Гір көтеруден де осал емес
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметкерлері спорттан да құралақан емес. Бұл сөзімізге жақында ғана мәресіне жеткен кезекті бір дүбірлі дода дәлел бола алады.
Нақтырақ айтсақ, осыдан бірер күн бұрын ел Қарулы күштерінің ХХ спартакиадасы аясында гір тасын көтеруден өңірлік жарыс ұйымдастырылған болатын. Аталмыш бәсеке республикалық доданың іріктеу сыны деуге де болады. Жарыс ережесі әдеттегідей болды, қатысушылар гір тасын серпе және жұлқып көтеруден өзара мықтыны анықтады.
Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметінен хабарлағандай, жарыстың бірінші кезеңінде әскери қызметшілер бір мезетте 24 келілік екі гір тасын көтеріп сынға түскен екен. Ал келесі кезеңде бір тасты екі қолға алма-кезек ауыстыра көтеріп жарысты. Жарыс регламентіне сәйкес, әрбір спортшыға барлығы он минут уақыт беріліпті.
– Бұл жолғы жарыс та жоғары деңгейде, әрі тартысқа толы өтті деуге толық негіз бар. Қарсыластарымыздың бәрі шетінен мықты, осалы жоқ. Өзіміз туралы айтар болсақ, жарысқа Аягөз гарнизонының атынан келіп отырмыз. Өзіммен бірге қол астымда жаттығатын шәкірттерімді де ала келдім. Көрсеткен өнерлері, жеткен жетістіктері жаман емес сияқты. Жалпы, бұл жолы біздің әскери бөлімнің намысын қорғаған жігіттер жоғары нәтиже көрсеткенін ерекше атап өткен орынды. Аягөзге олжалы, қоржынымызды жүлдеге толтырып қайтайық деп отырмыз. Бұл ретте, әскери қызметшілерді спортқа баулуға, жалпы Қарулы күштерде салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған дәл осындай іс-шаралар жиірек ұйымдастырылып тұрса деген тілек бар. Бүгінгідей жарыстарға қатысқан шәкірттеріміз шеберліктерін шыңдап, тәжірибе жинақтап қайтатыны сөзсіз. Сол себепті мұндай додалардың ешқайсысынан шет қалмауға тырысамыз, – дейді Аягөз қаласындағы №10810 әскери бөлімінің взвод командирі, үшінші сыныпты сержант Сұңқар Қуанышев.
Сәрсен Қабылым