Азық-түлік қауіпсіздігі

ГМО: ҒАЖАЙЫП ПА, ҚАУІП ПЕ?

Жанаргүл МҰҚАТАЙ

Біріккен Ұлттар Ұйымы мен денсаулық сақтау ұйымдары ГМО-ны, яғни генетикалық модификацияланған организмдерді өндіру арқылы әлемде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, аштыққа тосқауыл қоюға болады деп есептейді. Тамақ қауіпсіздігінің стандарттарын анықтайтын халықаралық «Азық-түлік кодексі» талаптары бойынша тамақ құрамындағы  ГМО-ның көрсеткіші 0,9 пайыздан асса, өнім қаптамасының сыртына ақпарат беріліп, тұтынушыға бұл туралы міндетті түрде ескертілуі керек. Ал одан төмен болса, адам гендік инженерияның жемісін жеп отырғанын сезбей қалуы да сөзсіз. Қазақстан нарығында генетикалық модификацияланған азық-түлік өнімдері бар ма, оларды тұтыну қауіпті ме, қауіпсіз бе? 

 ҚҰРТ ЖЕМЕЙТІН ЖЕМІСТЕР 

Бүгінде әлемдік нарықты гендік инженерияның жемісі – гендік модификацияланған организмдер мен өнімдер (ГМО) жайлап келеді. Сыртқы саудаға есігі ашық ел ретінде бұдан біздің Қазақстан да тысқары қалып отырған жоқ. ГМО деген атынан қорыққанымыз болмаса, оның қандай болатынына, пайда, зияны қаншалықты екеніне көпшілік мән бере бермейді. Басқа-басқа, бүгінгі күні базарлар мен дүкендерде сатылып жатқан қымбат-қымбат, жып-жылтыр, түрлі-түрлі қытайлық көкөністер мен жеміс-жидектердің біразы гені модификацияланған өнімдер екенін түсініп жатқандар да аз. Қысы-жазы бұзылмайтын, құрт түспеген (ГМО өнімдерді құрт жемейді), шірімеген, ірімеген, езілмеген, бір-бірінен аумайтын біркелкі бұндай «ғажайып» жеміс-жидектер мен көкөністер барған сайын молайып бара жатыр.

Елена Герасимова, «Майлы дақылдар тәжірибелік шаруашылығы» ЖШС-нің аға ғылыми қызметкері:

– Бүгінгі күні Қазақстанға генетикалық модификацияланған жеміс-жидектер мен көкөністер ресми түрде енгізілмейді. Қазақстанға құрамында ГМО өнімдерінің көрсеткіштері бар азық-түлік өнімдері оларды ресми түрде мемлекеттік тіркеуден өткізген соң ғана енгізіледі. Оның өзінде, тамақ өнімдерінде ГМО көрсеткіштерінің үлесі халықаралық стандарттарға сай 0,9 пайыздан аспауы тиіс. Шетелдерден келетін өнімдер қаптамасында ГМО өнімдері туралы ақпарат беріліп, арнайы маркіленуі керек, алайда көпшілігінде ондай кездеспейді.

БАУ-БАҚША ӨСІРЕТІН ЗАМАН

Еліміздегі  тағамтану академиясының мамандары Қытайдан келіп жатқан кейбір бау-бақша өнімдерінде ГМО өнімдерінің жиі кездесетінін  мойындайды. Дәрумен деп қолыңдағы тиын-тебеніңді жұмсап сатып алған әлгі қымбат  көкөніс, қып-қызыл құлпынай, мұздатқыштың ішінде мөлдіреп жатқан таңқурай  пайдасын емес, зиянын тигізбес үшін оларды абайлап сатып алу керек. Аға ғылыми қызметкер Елена Герасимова, жалпы, ең дұрысы, халыққа тиімдісі өздерінің бау-бақшаларында, саяжайларында өсірілген көкөністерді, жеміс-жидектерді жеп, отандық азық-түлік өнімдерін сатып алғаны дейді. Өзіміз өсіріп, өзіміз өндіріп жатқан өнім болғандықтан ол қауіпсіз. Шетелдерден импортталып жатқан азық-түлік өнімдерінде ГМО-ның бар- жоғын олардың қаптамасындағы арнайы белгіден оқып  білуге болады, ондай өнімдердің сыртында міндетті түрде маркілеу белгісі болуы керек, яғни өндірушілер өнімдерінің  құрамында ГМО 0,9 және одан да жоғары пайыз болатын болса, ол туралы ақпарат жазылып, маркілеу белгісін жазуы тиіс. Тұтынушылар импортталған өнімдерді сатып аларда осы белгіге назар аударғаны жөн.

