Экономика

Голландтықтар керемет картобымен, озық өндірісімен қызықтырып кетті

Голландтықтар керемет картобымен, озық өндірісімен қызықтырып кетті

Ауыл шаруашылығында, оның ішінде егін шаруашылығында өзгеге есесін жібермей, ұлтарақтай жерінен рекордты өнім алып, барлық елге экспорттап, картобына қол жайғызып қойған Голландияның бір топ бизнесмендері екі күндік сапармен біздің облысқа келді.

Шеттен келген тұқымның шикілігі де көп

Қазақстандағы Нидерланд Корольдігі елшілігінің Голландия экономикалық кеңсесінің басшысы Вилко Роггенкамп бастаған голландиялық компаниялар өкілдерінің облысқа келудегі мақсаты – Шығыс Қазақстан және Нидерланд ауыл шаруашылығы саласында өзара іскерлік сауда-экономикалық ынтымақтастықты арттыру.
Жылыжай, ауыл шаруашылығы қоймаларын салумен, көкөніс тұқымдарын өсіріп, тыңайтқыштар өндірумен және агроөнеркәсіпті алға бастыратын түрлі техника, озық технологияларымен аты шығып отырған Голландияның оннан астам компанияларының өкілдері мен еліміздегі өкілдіктері алғашқы қадамдарын облыс орталығындағы «Альжан-Агротрейд», «Райымбек Агро», Украинка ауылындағы «Жер Су» серіктестіктерінің жылыжайлары мен сүт өңдеу кәсіпорындарын аралаудан бастады.
Өскемендегі «Альжан-Агротрейд» ЖШС жылыжай кешенінде қысы-жазы өсіріліп жатқан қиярлар голландиялық технология бойынша бапталып, күтілуде. Суды үнемдеп, шығынды әлдеқайда азайтып, көкөністің тез пісіп, жетілуіне жағдай туғызатын озық технологияның арқасында мұндағы бір шаршы метр жерден күніне 30 келіге дейін қияр жиналып алынып отыр. Көктемге қарай қызанақтар да пісіп, саудаға шығарылмақ. Бес гектардың мол өнімі облыстың ірі қалалары мен көршілес өңірлерге, Ресейге де шығарылып жатыр.
Екі жылыжайдың, сүт өңдеу зауытының жұмысын көріп, тәжірибе алмасқан шетелдік бизнесмендер одан соң аймақ кәсіпкерлерімен, бизнес қауымдастықтарымен жүздесіп, өндіріс тиімділігін арттыруға септігін тигізіп, табысқа жеткізіп отырған голландиялық ауыл шаруашылығы техникалары мен технологияларының саны мен сапасы жыл сайын артып келе жатқанын әңгімелеп, кездесуге қатысушыларды өз өнімдерімен, қызметтерімен таныстырды.
Шетел компаниялары өкілдеріне аймақтағы ауыл шаруашылығының әлеуетін, экономикалық көрсеткіштерін баяндаған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Дүйсембай Селиханов біздің облыстың диқандары мен қайта өңдеу кәсіпорындары үшін күрделі күйінде қалып отырған мәселелердің бірі – сапалы тұқымның аздығы, бағасы қолжетімді заманауи техникалардың, құрал-жабдықтардың жетіспеушілігі екендігін атап айтты.
Селекциялық жұмыстардың сылбыр жүргізіліп келе жатуының салдарынан ауыл шаруашылығы құрылымдары отандық, сапалы тұқыммен қамтылмай отыр. Ауыл шаруашылығы, егін шаруашылығы ежелден еліміздің, облысымыздың негізгі саласы саналатынына қарамастан қазіргі күнге дейін Голландияның картобына қол жайып, бидайдың да, басқаның да жақсы деген тұқымын тек шетелдерден сатып алудамыз. Ит арқасы қияннан тасымалданып әкелініп жатқан тұқымдар кәсіпкерлердің қалтасын қағып қана қоймай, өнімнің өзіндік құнының артуына, осылайша ауыл шаруашылығы тауарларының бағасының өсуіне түрткі болуда. Табиғи ортаның сәйкес келмеуінен кеш пісіп, қар астында қалып, әурелеп жататыны өз алдына. Қолдағы нашар тұқымнан көздегендегідей өнім түспей, күзде әжептәуір арзан болған көкөністің бағасы көктемгі көкөзек шақта бірден аспандап кетеді.
– Алыстан тасымалдау шаруашылықтарды үлкен шығынға ұшыратады. Біздің өңірдің егін шаруашылығы үшін өзімізге бейімделген отандық тұқым, жетілдірілген отандық технология қажет. Бұл бағытта селекциялық жұмыстар, түрлі шаралар жүргізіліп жатыр. Әйтсе де әзірге бұл жағынан шетелге тәуелдіміз. Алайда, сол шетелден алып отырған тұқымның сапасы көп жағдайда қағаздағыдан өзгеше, сапасыз болып, жеткізілген сау мал ауру болып шығып жатады, – деген облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы голландтық кәсіпкерлердің назарын алдымен шетелден сатып алынатын өнімдерден шығып жатқан шикіліктерге, шетелдік техникалардың қымбат бағасына аударып, байланысты екі жаққа да тиімді түрде нығайтуды ұсынды.

