Гольф шарының құпиясы неде?
Еуропалық ақсүйектердің сүйікті ойыны гольф шарына қатысты қызықты бір деректің шеті шықты. Ғалымдардың айтуынша, шардың жұмыртқадай тегіс емес, бұдырлы болып келуі ауамен үйкеліс кезіндегі тежелуді азайтып, ұшу қашықтығын ұзартуға септігін тигізетін көрінеді.
Себебі, шардың ұшу кезіндегі энергиясын жұтатын ауа иірімі кішкентай ойықтарға жақсы жабысатындықтан оның әуедегі жылдамдығы жылтыр түрімен салыстырып қарағанда әлдеқайда жоғары болады. Мәселен, ойықтары бар шар 275 метр қашықтыққа дейін жетсе, сырты майда шардың ұшу ұзақтығы бар-жоғы 75 метрді құрайды. Сондықтан 1908 жылы шардың сыртын ойықтары бар жабынмен қаптау туралы шешім шығарылған. Содан бері гольфшілер ойын барысында осындай үлгідегі шарларды пайдалануда.
Әдетте бір шардың сыртқы қаптамасындағы ойықтардың саны 250-ден 500-ге дейін болады және тереңдігі 0,25 мм мөлшерінде жасалады. Бір қызығы, «Srixon AD333» деп аталатын жалғыз шарды айтпағанда, олардың барлығында ойықтардың саны тақ болып келеді.
Әзірлеген – Серік Әбілхан