ГМО өнімдерін тұтынуға, өндіруге қатысты әлем елдерін үш топқа бөлуге болады:

ГМО өнімдерін шығаруға және пайдалануға тыйым салынған елдер: Австрия, Венгрия, Греция, Польша, Болгария; Люксембург және Италия.

ГМО-ны өсіруге, жасауға тыйым салынған, бірақ тамақ, мал азығы және ғылыми-зерттеу жұмыстары үшін пайдалануға рұқсат етілген елдер. Мұндай 30-дан астам ел бар.

ГМО өнімдерін өсіруге, жасауға және пайдалануға рұқсат етілген елдер. Мұндай 28 ел бар, олардың көшін АҚШ, Қытай, Аргентина бастап тұр, бұл елдерде өндіріліп жатқан азық-түліктің 60-75 пайызы – ГМО өнімдері. ГМО өнімдерін өзгелерге экспорттап отырғандар да осы елдер.

ГМО-ның зияны мен пайдасы туралы дау, қарама-қайшы пікірлер әлемде бұрыннан бері келе жатыр. Нақты, ешқандай зиян келтірмейді деген немесе тек пайдасы ғана бар деген қорытынды жоқ. Мамандардың айтуынша, ГМО-ның Қазақстан нарығындағы айналысы халықтың денсаулығы туралы кодекспен және денсаулық сақтау жүйесімен, экологиялық кодекспен, азық-түлік қауіпсіздігі туралы заңмен және тұқым шаруашылығы туралы заңмен реттелетін көрінеді. Қай орган қарап, қандай заңмен реттеп, қалай бақылап отырса да, ГМО-ның зиянын білетін тұрғындардың көпшілігі құрамында ГМО өнімдері бар тағамдарды әлі толық зерттелмегендіктен, жаңа өнімдер болғандықтан елге кіргізбеу қажет деп есептейді. Қазақстанға импортталатын тағам өнімдерінің көпшілігінің құрамында ГМО бар. Интернетті ақтарсақ, дәмдеуіш ретінде кеңінен пайдаланылатын кетчуптар мен майонездердің құрамында, кока-кола сияқты сусындарда, сникерстерде, Еуропаға АҚШ-тан ағылып келіп жатқан сояда, толып жатқан импорттық тағамдар құрамында ГМО бар және оны ел талай жылдан бері тұтынып жатыр. Бұрнағы жылы Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің Ұлттық сараптама орталығы елімізде сатылып жатқан Қытай печеньесінен, корейлік кеспеден ГМО өнімдері көрсеткіштерінің (қаптамасында ГМО өнімдері бар екендігі көрсетілмегендігіне қарамастан) аса жоғары екендігін анықтаған болатын.

АЛЛЕРГИЯ ТУДЫРЫП, ИММУНИТЕТТІ ТӨМЕНДЕТЕДІ

Көптеген дамыған елдер ГМО-ны пайдаланудан бас тартпай, керісінше, онымен байланысты саланың барлығын реттеп, гендік инженерияны үсті-үстіне дамытып жатыр.