Біріккен кәсіпорын құрудың мүмкіндігін қарастырмақ

Бүгінгі күні облыстағы ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін кәсіпорындар, қожалықтар өндірістерін, құрал-жабдықтары мен техникаларын шама-шарқынша жаңалап, қайта жарақтандыруда. Аймақтағы өңдеуші кәсіпорындардың 30 пайызы шведтік «Делаваль» компаниясының автоматтандырылған озық техникаларымен, өндірістік жабдықтарымен жұмыс істеуде. Еңбек өнімділігін арттырып, өнімнің өзіндік құнын түсіре отырып, сапалы тауар шығару үшін аймақтағы өңдеуші кәсіпорындардың, шаруашылықтардың техникасы толық жаңартылуы қажет.
Алдағы уақытта аймақта сегіз сүт фермасы салынып, 28 ферма қайта жарақтандырылмақ. Оның бәріне аз шығын жұмсап, көп табыс түсіретін заманауи техника, технологиялар керек. Балық, ет өңдеу саласында да жаңа өндірістер іске қосылады. Қойдың еті мен жүнін, терісін өткізу қазіргі күні өңіріміз үшін аса өткір мәселе болып тұр. Голландия елі бизнесмендерінің осы проблемалар мен шаруаларды шешуге орай ұсынатын тәжірибе, технологиялары, жаңашыл, жақсы жоба-жоспарлары болса, өзара ынтымақтастықта жұмыс істеуге мүдделіміз.
Голландиялық кәсіпорын басшылары мен өкілдіктері облыс кәсіпкерлеріне тұқым түрлерімен, техника, жаңа технологиялармен қамтуда, сервистік қызметтер көрсетуде ешқандай кедергі болмайтынын айтып, өздерінің де ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті аса жоғары біздің облыспен тығыз байланыста жұмыс істеуге деген ниеттерін, тілектерін білдірді.
Түсімі мол керемет картобымен аты шыққан бұл шетелдің осы өнімінің тұқымын өсіріп, табысқа жетіп отырған облыстағы екі үлкен шаруашылық – «Екімбаев» пен «Агрофирма Приречное» шаруашылықтары. Гектарынан 200 центнерден астам өнім алуда. Голландияның өзінде бұдан екі есеге дейін көп көрінеді. Екінші нанымыз болып есептелетін картоптың голландиялық тұқымын өсірумен айналысып отырған «Агрофирма Приречное» шаруа қожалығының басшысы Мұхит Тұмабаев кездесуде Голландия экономикалық кеңесінің басшысы Вилко Роггенкампқа біздің облыста голландиялық картоп тұқымын өндірумен шұғылданатын бірлескен кәсіпорын құруды ұсынды. Кеңес басшысы құп алып, жиында сөз болған өзге жағдайларды ойластырумен қатар, оның да мүмкіндіктерін қарастыратынын жеткізді.
Кездесуде облыс кәсіпкерлері қауымдастығы, сала басшылары голландиялық компаниялар басшыларымен қайта өңдеу, егін шаруашылығы салаларын дамытуға орай пікір бөлісіп, тәжірибе алмасты.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button