Кәсіпкерлік

Гран алып, кәсіп бастады

Ерлан БАПАНОВ, Тарбағатай

Өзінің бизнес жобасын қорғап, Тарбағатай ауданының халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы қайтарымсыз грант иеленіп, жеке кәсібін бастаған жастардың бірі Ақжар ауылының тұрғыны Зухра Такирова. 

Ол бүгінде мемлекеттік гранттың арқасында Ақжар ауылынан тырнақ әрлеумен айналысатын салон ашып, тіршілігін жандандырып отыр. Зухра бақыттың кілті адал еңбекте деп есептейді. Ешкімге қол жаймай, өзіңе сеніп талпынсаң, әрекет жасасаң, жемісін міндетті түрде көретінің хақ.

    – Комиссия менің жобамды қалай қабылдар екен деп қобалжығаным рас. Дегенмен комиссия менің талабымды оң бағалады. Қазір жалқауланбай еңбек етемін деген адамға мемлекет барлық жағдайды жасап отыр. Жоқ жерден кінә іздеп, «мемлекет менің жағдайымды неге жасамайды?» деп масылдыққа салынуға болмайды. Қазір небір мықты, тың жобаларды ауылға әкеліп, жоқтан бар жасап, кәсіп ашып, тұрмысын түзеп жатқан жастар көбейіп келеді.  Соған қуанамын. Елімізде тек бейбітшілік болсын. Мемлекет сол ішкі-сыртқы бейбітшілікті сақтап тұрса, халық тұрмысын түзеп алады ғой, – дейді Зухра Такирова.

Айтуынша, тырнақ әрлеумен әзірге өзі ғана айналысып отыр. Алдағы уақытта кәсібін кеңейтіп, қосымша жұмыс орындарын ашқысы келеді.

Жалпы, Тарбағатай ауданы бойынша азаматтарды еңбекпен қамту тұрғысында жүйелі жұмыстар бар. Мысалға, 2022 жылы 820 адам аудандағы халықты жұмыспен қамту орталығының «Еңбек нарығы» жүйесіне тіркелген. Облыстық бюджеттен 52 адамға қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету бойынша 23 млн 109,5 мың теңге қаржы бөлінген, барлығы оқуын аяқтап, толықтай жұмысқа орналасқан. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыру бойынша өткен жылға республикалық бюджеттен 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде бес адамға 3 063,0 мың теңге, Ұлттық қордан 23 адамға 78 390,0 мың теңге бөлінген.

Аудан экономикасының өрістеуіне шағын кәсіпкерліктің әсері мол. Сондықтан бұл бағытта қолдау, оқыту, бағыт-бағдар беру шаралары жалғаса бермек.

 

 

Осы айдарда

Back to top button