Неге? Себебі ғылыми нәтижелердің айдан анық көрсетіп отырғанындай, ГМО-ның кемшіліктерінен артықшылықтары анағұрлым көп деседі. Генетикалық модификацияланған организмдерді енгізу арқылы алынған ауыл шаруашылығы өнімдерінен алынатын түсімнің көптігі, олардың қуаңшылыққа, барлық ауруларға, құрт-құмырсқаларға, суыққа, т.б. төзімділігі өте жоғары екендігі, артық шығынды, тыңайтқыштарды қажет етпейтіндігі әлемнің көптеген елдерін ауыл шаруашылығында ГМО-ны кеңінен пайдалануға мәжбүр етіп отыр.

ГМО-ның зияны: аллергия ауруын туындатады,  иммунитет әлсірейді, зат алмасу қызметі нашарлайды, онкологиялық аурулар пайда болады және белсіздік пен бедеулікке ұшыратуы мүмкін. ГМО тағамдар адамдарды семіздікке ұрындырады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемде 1,9 миллиард тұрғын артық салмақтан арыла алмай келеді. Сондықтан әр елде ГМО қоспасын тағамда пайдаланудың өзіндік деңгейлері белгіленген. Мысалы, Жапонияда – 5 пайыз, кейбір Еуропа елдерінде – 0,9 пайыз, АҚШ-та 10 пайыз ГМО қоспасын пайдалануға рұқсат етілген.

Дүние жүзінде бәрінен көп өсірілетін генетикалық түрлендірілген өсімдіктердің түрі: соя, жүгері, мақта, картоп, қызанақ, асқабақ және күріш. Қазақстанда құрамында ГМО бар өнімдер мен инсулин сияқты дәрі-дәрмектерді пайдалануға, сатуға тыйым салынбаған. ЕАЭО-ның «Таңбалау бөлігіндегі тамақ өнімі» техникалық регламентінің талаптарына сәйкес, егер өнімдегі ГМО-ның мөлшері 0,9 пайыздан асатын болса, онда қаптамаға құрамында ГМО барлығы туралы арнайы ақпарат жазылып, маркіленуі тиіс.

«Ауыл» ХДПП облыстық филиалының ұйымдастыруымен тамақ өнімдеріндегі ГМО және азық-түлік қауіпсіздігі тақырыбында өткен дөңгелек үстелде айтылғандай, 2022 жылы облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті ГМО-ны анықтау мақсатымен облыс аумағындағы азық-түлік өнімдерін 58 рет сараптамадан өткізіп, 644 сынама алып, оң нәтиже көрсеткен сынама таппаған.

– ГМО – гендік инженерия әдісі арқылы генотипі өзгертілген өсімдік, жануар немесе микроорганизм, яғни белгілі бір мақсатта қолдан жасалады. ГМО-ның пайда болуы 1960 жылдары алғаш рекомбинантты бактерия алу кезеңінен басталды. Дәрі құрамына биологиялық молекула қосылып,  фармацевтикалық революция жасалды. Алғаш рет қолдан ақуыз алынды. Мысалы, алғашында қант диабетін емдеу үшін адамға шошқа инсулині қолданылған. Одан түрлі қиындықтар туындағаннан кейін адамның өз инсулині алынған. Ауыл шаруашылығы саласында, мысалы, картоп геніне сарышаян генін қосу нәтижесінде және қызанаққа  солтүстік камбаласының генін қосу нәтижесінде, картоптың колорад қоңызынан зардап шекпейтін түрі, қызанақтың қыста да өсіруге болатындай түрі алынған.

ГМО-ның пайда болу себебін ғалымдар жер шарында адам санының жыл санап көбейіп келе жатқанымен де байланыстырады. Статистикаға көз жүгіртетін болсақ, 1800 жылы жер бетіндегі адамдар саны 1 миллиард, 1929 жылы 2 миллиард болса, соңғы 50 жылдың ішінде 7 миллиардқа дейін өскен. Енді 2050 жылға дейін 9,5-11 миллиард адамға көбейеді деген болжам бар. Әлемде көбейіп келе жатқан ашқұрсақтарды аштықтан қорғаудың амалы да осы гендік модификацияланған организмдерді ойлап табуға келіп тірелген.

 

 

Осы айдарда

Back to top button