Гүлжан еліміздің «Үздік педагогі» атанды
Семейдегі М.Әуезов атындағы педагогикалық колледждің мұғалімі Гүлжан Дулатова жақында Алматы қаласында өткен мұғалімдер балына қатысып қайтқан-ды.
Оның еңбегі расында да ерекше. Гүлжан республика бойынша «Үздік педагог» атағын жеңіп алып, химия-биология, экология саласынан озық деп танылды.
– Шыны керек, экология сабағы табиғатпен танысу ретінде балабақшадан басталады да, бастауыш сыныпта табиғаттану пәні шеңберінде жүргізіледі. Бірақ, балаларға 12-13 жастан бастап, бұл пән жүргізілмей қалады. Сөйтіп, бала қолына рогатка алып, құстарды атып, қоршаған ортаға зиянын тигізе бастайды. Жайқалып өскен ағаштың жапыраған жұлып ап, бұтағын сындыра салу оған түк емес. Сондықтан да табиғаттану пәні жоғары сыныптарға дейін жүргізілгені дұрыс деп есептеймін, – дейді жаңаша ойлайтын жоғары санатты мұғалім Гүлжан Егізханқызы.
Әріптестері оның еңбекқорлығы мен ізденімпаздығын жоғары бағалайды. Сырбаз да сұлу табиғаттан нәр алып өскен және оны ерекше бағалай білетін жанашыр жан сондай керімсал сұлулықты әр оқушысының бойынан да көргісі келеді. Отбасында да, жүрген ортасында да қажырлы ісімен еленіп жүрген Гүлжанның колледж үшін жасаған еңбегі ерен.
Облыстың үздік ұстазы атанып, республикада Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұловтың қолынан «Үздік ұстаз» төсбелгісін алған Гүлжанның алар асуы әлі алда деп сенеміз.