетсек, грантты алуға «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша оқудан өткен немесе мемлекеттік бағдарламаның бірінші бағыты бойынша осыған дейін мемлекет тарапынан қаржылай қолдау алып көрмеген азаматтар үміт арта алады.

Сондай-ақ жоғарыда көрсетілген азаматтар жаңа бизнес-идеяларды іске асыру бойынша 100 АЕК мөлшеріндегі (252500 теңгеге дейін) гранттарды да ала алады. Мұндай грант бұған дейін осындай мақсаттағы қаражатты алып көрмеген аз қамтылған көпбалалы отбасыларға, аз қамтылған мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға, сонымен қатар оралмандар мен оңтүстік өңірден көшіп келушілерге беріледі. Аталмыш мақсатта бюджеттен 67,7 млн. теңге қаражатты 268 адамға беру көзделген. Қазіргі уақытта 119 адамға жалпы сомасы 30 млн. теңге грант беріліп те қойды.

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button