Білім

Грантқа түскім келеді

 Грантқа түскім келеді


ҰБТ қалай өтті?

Сөйтіп, мектеп түлектерінің, олардың ата-аналары мен мұғалімдерінің түнде ұйқысын, күндіз күлкісін ұрлаған ҰБТ да артта қалды. 20-30 маусым аралығында өткен ҰБТ-ға еліміз бойынша барлығы 110 472 адам қатысып, олардың 74,8 пайызы өту балын жинаған көрінеді.

Ал Ұлттық тестілеу орталығының директоры міндетін атқарушы Дидар Смағұловтың айтуынша, 27 мыңнан астам түлек шекті балды жинай алмаған екен.
Өткен жылы ҰБТ тапсырушылардың 15 пайызы өту балын жинай алмаса, биыл олардың қатары -25,2 пайыз.

– -Біз мұны бақылаудың күшейгенімен байланыстырамыз. Биыл ҰБТ-ға БҒМ білім саласын бақылау комитетінің өкілдері алғаш рет қатысты. Біздің қызметкерлер бірқатар жемқорлыққа қарсы шаралар қабылдап, онлайн-бақылауды жүзеге асырды, – деді Дидар Смағұлов журналистерге берген сұхбатында.

– Десе де, биыл ҰБТ тапсырушылардың ешқайсысы телефон, шпаргалка қолданбады деп те ешкімнің айта алмасы анық. Қанша жерден онлайн-бақылау қойғанымен, замануи техникадан қулығын асырғандар да табылып жатты. Тіпті Ұлттық тестілеу орталығының жаңа басшысы Дидар Смағұлов ҰБТ басталғаннан-ақ тамыр-таныстары хабарласып, өтініштер айтқанын өзінің Фейсбук парақшасында жайып салды. «Кейбіреулер телефон соғып құттықтап, мәселені «шешіп берші» деп сұрап үлгеріп жатыр» деп жазған жаңа басшы мұндай әрекет тағы қайталанса заң бұзуға итермелегендермен байланысын үзетінін де мәлім етті.

Біздің Шығыс өңірінде биыл мектеп бітірген 8490 түлектің 6669-ы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты. Бұл барлық түлектердің 78,5 пайызын құрайды. 8490 түлектің 63,3 пайызы қазақ тілінде, 36,6 пайызы орыс тілінде тест тапсырды. Облыстағы Ұлттық бірыңғай тестілеу 16 тестілеу пунктінде өткізілді. Оның төртеуі жоғары оқу орындарында, 12-сі аудандық және қалалық пункттерде ұйымдастырылды. Тестілеу өткен барлық 83 аудитория 110 ұялы байланысты бұғаттау құралдарымен, 12 жиектемелі және 39 қолда ұстайтын металл іздегіштермен, тестілеудің өткізілу барысын бақылайтын 120 бейнеқабылдау камераларымен жабдықталды.

Жалпы, ҰБТ кезінде республика бойынша барлығы 90375 ұялы телефон, 28 344 калькулятор, 1867 шпаргалка алынған. Бұл туралы Дидар Смағұлов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазған болатын.

Облыстық бюджеттен 400 грант бөлініп отыр

 Грантқа түскім келеді

Міне, алдағы 13-20 шілде аралығында грантқа түсуге ниет білдірген түлектер үшін құжат қабылдау науқаны басталмақ. Жалпы, грантқа түсу кез келген түлектің арманы екені сөзсіз. Білім және ғылым министрлігінің дерегіне сүйенсек, биыл үміткерлерге 51 085 грант бөлініп отыр. Ал естеріңізде болса, былтыр жоғары оқу орындарына барлығы 53 594 грант бөлінген болатын. Әсіресе, өткен жылы техникалық мамандықты таңдаған үміткерлердің айы оңынан туған еді. Биыл керісінше өнер саласын таңдағандардың жолы болатын секілді. Биылғы жылы өнер саласы мамандықтарына 1315 орын бөлініп отырған көрінеді, ал былтыр бұл салаға небәрі 300 ғана грант бөлінген екен. Ал ақпараттық-коммуникациялық технология саласын таңдағандарға 5977, инженерлік мамандықтарға 15011 грант бөлініпті. Шетелдегі қазақ диаспорасы өкілдеріне 2450 грант бөлінген. Айта кетерлігі, биыл педагогикалық мамандықтарға берілетін грант саны өткен жылға қарағанда 4 мыңға азайыпты.

