Мәдениет

Глубокоеда Ұлы даланың сазы естілді

Глубокоеда Ұлы даланың сазы естілді

Глубокоеда Ұлы даланың сазы естілді


Қазақстан халықтарының Тілдері күні Глубокое кентінде дәстүрлі ІІ «Ұлы дала сазы» атты түркі халықтарының аймақтық өнер фестивалі өтті.
Өңірлік деңгейдегі өнер фестиваліне Өскемен қаласының, Күршім, Тарбағатай, Ұлан, Шемонайха аудандарының өнерпаздары қатысып, тілі ұқсас, діні ортақ елдердің қайталанбас әндері мен күйлерін, сондай-ақ, билерін жұртшылыққа паш етті.

Нағыз өнер мерекесіне айналған фестивальдың өтуіне мұрындық болған аудан әкімі Қалиқан Байғонысов өзара мәдени қарым-қатынас пен байланысты нығайту жолында қолға алынған істердің баянды болуына, сондай-ақ, қатысушылар мен жиналған көпшілікті айшықты шарадан рухани серпіліс алып қайтуларына тілектестігін білдірді.

Түркі халықтарының өнерін дәріптеп, жұртшылыққа мазмұнды кеш сыйлаған әнші-күйшілер өз өнерлері арқылы көптің көңілін көтерді. Қобыздың қоңыр үні, сырнайдың сызылған үні, әншілердің әуелете салған әндері кештің ажарын ашып, түрлендіре түсті. Өнерді қадірлеп, қастерлеуді әрі оны кейінгі ұрпаққа саф алтындай таза күйінде аманат етуді мақсат еткен фестивальда өнерпаздар «Вокал», «Хореография», «Аспаптық әуен» аталымдары бойынша бақтарын сынады.

Сонымен өнер додасының қорытындысы бойынша Әсет Найманбаев атындағы республикалық дәстүрлі ән орындаушылар байқауының екі дүркін жүлдегері, халықаралық «Шабыт» фестивалі, республикалық Д.Рақышев атындағы байқаудың дипломанты тарбағатайлық Төлеген Шәкәрімов «Аспаптық әуен» аталымында бас жүлдені жеңіп алды. Бірінші және екінші орындарды сәйкесінше ғұндар дәуіріндегі күй аңызын ұлттық музыкалық аспаптармен тамаша жеткізе білген тарбағатайлық «Бабалар сазы» этно тобы мен аталған топтың әншісі Қанат Абуғазин қанжығаларына байлады. Ал осы аталымның үшінші орынын глубокоелық Ельдар Қызырбеков иеленді.

Бишілер сайысында қозғалысы мен дене қимылы арқылы көркем образды бейнелеп, өзбек биін нақышына келтіріп орындаған күршімдік Инабат Бақытқанова бас жүлдені алып қайтса, Глубокое ауданының «Сонет» тобы бірінші жүлдеге қол жеткізді. Ал екінші және үшінші орындар сәйкесінше шемонайхалық «Freezr light» пен өскемендік «Карабах» би топтарына бұйырды.

«Вокал» аталымында республикалық әскери қызметкерлер арасында өткен байқаудың лауреаты, «Оралханның көктемі» атты халықаралық ән фестивалінің дипломанты ұландық Бақыт Қыдырханова үшінші орынды еншіледі. Глубокоелық қос әнші, Юлия Юрочкина мен Әлинұр Сұлтанғазин бірінші және екінші орындарды иеленді.

Халықаралық, республикалық, облыстық және қалалық вокалдық байқаулардың лауреаты атанып жүрген шемонайхалық өнерпаз Андрей Медведев болса аталымның Гран-приін жеңіп алды.

Қазылар алқасының төрағасы, облыстық «Ертіс концерт» мекемесінің музыкалық продюсері Нұрсағила Шамшиева өнер фестивалінің өткізілуі туралы ойын ортаға салып, ұйымдастырушылар мен қатысушыларға алғысын айтты.

«Домбыраның қоңыр үніне елітіп, өнерпаздар орындаған əндерді қосыла шырқаған көрермендер Глубокое кентін ән қанатында тербеп тұрғандай әсер қалдырды», – деді ол.

Гүлнәр Мусина,
Глубокое ауданы

Осы айдарда

Back to top button