Глубокое ауданында үш мектеп салынады
Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен кезекті брифинг барысында Глубокое ауданының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы айтылды.
Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездескен аудан әкімі Эльдар Тұмашинов өңірде ағымдағы жылдың басынан бері атқарылған және алдағы уақытқа жоспарланған жұмыстарға тоқталып, сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды Didar ақпарат.
Аудан басшысы соңғы жылдары көшіп келушілер есебінен халқының саны айтарлықтай өсіп келе жатқан Глубокоеның ірі үш елді мекенінде жаңа мектептер салынатынын мәлім етті.
Ауыл-аймақтан көш түзеген жұртшылықтың қай кезде де қаланың өзіне болмаса да, іргелес орналасқан ауылдарына қоныс тебетіні белгілі. Бұл, бірінші кезекте, ауылдықтардың қала өміріне бейімделуін жеделдетсе, екіншіден, экономикалық жағынан тиімді. Өйткені көшіп келушілердің көпшілігінде қала ортасынан пәтер сатып алатын қомақты қаражаты болмайтыны анық.
Бүгінде осындай ауыл жұртшылығын қызықтырған әлеуеті жоғары аудандардың бірі – Глубокое ауданы екені рас. Әсіресе қоныс аударушылар ауданның Белоусовка, Опытное поле және Прапорщиково сынды елді мекендеріне келіп қоныс тебеді. Осы себепті, кейінгі жылдары аталмыш ауылдарда бала саны да көбейіп, орта білім ордаларына деген қажеттілік артты. Мұны ескерген өңір басшылығы ел аумағында жүзеге асырылатын «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша жоспарланған он мектептің үшеуін аталған елді мекендерде салуды ұйғарған. Яғни алдағы екі жыл төңірегінде Глубокое ауданында 900 оқушы орнын қамтитын үш орта білім ордасының ғимараты бой көтермек. Атап айтсақ, Белоусовка кенті мен Опытное поле және Прапорщиково ауылдарында 300 орындық бір мектептен салынатын болады.
Бүгінде аталмыш білім ордаларының салынатын учаскелері анықталып та қойған.
– Биыл Белоусовка кенті мен Опытное поле ауылындағы екі мектептің жобалау және құрылыс жұмыстары басталып, келер жылы пайдалануға беріледі. Ал Прапорщиково ауылындағы білім ордасының құрылысы келер жылы басталып, 2025 жылы пайдалануға берілмек. Жалпы, бүгінде ауданда мектептердің жетіспеушілігі айқын сезілуде. Бұған халық санының артуы да себеп, – дейді аудан басшысы.
Оның айтуынша, бұл ұлттық жобаны жүзеге асыру арқылы қала мен ауыл арасындағы білім сапасының алшақтығын жою көзделген. Жайлы мектептердің тағы бір ерекшелігі – бастауыш және жоғары сынып оқушыларының бөлек ғимараттарда оқуы. Олардың әрқайсысында психолог және логопед, роботты техника, биотехнология кабинеттері, STEM зертханалары, хореография залы мен коворкингтер болады.
Сондай-ақ алдағы уақытта Глубокое ауданында «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында төрт ауылдың жолы жөнделіп, көшелеріне жарық орнатылатыны белгілі болды.
– Предгорное, Винное, Черемшанка және Секисовка ауылының жолдарына орташа жөндеу жүргізіліп, көше жарығы орнатылады. Бұл мақсатқа 680 миллион теңге бөлу қарастырылған. 19 шақырымнан астам кентішілік жолдар жөнделіп, 600-дей көшеге жарықтандыру тіректері орнатылады, – деді Глубокое ауданының әкімі.
Әкімнің айтуынша, бүгінде бас-аяғы он екі шақырымға созылған аудандық маңызы бар Предгорное – Верх-Уба көлік жолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Сондай-ақ тағы 14 ауылдың (226 Разъезд, Верхнеберезовка, Черногорка, Планидовка, Прапорщиково, Глубокое, Белоусовка, Кожохово, Бобровка, Быструха, Уварово, Перевальное, Опытное поле, Черемшанка) көшелері жөнделіп жатыр.
Брифингте Ушанов ауылындағы шошқа фермасының жайы да сөз болды. Э.Тұмашиновтың айтуынша, бүгінде бұл мәселені жабық деуге болады.
– Негізі, аталмыш шошқа фермасы біздің ауданның аумағында орналаспаған, ол тұрған жер қалаға қарайды. Дегенмен, ферманың зардабын тартқан халық – біздің жерлестер, глубокоелықтар болған соң, біз бұл мәселеге бейжай қарай алмадық. Халықтың арыз-шағымына құлақ асып, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары мен прокуратура өкілдерін шақырттық. Нәтижесінде, фермада өсірілетін шошқа саны тоғыз мынңнан алты жүз басқа дейін кеміді, – деді аудан әкімі.
Нұржан Кенжеұлы