Ал өңірімізге келсек, облыс басшысы Даниал Ахметов 2017 жылдан бері республикалық гранттардан бөлек, облыстық білім гранттарын беріп келеді. Сол жылы жергілікті бюджеттен аймақтағы маңдайалды 5 университетке 200 грант бөлінсе, келесі жылы ол көрсеткіш екі есеге ұлғайып, 400-ге жеткен болатын. Биыл да мектеп түлектеріне облыстық бюджеттен 400 грант бөлініп отыр. Бір атап айтарлығы, бұл жоба жыл сайын шетелге ағылатын түлектер санын әжептеуір тежеуге өз ықпалын тигізгені анық. 2016 жылы 1800, 2017 жылы 890, 2018 жылы 636 түлек шетелдің жоғары оқу орындарын таңдапты. Ал биыл олардың қатары 585-ті құрайды деп болжануда.

Жалпы, облыс қазынасынан бес жылдың ішінде облыстық білім гранттарына 4,6 млрд. теңге бөлінбек. Биыл облыстық бюджет қаражаты есебінен берілетін 400 білім грантының 373-і облысқа қажетті мамандарды әзірлеуге, ал 27 грант мемлекеттік тапсырыс негізінде жоғары оқу орындарына берілмек.

Оқу ақысын нарықтың өзі реттейді

Ал грант бұйырмағандар қайтеді? Әрине, ақылы оқуға барады. Соңғы күндері әлеуметтік желіде ҚР Білім және ғылым министрлігі жоғары оқу орындарына оқу ақысын 20 пайызға көтеріңдер деген тапсырма беріпті деген жалған ақпарат тарағаны да рас. Қарапайым халық министрліктің мұнысы несі деп, ешнәрсені түсінбей де қалды. Десе де Білім және ғылым министрлігінің БАҚ-пен байланыс жөніндегі кеңесшісі Ерболат Мұхамеджан бұл қауесетті жоққа шығарды. «Тіпті қисынға келмейді. Ашығын айтайын, бұл ойдан шығарылған өтірік ақпарат. Министрліктің ондай жоспары жоқ. Негізсіз және фактісіз ақпараттардан абай болуларыңызды сұраймын»,- деді ол өзінің әлеуметтік парақшасында.

Оның айтуынша, елімізде барлығы 131 ЖОО бар. Әрине, көпшілігі жеке меншік. Жеке меншік болған соң, нарықтың талабына сай жұмыс істейтіні де түсінікті. Орташа алғанда Қазақстандағы жоғары оқу орындарының құны 350-420 мың теңгені құрайтын көрінеді. Десе де нарық заңдылығына сай, кейбір оқу орындарында оқу ақысы арзандаса, кейбіреулері керісінше қымбаттапты. Мысалы, Қарағанды мемлекеттік университеті оқу құнын 7000 теңгеге төмендетсе, ЖМУ 4 пайызға, Абылай хан атындағы қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті 8-10 пайызға, Абай атындағы ҚазҰПУ 1-2 пайызға, Қарағанды медициналық университеті 3 % арттырған. Көптеген жоғары оқу орындары оқу ақысын өзгеріссіз қалдырған. Олардың қатарында Сәтбаев университеті, ПМУ, Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ, Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университеті, ЕТУ, Шәкәрім атындағы СМУ, Қарағанды экономикалық университеті, Әуезов атындағы ОҚМУ, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ, Х.Досмұхамедов атындағы АМУ, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ, Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті, Семей медицина университеті және тағы басқалар бар.

Осы орайда С.Аманжолов атындағы ШҚМУ ректоры Мұхтар Төлеген де бұл ақпаратты растап, оқу ақысының ешқандай көтерілмегенін айтты. Қайта аталған оқу орнының ректоры таяуда арыстық түлектерге тегін білім алуға 10 грант бөліпті. Мұнымен қатар 24 маусымда Түркістан облысы, Арыс қаласында орналасқан әскери бөлімшелердің бірінде болған жарылыстан жапа шеккендерге аталмыш жоғары оқу орнының ұжымы бір күндік жалақыларын да аударыпты. Жалпы, биылдан бастап жаңа классификатор енгізілгені белгілі. Бұрын гранттар мамандық бойынша бөлінсе, биылдан бастап білім беру бағдарламалары бойынша бөлінбек. Грант тағайындау байқауына қатысатын үміткер құжат тапсыру кезінде ЖОО мен 4 білім беру тобын көрсетуі тиіс. Мысалы, «Химия пәні мұғалімдерін дайындау» білім беру бағдарламасы тобының грантын ұтып алған жағдайда жоғары оқу орнына қабылдану барысында оқу орнының білім беру бағдарламалары тізімін қарайсыз. Жоғары оқу орнында «Химия» немесе «Химия-Биология» пәндері болса — үміткер екеуінің бірін таңдауы тиіс.

– Бір жыл бойы ойымыздан шықпаған ҰБТ да өте шықты. Нәтижесі ойдағыдай. 120 балл алдым. Қазіргі бар арманым – осы балмен грантқа түсу, – дейді өскемендік түлек Нұрдина.

Әрине, Нұрдинаның арманына жетуіне біз де тілектеспіз.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button