Білім

Грант иегерлері анықталды

Кеше облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпованың қатысуымен жоғары оқу орнына түсу үшін жергілікті бюджет қаражаты есібінен бөлінетін 2019-2020 оқу жылына арналған білім гранттарын беру бойынша комиссияның отырысы болып өтті. Жиынға «Нұр Отан» партиясының, жемқорлықпен күрес жөніндегі ұлттық бюроның, аймақтық кәсіпкерлер палатасының, салалық басқарамалар мен БАҚ өкілдері қатысты.

Мұның алдында өткен комиссия отырысында аймақтағы еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар ескеріле отырып, грант көлемі анықталған болатын. Ал тамыздың 5-10 аралығында жергілікті жоғары оқу орындары жергілікті бюджеттен бөлінетін грантқа өтініш қабылдаған. Нәтижесінде үміткерлерден 740 өтініш келіп түсіпті. Үміткерлердің көпшілігі негізінен архитектура, менеджмент және басқару, педагогика, медицина салаларын таңдаған екен. Нәтижесінде келіп түскен өтініштердің негізінде 400 гранттың 229 орны жабылған. Мұнымен қатар биыл Білім және ғылым министрлігінің грантының ұлғаюына байланысты бірқатар мамандықтарға бірде бір өтініш түспепті. Нақты айтқанда 25 білім бағдарламасы бойынша 171 орынға бала саны жетпей қалған. Осыған байланысты комиссия аймақтағы сұранысқа ие жоғары білім мамандықтарды ескере отырып, гранттарды қайтадан бөлуді бір ауыздан құптады.
Бұдан бөлек, биыл Білім және ғылым министрлігі әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балалары үшін республикалық бюджеттен 5000 грант бөліп, сол гранттың 180-і біздің өңірге бөлініпті. Осы байқауға қатысуға 120 жастан өтініш келіп түсіп, өтініш бергендердің барлығының грант иегері болатыны белгілі болып отыр. Бұл әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көпбалалы отбасы балаларының аймақтағы және еліміздегі жоғары оқу орындары мен колледждерде тегін білім алуына мүмкіндік береді.
Осылайша, облыстық комиссияның шешімімен аймақтық жоғары оқу орындарына түсетін облыс әкімінің 2019-2020 оқу жылындағы білім грантының иегерлері анықталды.

Мейрам Екпін

Осы айдарда

Back to top button